МУЗЕЙ – ӨРКЕНИЕТТІҢ ҚҰНДЫ ӨРНЕГІ

301 көрілім

Халықаралық музейлер кеңесінің бас конференциясында 1977-жылы бекітілген бұл мереке қырық жетінші рет аталып отыр. Музей – әрбір елдің мемлекет құрудағы, ұлттық идеологиясын, мәдениеті мен танымын қалыптастыру жолындағы өткеннен сыр шертетін рухани қазына. Бүкіл әлем ынтыға көз тігіп отырған киелі қаламызда тұнып тұрған тарихтан құпия сыр шертетін музейлер төл мерекелеріне орай бұқаралық-көпшілік шараларын, «Ашық есік» күндерін өткізуде.

Облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Өңірдің құнды тарихи музей жәдігерлері» атты музейлер шеруі ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи жәдігерлердің қоғамдағы орнының маңыздылығын тағы бір дәлелдеп өтті. Сондықтан да, халықаралық музей күні қарсаңында түлеп-түрленген Түркістанның айшықты көрінісі, Атырау облысының жаңа ашылған облысқа «байғазысы», іргетасы қаланған үш жыл ішінде «Ұлы Дала Елі» ұлттық брендін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан, ұлы даланың ұлы дәстүрлерін насихаттайтын республикалық байқауларда бас жүлдені қанжығасына байлаған, ізденімпаз қызметкерлері мұхиттың арғы жағында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, жүлделі оралып жүрген «Ұлы Дала Елі» орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Құрметті азаматы Гүлжанат Ибраһимқызы Дюсенбаеваның мақаласын оқырман қауымға ұсына отырып, барша музей қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймыз. Еңбектеріңіз жемісті болсын, тарихи өлкенің жәдігерін көзінің қарашығындай сақтаушы қасиетті мамандық иелері!

Еліміздің рухани орталығы – Қазірет қонған қасиетті Түркістан жеріне, Тұран жұртының астанасында бой көтерген «Ұлы Дала Елі» орталығы Атырау облысының сыйлығы саналады. Орталық 2019 жылы құрылысы басталып 2020 жылы қазан айында түгел бітіп Түркістан облысының мәдениет басқармасына табыс етілді. 2021 жылы наурыз айынан бастап орталық қонақтарды қабылдай бастады. Орталықтың экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала арқау болып, «Түркі әлемінің генезисі» туристтер мен отандастарымызға насихатталып кеңінен таратылады.

Орталық экспозициясы Күлтегін ескерткішінен басталады. Түркістан қаласы түркі халықының астанасы болғандықтан Күлтегін ескерткіші арнайы қойылған. Ескерткіш 1889 жылы Моңғолиядағы Комнин-Орхон өзені бойындағы Кошо-Цайдам ойпатынан табылды. Күлтегін Орталық Азиядағы үстемдікті қамтамасыз еткен, батыр жауынгер, әскери қолбасшы ретінде танылған. Қалқанның бір жақ бетінде қаған таңбасы бейнеленген, екінші жағында қытай жазбалары мен ескерткіштің орнатылған күні – 1 тамыз 732 жыл деп жазылған. Ескерткіштің алғашқы көшірмесі 2001 жылы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына, тағы бір нұсқасы Ұлттық музейде, үшінші нұсқасы арнайы осы орталыққа қойылып отыр.

Ескерткіштен өтіп қонақтарымыз Бәйтерекпен танысады. Бәйтерек – ежелгі нанымдар бойынша «Өмір ағашы». Ата-бабаларымыз бұл ағашты киелі ағаш немесе әулие ағаш деп санаған. Оны кесуге немесе қандай да бір зиян келтіруге тыйым салған. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде көрсетіледі. Бұл ағаштың тамыры жер асты әлемінде, ағаштың өзі яғни діңі жерді, ал тәжі көкте. Ағаштың 9 тамыры 9 экспозициялық аймаққа әкеледі, жоғарыдан қараған кезде тамырлар күн сәулелеріне ұқсайды. Ағаш құрылымы қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектеріне негізделген.

Орталықтың келесі аймақтары қазақ халқының қара шаңырағы – киіз үй бейнесінде жасалған «Ұлы дала металлургиясы» деп аталады. Қола дәуірден орта ғасырға дейінгі металл өңдеу өндірісінің жасалу кезеңі көрсетіледі. Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Экспозиция залыныда орналасқан экранда ежелден осы күнге дейінгі Қазақстанда металды өңдеу, игеру, даму кезеңдері және жетістіктері баяндалады. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Қарағанды облысы, Алап қонысынан б.з.д XIII ғасырға жататын темір балқытуға арналған пеш табылды. Осы орталыққа арнап сол пештің реконструкциясы жасалды. Негізінде қола дәуірі адамзат қоғамындағы тарихи – мәдени кезең. Металлургияның кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасаудың кең етек алған кезеңі. Залда мыс қазан – IV-VI ғасырларда тұрмыста қолданылған бұйымдар, ұста құралдары бар. Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың 34 түрі ұсынылып отыр. Металдан өндірілген бұйымдардың алғашқылары археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, біздің эрамызға дейінге І ғасырдың жебе ұштары, біздің заманымыздың І ғасырына жататын қанжар, ақинақ және ХІІ ХІІІ ғасырдың жебе ұштары мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар өңіржиек, шолпы, сырға, жүзік, белдік қойылған.

Археолог – ғалымдар 6000 жыл бұрын жылқының қазіргі Қазақстан жерінде тұңғыш рет қолға үйретілгенін дәлелдеді. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихын көрсететін келесі зал. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.Қонақтар залда орталықтағы аса құнды жәдігері тұңғыш рет қалпына келтірілген жылқының қаңқасымен таныса алады. Ботай жылқысының сүйек қаңқасының реконструкциясының авторы археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт. Ботай жылқысы – сонымен қатар XX ғасырдың аяғында бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған археологиялық сенсация. Келесі жәдігерлер – сақ, ғұн, түркі және қазақ ер-тұрмандары. Бабаларымыз алғаш рет ат үстінде жүруге ыңғайлы болу үшін ойлап тапқан шалбар мен жұмсақ өкшелі саптама етіктің алғашқы түрлері де ұсынылған. Ал диорамада жабы жылқыға жегілген ат арбалар мен күймелердің бірнеше түрі ұсынылып отыр. Сонымен залда сақ, ғұн, түркі дәуірге тиесілі ат әбзелдерінің жиынтығы көрсетілген. Қолданыстағы ер-тоқымдардың өмілдірік, құйысқан, тартпа, қанжыға сынды бөліктері сонау сақ заманында-ақ пайдаланылған. Алайда сақтар ер тоқымның қаңқасын теріден жасаса, ер тоқымды қазіргідей ағаштан жасауды алғаш рет ғұндар бастаған. Ат жабуы, торсық, қалқан қылышымен, құрық, шоқпар. Сонымен қатар алтын, күміс металдармен өңделген және сүйекпен әшекейленген күміс, тобылғы сапты қамшылардың түрлері қойылған.

Орталықта 1969-2020 жылдар Қазақстан Республика территориясында аралығында табылған 9 «Алтын адам» және «Аң стильіне» арналған «Ұлы Дала Жаухарлары» залы арнайы жасақталған. Залда Есік қорғаны «Алтын адам», «Сармат көсемі», «Алтын ханшайым», «Ұлы Дала Жаухары», «Елеке сазы» экспонаттары қойылған. Залда аң стилде орындалған әшекейлер ілінген. Әшекейлерде жүйрік және жыртқыш аңдар, олардың арпалысы бейнеленген.

«Түркі әлемі» залы сақ дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі кезеңнің соғыс өнерін көрсететін экспозиция жасақталған. Орталықта Қазақстан территорияында аналогы жоқ зал салынған, зал ортасында сфераның ішінде түркілердің тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» орыналасқан. Проекциялық шоудың аумағы – 2000 ш.м. құрайтын көпфункционалды экран. Арнайы дайындалған контент сферамен үйлесіп, сценарий желісі бойынша қозғалыста болады. Дәуіріміздің І мыңжылдықтың орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы Дала төсінде жаңа кезең басталды. Түркілер ұлан-ғайыр кеңістікте көшпелі және отырықшы өркениеттің өрнегін қалыптастырды. Келушілерге түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетіледі.

Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа. Байырғы заманда жердің түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бір-бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында бұл зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы, асыл тастар, алтын, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер, мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен ақшаға сауда-саттық басталып, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар — базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылды. Жолдар бір-бірімен ұласып, Шығыс пен Батысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке қарай жалғасып, көптеген жаңа аймақтарды қосты. Осылай б.з.б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды. «Ұлы Жібек жолы» ежелгі атау емес, ол 1877 жылы пайда болған. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты – Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды. Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір-бірімен сауда-саттықпен айналысуына, ғылым салаларының дамуына, діни және мәдени салт-дәстүрлерінің қалыптасуына ықпал етті.Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь-Шань тау сілемдерімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары аркылы Қытайға ұласкан, Жолдың ендігі бір бөлігі Яқсарт, Сейхун деп аталған Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай ары қарай Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатты.Тоғыз жолдың торабын тоғыстырған Жібек жолының Қазақстандағы бағыты – еліміз үшін географиялық тұрғыдан ұтымды орналастырылған Талхиз (Талғар), Тараз, Яссы, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты ежелгі қалаларымыздың қайнаған өмірі көрсетілген.

Ұлы Дала тарихын толыққанды ашу мақсатында мемлекеттігіміздің негізі болған Қазақ хандығына да экспозиция арналған. Экспозицияда қазақ халқының қалыптасып, ұлт болып бірігуіне үлес қосқан хандарымыздың тарихы баяндалды. Еліміздің кәсіби актерлары хан образдарына еніп қазақ хандарының қанатты сөздерін жеткізеді.

Орталықта «Ұлы Даланың ұлы есімдерін» насихаттау мақсатында ұлы даланың рухани көсемдеріне арналған экспозицияда тек қазақ халқы үшін емес, күллі түркі жұрты үшін еңбегі сіңген тұлғалар бейнеленген. Атап айтқанда Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Қоркыт ата, Жүсіп Баласағұн, Мұхамед Хайдар Дулати, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаев.

Еліміздің өткені мен болашағын жалғаған «Уақыт пен кеңістік» залы. Экспозицияда шыныдан жасалаынған көпір орналасқан бұл халқымыздың саф таза көңілі мен риясыз пейілін білдіреді. Көпірдің еліміздің өткені мен келешегін біріктіріп тұрған Қазақстандықтар үшін тұрақтылық пен сенімділік кепілінің символы ретінде ораласқан.

Орталыққа келген келушілер Ұлы даланың өткені мен бүгінін ғана танып қоймай, болашағына да көз жүгірту үшін «Болашақ Қазақстан» залы жасақталды.Келесі экранда Болашақ Қазақстан: ақылды қала, жасыл экономика, болашақ энергиясы, жасанды интеллект, қолжетімді медицина, инженерлік генетика, пилотсыз автокөліктер тақырыбы баяндалады.

Орталықтың ең соңғы нүктесі ұлттық бренд қызғалдақ пен алмаға арналады. Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Алма атаулының арғы атасы – Сиверс сорты Қазақстаннан бүкіл әлемге «Жібек жолы» арқылы таралған.

Қазақстанда жабайы қызғалдақтың 35 түрі өседі, оның 18 Қызыл кітапқа енген, 12 сортын шет елге экспорттайды.Осы дақылдарды орталыққа келушілерге кеңінен таныстыру үшін жеке экспозиция арнадық. Осы ретте, қызғалдақ инсталляциясы үшін голландиялық селекционері Ян Лайтхардтың Қазақстан үшін өндірген сортының үлгісі қойылды.

Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар Әлем таныған табысты мемлекетпіз. «Ұлы Дала Елі» орталығының тарихқа бай жәдігерлері – өте сирек кездесетін құндылыққа ие. Сондықтан да, алтын қазынаны алыстан іздемей, тарих тереңінен сыр  шертер шежірелерімізді бағалай білейік. «Музейлер күні» құтты болсын, әріптестер!

Гүлжанат Дюсенбаева,

«Ұлы Дала Елі» орталығы директоры, мәдениет саласының үздігі, ҚР құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы