4-5 мамыр аралығында Түркістан музыкалық драма театры әлемдік классика саналатын Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» спектаклін сахналады. Ал танымал қойылымды осы уақытқа дейін үш рет сахналап үлгерген Дина Жұмабай есімді режиссер қойды. Әр қойылымы бір бірін қайталамайтын, өзіндік ерекше стилімен ерекшеленген режиссер бұл жолы да түркістандықтарға тың дүние ұсынды. Алайда, Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында готика стилінде көрсетілген спектакль Дина Жұмабайдың осы жолғы идеясын ақтай алды ма? Толық тарқатып көрелік.
Ромео мен Джульеттаның құны: 54 млн 176 мың
4-5 ғасыр бойы әлем елдерiнiң сахналарынан түспей келе жатқан «Ромео мен Джульеттаны» қою театр үшін үлкен мәртебе. Махаббаттың әнұраны іспеттес қос ғашықтың нәзік сезім жолындағы ынтызарлығын жеткізе отырып, оны көрерменге ұсыну үлкен жауапкершілікті талап етеді. 3 жыл бұрын эксперименталды театр болып ашылған Түркістан музыкалық драма театр таңдауы да осы қойылымға түсіпті. Осыған дейін БАҚ беттерінде көп қаржы жұмсау бойынша сыннан түспейтін театр, бұл жолы да әлемдік классиканы сахналауға қаржыны аямапты. Мысалы мемлекеттік сатып алу порталында «Ромео мен Джульетта» қойылымын қою үшін қомақты төрт тапсырыс жариялаған. Олардың барлығы тікелей бір көзден сатып алу статусында жүзеге асқан. Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульеттасын» сахналауға Түркістан музыкалық драма театры – 54 млн 176 мың жұмсаған. Оның ішінде, сахналық киім тігу жұмыстарына 9 млн 420 мың, премьералық декорацияны дайындау жұмыстарына 26 млн 351 мың, жалпы қойылымды ұйымдастыру, өткізу қызметіне 18 млн 405 мың қаржы жұмсаған.
Премьералық декорацияны дайындауға қомақты қаржы алған компания – «ANK Media Group». Оның құрылтайшысы Аширбеков Калдан, 2018 жылдан бастап компания өз жұмысын бастаған. Дәл осы компания Түркістан музыкалық драма театрынан бұдан бұрын да қомақты тапсырыс алып келген. Солардың бірі, кезінде облыстық мәслихат сынына іліккен 90 миллиондық «Келіндер көтерілісі» қойылым. Екінші көзге түскен – «EsenBekaris» компаниясы. Аталмыш компания театрдан бұған дейін қомақты тендрды бір көзден сатып алу тәсілімен алып келген. Одан кейін, «DANA-DEL MODA» ЖШС мен ИП CK Shapagat бұл екі компания да тек бір көзден сатып алу тәсілімен бұрыннан театрмен жұмыс істеп келген. Қалай алып қарасақ та, Түркістан музыкалық театры мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс өткізбей, бір көзден сатып алу тәсілін бірнеше рет қайталауда. Әлемдік классикаға бөлінген қаржыны тарқаттық. Енді соған сай қойылым болды ма, көрерменнің пікіріне көз жүгіртейік.
«Театрға барып осылай ұяламын деп ойламадым»
Осы уақытқа дейін сахнасында тәжірибелі театр тарландарын шақырып келген ұжым, бұл жолы басты рөлдерге театрдың жас актерларын бекітуді жөн санапты. Тіпті баспасөз конференциясында театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова бұл қойылымда декорацияға емес, актерлерге бар күш жұмсалғанын жеткізді. Яғни, қойылымда декорация жоқтың қасы, актерлердің мықтылығы сыналды. Алайда, бұдан алдын тек қосалқы рөлдерді сомдап келген жас буынның алғашқы аяқалысы көрерменнің көңілінен шықпаған секілді. Мәселен, Түркістан музыкалық драма театрының тұрақты көрермені Ақбота Рахымжан дәл осы қойылымды көруге ұялғанын айтады.
«Премьераның екінші күніне билет алған болатын. Алайда бірінші күні барған құрбыларым қойылымның өте нашар болғанын айтып, біраз кемшіліктерін тізіп келді. Екінші күні өзім барғанда оларды рас айтқанын түсіндім. Өмірімде театрға барып осылай ұяламын деп ойламадым. Мен бұл театрдың тұрақты көрерменімін. Дәл осы бүгінгідей қойылым көремін деп мүлдем ойлаған жоқпын. Дайындықтары аз болды ма, әлде режиссер өз міндетін дұрыс атқара алмады ма «Ромео мен Джульеттаның» толықтай болмысы ашылған жоқ» – дейді Ақбота.
Сондай-ақ Ақбота сахнадағы әртістердің дауысы көрерменге жетпегенін, техникалық мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмағанын айтады.
«Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз әрі жұмбақ болып қалды. Мысалы мен бұл классиканы жиі естісем де, мазмұнымен таныс емес екенмін және мен сияқтылар өте көп деп ойлаймын. Сондықтан актерлардың сөзін, дауысын мүлдем естіген жоқпын. Дұрысы естуге, тыңдауға мүмкіндік болмады. Мен бұл олқылықты театрдың дыбыс қою қателігінен деп ойлаймын»
Бұл жолы әлемдік классиканы ашық сахнамен көмкерген режиссердың идеясы көрерменді біраз ұялтқан сыңайлы. Ақбота Рахымжан дәл осы сахнаның өте ыңғайсыз болғанын айтып, зияратшылар қалашығына тән емес құндылықтар көрсетілді дейді.
«Сосын мойындау керек, кей тұста жүзімді төмен түсіріп, бетімді басқан сәттер болды. Бұл өнер шығар. Алайда әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі, болмысы сақталуы тиіс. Әлемдік классика десек те, түркістандықтар үшін таңсық дүние. Оны да басқаша жолмен жеткізуге болар еді, не дегенмен бұл театр – «Түркістан музыкалық драма театры». «Түркістан» деген тіркес текке қосылмаған шығар? Қос ғашық арасындағы қарым-қатынасты нәзік сезім арқылы жеткізудің орнына физикалық қатынасты көрдік. Мен өнерді бағалаймын. Алайда бұл өнер көрерменге өте тұрпайы жетті – дейді театрдың тұрақты көрермені.
«Бишимбаев заманының жастары ма?..»
Ал журналист Жанна Жайлаубайқызы Ромео мен Джульеттаның арасындағы химияны көре алмағанын айтты.

«Объективті болу үшін плюсы мен минусын қатар айту керек. Біз көріп үйреніп қалған театр сахнасынан мүлдем бөлек. Минимализм. Сахнада екі ЛЭД экраннан басқа декорация жоқ. (Бұл – эксперимент, жаңашылдық). Салмақ адамдарға, яғни актерлердің шеберлігіне түскен, спектакльді дыбыс пен жарық алып шығуы керек еді. Осы тұста режиссер бұл театрдағы дыбыстың ерекшелігін ескермеген секілді. Бір байқағаным, тәжірибелі, үлкен актерлердің дауысы анық шығып жатты. Ал жастардың даусымен де, дикциясымен де жұмыс істеу керек екен. Махаббатты кейде сыбырлап жеткізу керек болады, бірақ ол сыбырды соңғы қатардағы көрермен де жақсы естуі керек» – дейді, Жанна Жайлаубайқызы.
Одан бөлек, Түркістан түгілі алматылық көрермен шок алатын тұстар көп екенін айтып, кей сахналық көріністің қазіргі заманның болмысын ашқанын айтады.
«Бір-бірімен арпалысқан жастар. «Золотая молодежь». Қай заманның жастары екенін ажырату қиын. Шекспирдің заманының жастары ма, әлде бишимбаев заманының жастары ма?.. Пірадар айтпақшы “Бұл заманның қандай азғын жастары”. Қызыл іш киім – сол азғындықтың белгісі. Азғындыққа қарауға бетіміз шыдамайды. Бірақ қарауымыз керек. Салтанат, әкесінен зорлық көрген 13 жасар қыз – сол қызыл іш киім. Ең бастысы, бұл – махаббат оқиғасы. Ромео мен Джульеттаның арасындағы химия қайда? Физиканы көрдік, химия керек. Сахнаға шыққан иттер өз рөлін алып шықты. Ырылдасқан екі ит екі әулеттің қақтығысын әдемі берді. Иттердің әдемі «ойнағаны» сонша Монтекки мен Капулеттиді басып кетті. Бұл екі кейіпкерді өте тәжірибелі актерлер ойнады. Солардың тәжірибесін көбірек пайдаланып, алға шығару керек еді деп ойлаймын. Бұл Леди Монтекки мен леди Капулетти кейіпкеріне де қатысты. Театрдың балет труппасы керемет екен. Сахнада балет бишілері мен актерлер араласып жатқан кей сахналарда қайсысы актер, қайсысы биші екенін ұқпай қаласың. Балетмейстерге респект! Түркістан түгілі алматылық көрермен шок алатын тұстар көп. Бұл әдетте біз үйреніп қалған сахна, біз үйренген қойылым емес» – дейді журналист. Алайда соған қарамастан көрермен ретінде үйренген шекараны бұзу үшін де бұл спектакльді көру керек деп сөзін түйіндеген.
«Сынға ұшырау себебі: ұжымдық саясатының жемісі»
Түркістанға «Ромео мен Джульетта» премьерасы үшін арнайы келген, белгілі театр сыншысы Амангелді Мұқанмен тілдестік. Жаңа қойылымдағы олқылықтар туралы театр ұжымына да ескертілгенін, жас буынның сахнаға әлі төселмегенін ашып айтты.
«Қазір көрерменді алдау қиын. Дауыстың жетпей қалғанын техникалық олқылықтан емес, жас актерлердің тәжірибесі аздығынан екенін біз айтпай-ақ түсініп тұр. Оны театр әкімшілігіне айттық. Алайда осы жолы Түркістан музыкалық драма театрының тәуекеліне ризамын. Себебі олар бас рөлдерге тұңғыш рет өз актерларын шығарды. Осыған дейін өздеріңізге мәлім, ол сахнада өте танымал, тәжірибесі мол әртістер өнер көрсетті. Біз талай рет театрдың бұл әрекетін сынға алдық. Өз әртістерін шығару керектігін, құрама команданың ұзаққа бармайтынын айттық. Енді міне, нәтижесіне куә болдық. Рас әлде де арнайы шақыртылған актерлер бар. Пірадар мен күтушінің рөлін алып қарайық. Олар тәжірибелі актерлер. Дауыстары да, ойын ойнау шеберліктері де ерекшеленіп тұр. Басты кейіпкерлер солардың тасасында қалып қойды. Себебі олардың тәжірибесі аз. Енді осы олқылықты көрермен сезіп, бұл қойылым сынға ұшырап жатса ол режиссердың кінәсі емес. Бұл театрдың о бастағы ұжымдық саясатының жемісі. Себебі көрермен үнемі жоғары дәрежелі қойылым қоятын театрдан әлсіз дүние көргенді кешіре алмайды» – дейді, Амангелді Мұқан.
Сондай-ақ, сыншы әлдеқашан театр өз актерлерін сахнада шыңдап, бұрыннан бастау керектігін айтады. Белгілі театр сыншысы дәл осы қойылымның режиссерін жақсы бағалайтынын жеткізді. Себебі театр сыншысының айтуынша, Түркістанда сахналанған қойылым Шекспирдің заманын бүгінгімен ұштастырып көрсеткен.

«Дина Жұмабай өте талантты режиссер. Мен оны жас та болса бағалаймын. Себебі дәл осы «Ромео мен Джульетта» қойылымын Дина үш рет қойған. Үшеуі де бір біріне ұқсаған емес. Осы жолы да сол қағидадан айнымай, Түркістан сахнасында ерекше форматта көрініс тапты. Шекспирдің әлемдік классикасын Дина басқалар акцент бермеген тұсын көрсету арқылы ерекшеленді. Бұл тек екі жастың махаббат оқиғасы ғана емес, әке мен қыз, ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, ортақ құндылықтардың жойылғанда не болатынын айқындады. Қойылым соңында көрерменнің жүрегін «дыз» еткізетін, бүкіл спектаклдің болмысын ашатын жұмбақ сахна режиссердың тапқырлығы. Міне, осы нағыз жетістік» – дейді, Амангелді Мұқан.
Сондай-ақ, театр сыншысынан қойылымға бөлінген қаржы туралы айтып, ақтай алғандығы туралы сұрадық. Амангелді Мұқан Түркістандағы дәл осы театрға көзқарастың ерекше екенін, облыстық әкімдік жақсы көңіл бөліп жатқанын айтты. Дегенмен әкімдік қалада екі театр бар екенін ескеріп, екеуіне бірдей көңіл бөлу әділетті болатынын айтады.
«Қаржы мәселесіне келсек, алалау болмау керек. Түркістан қаласында екі театр бар. Егер жергілікті билік өнерге жаны ашыса екеуіне бірдей көңіл бөлуі тиіс. Себебі алалау өнерді жоқ қылып жібереді. Ал өз басым театрларға осынша көп қаржы бөлініп жатқанына ризамын. Ол өшпейтін құндылық. Дегенмен, алалау болмауы тиіс» – дейді, театр сыншысы.
Өнер үшін ғұмырын арнаға Түркістан қаласындағы Сейтметов театры Амангелді Мұқанның бұл сөзіне келісетіні белгілі. Жалпы жергілікті билік өлшемді дүниелердің тепе-теңдігін сақтап, өнерге лайықты құрмет көрсетіп жүр ме? Оны анықтау үшін келесіде Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының сахналық қойылымдарына бөлінген қаржыны сараптайтын боламыз.
Сонымен, театр сүйер көрермен «Ромео мен Джульетта» қойылымы сізге ұнады ма? Пікіріңізді редакцияға міндетті түрде жолдаңыз.
Ғалия БИСЕЙІТ