ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТУРИСТІК АСТАНАСЫ КӨРКЕЙЕ ТҮСУДЕ

385 көрілім

Негізі, ой жіберіп қарасақ, түркі әлемінің туристік астанасы болудың міндет-жүгі ауыр да күрделі. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» – деген халық нақылына сүйенер болсақ, киелі шаһардың жер жарған даңқына қызығып алыстан ат арылтып келген меймандарды, дамыған шет елдерден келген туристерді лайықты қарсы алуға дайынбыз ба? Осы облыс орталығына айналған бес жылдан аса уақыт ішінде Түркістанда қандай табыстарға қол жеткізілді? Осындай сауалдарға жауап алу мақсатында Түркістан қалалық әкімшілігі мен туризм және меймандостық университеті бірлесе отырып, «Түркістан – көне мен келешек көпірі» деген тақырыпта республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі баспасөз ақпарат құралдарының қатысуымен журналистердің жорығын ұйымдастырды. Қаладағы «Тұран Молл» сауда орталығының жанына жиналған БАҚ өкілдеріне Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков сәт сапар тіледі. Алғашқы ат басын тіреген нысанымыз – бес қабатты 20 тұрғын-үй салынып жатқан «Отырар» мөлтек ауданы.

«ОТЫРАРҒА» ЖЕТКЕН СЫЙ

Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атанған Түркістанның тыныс-тіршілігімен танысқан республикамыздың өзге өңірлерінен келген БАҚ өкілдері қаланың құрылыс алаңдарын да аралады. Қала қонақтары алдымен «Отырар» мөлтек ауданындағы 5 қабатты 20 үйдің құрылыс алаңында болды. 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үй (56,4 мың ш.м.) құрылысы облигация есебінен несиелік тұрғын үй басталды. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрін 220 мың теңгеден несиеге ұсыну жоспарланған.

2020 жылы Түркістанда 181,8 мың шаршы метр болатын 496 пәтер пайдалануға берілген болса, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артып, 2023 жылы нақты 417,4 мың шаршы метрлік 3 933 пәтер ел игілігіне ұсынылды. Оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлер 9 есеге көбейіп, 3 жылда 199 тұрғын үй, 10 767 пәтер пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында тұрғын үй кезегіне 17 мыңға жуық азамат мұқтаж ретінде тіркелген. 2023 жылдың қорытындысымен кезекте тұрған азаматтарға 684 пәтер беріліп, жалпы үш жылда кезекте тұрған азаматтарға 1518 пәтер кілті табысталды.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖИҺАЗДАР ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРЫЛУДА

Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласы. Түркістан қаласында 2023 жылы 25,8 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 15,8 млрд.тг құрайтын. Өнім өндіру 61 пайызға артқан.

БАҚ өкілдері облыс орталығындағы «Asia Brend» жиһаз өндіретін фабрикаға ат басын бұрып, мұндағы тиянақты тірліктерге қанықты. Кәсіпорын 1,5 гектарға орналасқан, 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жылына 22 мың жиһаз жасап шығаратын кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 1 млрд. теңгеден асқан.

Отандық өнім Түркістанда ғана емес, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында сатылымда бар. Сонымен қатар Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда.

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Қала қонақтары облыс орталығындағы мәдениет сарайының құрылыс алаңында болды. Аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орынға шақталған мәдениет сарайының құрылысы 2023 жылы басталды. Айта кетейік, нысанда өнерпаздарға арнап, ашық алаңнан сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу жоспарланған. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары келер жыл ішінде аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жалпы облыс орталығында 61 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде: 8 әлеуметтік нысан, 3 саябақ, 5 қабатты 20 тұрғын үй құрылысы мен 30 нысанда инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Бұдан бөлек облыс орталығында 5 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. М.Тұрсынов көшесінде орналасқан стадион жаңғыртылып, сондай-ақ «Парасат» саябағын жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Шаһарда Белсенді демалыс саябағы мен айналма жол бойында демалыс аймағы жасақталуда.

ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Қаладағы жақсы жаңалықтардың бірі – Жастар орталығына арнайы ғимараттың іргетасы қаланды. БАҚ өкілдері ғимарат құрылысының барысымен танысты. Жастар орталығында арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелермен, шағын спортзал және көпфункционалды залдармен қамтамасыз етіледі. Түркістан қаласында 14-35 жас аралығында 71486 жас бар. Түркістан қаласында жоғарғы оқу орындар – 2, студенттер – 12265. Орта арнаулы оқу орындар – 8, студенттер – 7441. Түркістан қаласы бойынша жалпы орта мектептерде білім алушы оқушылар саны (7-11 сынып)-18 844.

«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» СЫЙЛАУДА

Түркістанда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында 2022 жылы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, жұмысын бастаған. Сол жылы 774 адамға қызмет көрсетсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2983 адамға жетті. Тұрғындардың сұранысы бойынша биыл «Белсенді ұзақ өмір» секторының Бекзат мөлтек ауданында №1 филиалы ашылды.

Қала қонақтары әлеуметтік нысанда болып, зейнеткерлер үшін жасалған жағдаймен танысты. Ғимаратта денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлме жасақталған. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Жан мен тәнді емдеп, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Бір айда 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Жалпы, Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткер бар болса, оның 8 мыңға жуығы «Бекзат» мөлтек ауданында тұрады.

КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖЕЛІСІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Облыс орталығы атанғанына бес жылдан асқан Түркістанда орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүзеге асуда. 2020 жылдың қорытындысымен қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 32,2 пайыз болса (13 601 абонент), 2024 жылдың бірінші тоқсанымен 4 нысаның құрылысы аяқталып, абонент саны 20274-ке жетіп, 48,9 пайызды құрады. Бұл – халқы күн санап өсіп, құрылысы қарқын алған шаһар үшін жақсы көрсеткіш.

Бүгін БАҚ өкілдері «Бекзат» мөлтек ауданында 118 көшені қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысымен де танысты.

Түркістан қаласында сарқынды су желісі – 127,25 шақырым, оның ішінде – магистральдық – 39 шқ, көшедегі желілер – 40 шқ, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48,2 шқ-ды құрайды. Қалада 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты /КОС/ жұмыс істейді.

2-ші нысан «Иассы» шағын ауданының «Ыждыхат» тұрғын үй алабы орамішілік кәріз желілерін салу жүзеге асырылуда. Тұран тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының 2-кезегі 2023 жылдың соңына пайдалануға тапсырылса, 12 нысанның құрылысы ағымдағы жылы іске асырылуда.

Сонымен қатар қосымша 3 нысан құрылысына республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Олар Баянауыл шағын ауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы, №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы», Иассы шағын ауданы, Бірлік тұрғын үй массивінің кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізіледі. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағын кәріз жүйесімен қамту 80 пайызға жетеді.

ШЫРАЙЛЫ ШАҺАРДЫҢ ШЫРАЙЫН ШЕБЕРЛЕР ШЫҒАРАДЫ

Журналистер мен қонақтар этно-ауылдағы шеберлер көрмесін тамашалады. Түркістан қаласында қолөнер бұйымдарын жасау – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан үрдіс.

Қалада «Turkistan Qol oner» одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Құрамында 115 мүше тіркелген. Сонымен қатар, «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» жұмыс істейді. Мектепте 475 оқушы өз өнерін шыңдап, ата дәстүрді игеруде. Түркістан қаласында қолөнершілерді қолдау мақсатында тұрақты түрде қолөнершілер көрмелері, сайыстар, іс-шаралар ұйымдастырылады. Қала қолөнершілері халықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысуда. 2023 жылдың 6-10 ақпан күндері аралығында қолөнер саласындағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті қолөнершілердің тәжірибелерімен алмасу мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бірлестік мүшелерінен құралған делегация Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласы мен Ферғана облысына қызметтік іссапарға барды. Іс сапар барысында өзбек ұлтының қолөнерімен танысты.

2023 жылдың 4-13 мамыр күндері Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында Халықаралық ТЮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Шуша 2023» ресми ашылу салтанаты және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестиваліне қала қолөнершілері қатысты. Аталмыш іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де қатысты. Ауқымды іс-шарада көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкесі ұсынылып, нәтижесінде қазақстандық делегация жоғары баға алып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленіп келді.

2024 жыл – Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы. Осыған орай, 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Түркістан облысының туризм саласы өкілдері және Қолөнер одағының төрайымы мен шеберлер де арнайы қатысты. Халықаралық көрмеге Қолөнер одағының шеберлері мен шәкірттерінің қолөнер туындылары қойылды.

ТУРИЗМ УНИВЕРСИТЕТІНЕ 5 ЖЫЛ: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Шара барысында БАҚ өкілдері биыл 5 жылдығын атап өткелі отырған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Халықаралық туризм және меймандостық университеті – туризм саласындағы еліміздегі алғашқы бейінді мемлекеттік университет болып табылады. Биыл құрылғанына 5 жыл толып отырған университет алғашқы түлектерін ұшырмақ. Университет 2021 жылдың желтоқсанында ҚР жоғары оқу орындарының арасында бірінші дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) бекітілген мүшесі болды.

2023 жылдың қазан айының басында Университет Түркияның жоғары білім Кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілді. Университет – қызмет көрсету саласы үшін кадрлар даярлайтын, өзінің білім беру бағдарламаларына дуальды оқыту элементтерін енгізген Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны. Халықаралық және ішкі туризм, экскурсиялық қызмет көрсету мен жеке турларды ұйымдастыру, туристік дестинациялар менеджменті, ұйымдастырылған туризмді басқару және экскурсиялық-анимациялық қызмет, спорттық туризм, спорттық сауықтыру фитнесі мамандық ретінде алғаш рет осы университетте оқытыла бастады.

Бүгінде университет Түркия, Франция, Польша, Словакия, Таиланд, Малайзия оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге ие. Яғни, білім алушы жоғарыда аталған мемлекеттерде арнайы тағылымдамадан өтіп, өндірістік тәжірибе жинай алады. Университет ерекшелігі – дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни студент оқып жүріп, білім ордасы келісім шартқа отырған нысандарда ақылы түрде жұмыс істей алады.

Қазіргі таңда 2554 студент білім алып жатқан оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Бүгінде білімгерлердің 2338-ы грантта оқыса, 216 студент ақылы негізде білім алады. Биыл университет алғашқы 463 түлекке диплом табыстайды.

Журналистер жорығына қатысқан баспасөз өкілдері мен қала қонақтары бес жылда жасалған ғасырлық жұмыстарға таңдай қағысып, өздерін толғандырған сұрақтарына тұщымды жауаптар алды. Бес жылда осындай жетістікке жеткен киелі шаһардың тұрғындарының алар асулары алда.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы