Қызылша – дене қызуының жоғарылауымен, жөтел,тамақтың ауыруымен және бөртпемен сипатталатын табиғаты вирустық жіті жұқпалы ауру.
Қызылша ауруы ауа тамшылары арқылы беріледі. Бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адамдар 100% дерлік науқаспен байланыста болған кезде яғни сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде жұқтыруы мүмкін. Қызылша вирусы өте құбылмалы: қызылшаны науқаспен тікелей байланыста болмай, онымен бір үйде болу арқылыда жұқтыруға болады.
Қызылшаның алғашқы белгілері: құрғақ жабысқақ жөтел, мұрынның бітуі, конъюктивит, жұтқыншақтың шырышты қабығының қызаруы, ісінуі, сонымен қатар дене қызуының көтерілуі , ұйқышылдық пен тез шаршау, әлсіздік болуы мүмкін. Қызылшаның негізгі симптомы-тістердің түбінде ,аузында ерекше бөртпенің пайда болуы болып саналады. Бұл дақтардың болуы ауруды ерте диагностикалауға және қажет болған жағдайда баланы уақытылы оқшаулауға көмектеседі. Терідегі қызылша бөртпесі бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болып, дененің төменгі бөлігіне және аяққа дейін бүкіл денеге бөртпелер шығады. Бөртпе пайда болғаннан бастап 3-4күн ішінде жағдай жақсара бастайды, дене қызуы қалпына келіп, бөртпе жоғалады, бөртпе орнындағы дақтар қалады.(ол уақыт өте келе жоғалады).
Асқынулардың алдын алу мақсатында дәрігерлердің бақылауында болу , нұсқауларын орындап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажет.
Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ ,аурудан жалғыз тиімді қорғану вакцинация болып табылады.
Қызылшаға қарсы егу профилактикалық егу күнтізбесіне кіреді. Алғашқы вакцинация 12-15 айлық дені сау балаларға ата-аналары немесе қамқоршыларының келісімімен және дәрігер тексеруінен кейін жасалынады. Вакцинациялау үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамыққа және паротитке (ККП) қарсы компонентпен біріктіріледі. Вакцинаны қайта енгізу (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады.
Халыққа ұсынымдар: – ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация жасалмаған жағдайда қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу;
– түрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмеген балалардың ата-аналарына әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын-сауық, сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу;
– дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болған кезде дәрігерге барып, қызылша ауруына тексеруден өтіп, оның барлық нұсқауларын орындау қажет.
Файзуллаев Зикирилла Абдуллаұлы,
ТҚЕ Бірлік бөлімшесі жалпы тәжірибелі мейіргер.