«ТҮРКІСТАННЫҢ РУХАНИЯТЫНА СЕРПІН БЕРДІ»

419 көрілім

– Менің Өмірзақ Әметұлымен танысуым да кездейсоқ болды. Өзімнің өнерімді, білімімді жастарға үйрету мақсатында Түркістан педагогикалық колледжінде «Ритмика» пәнінен 20 жылдай дәріс бердім. Жастарға дәріс бере жүріп қала мәдениетінің өркендеуіне өз үлесімді қосып, шет мемлекеттерге дейін аралап өнер көрсетіп жүргенмін. Осылай жүргенде 90-жылдардың аяғында жол апатына ұшырап 1,5 жылдай үйде отырып қалдым.

Мүгедектік жәрдемақы алып үйде отырып қалғаным жанымды жүдетті. Колледжге барып дәріс оқуға, ұстаздыққа денсаулығым келмейтіндей. Өйткені апаттан кейін басым үздіксіз ауыратын. Өз-өзімді қолға алып сүйікті ісіме қайта кірістім. Роза Төлешқызымен (сол кездегі білім бөлімінің басшысы) келісіп оқушыларымен Есім хан алаңында би дайындай бастадым. Түркістанның дүбірлі тойы өтпек. Осы тойда өз өнерімді көрсетіп, үлес қоссам дедім. Біраз жылдан бері қол үзіп қалған сүйікті ісіммен қайта қауышу маған шабыт берді. Тіпті ауруымды ұмытып кетемін. Ешкім маған тапсырма берген жоқ. Оқушыларды дайындап, 7 ай бойы жұмыс жасадым. Осыны байқаған Өмірзақ Әметұлы шақырып алып, Президент келе жатқанын, соған орай «Түркістан» атты би қойылымын шығару керек деген ұсыныс айтты. «Биді шығарамын, қазақша көйлек те дайын бірақ бешпет пен баскиім алу керек» деп шынымды айттым. Ол кісі 100 мың теңге ақша берді. Роза Төлешқызы екеуміз рулон-рулон мата алып 300 оқушының би костюмдерін тіктірдік.

Өмірзақ Әметұлымен алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді. Есімхан алаңында тойға дейін 7 ай бойы дайындық жасадық, қойылымдардың, іс шаралардың қара жұмысының көбін мен атқардым десем өтірік болмас. Иығымның барлығына сым салып тастаған, қатты шаршағанда бетім қисайып кететіні бар. (Бетімді бүркеп жауып жүремін). Сонда да дамыл көрмей жұмыс жасадым, тек алға жүруім керек деп өзімді жігерлендіріп қоямын. Зорығып құлап, жедел жәрдем шақырып, укол салдырып қайта тұрып жүгіріп жүре беремін. Келген қонақтармен, астаналық режиссерлермен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Еңбегім ақталып биіміз де қойылымдар да керемет болып шықты. Қаланың 1500 жылдық тойы дүрілдеп өтті. Сол жылдың қорытындысында маған «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағын берді. Ол кезде Өмірзақ Әметұлын дұрыс танымаймын да, атаққа ұсынғанын да білмеймін, маған ешкім хабарламады да. Алаңда салтанатты жиын біткен соң «Яссы» қонақүйіндегі жаңа жылдық шай үстінде Ө.Әметұлы мені мәшине жіберіп алдырып, әлгі атақты облыс әкімінің қолынан алдым. Сонда Бердібек Сапарбаев: – сізді сахнадан есіміңізді 3 рет қайталап айттық, неге келмедіңіз?,- деді.

– Маған ешкім хабарламады, мен естімедім, дедім. Екеуі бір-біріне қарап таң қалысты. (Иә, бұл жерде бір кілтипан бар-ды. Аяқтан шалғысы келетіндер, біреудің абыройы асқанын көргісі келмейтіндер көп еді). Содан қала әкімі Өмірзақ Әметұлы мені 9 қаңтар күні шақырып, қаланың мәдениетінің тізгінін тапсыратынын айтты. Мен қарсы болдым. Не ғимараты жоқ, не бір көлігі жоқ ол мекемеге басшы болып абырой таппаспын, дедім. «Сөз емес, шешеміз барлығын»,- деді. Сөйтіп, 2001 жылдан бастап 17 жыл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқардым, соның ішінде 4 жыл Өмірзақ Әметұлымен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Өмірзақ Әметұлы мені «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» әмбебап етіп тәрбиеледі. Өз ата-анамнан алған тәрбием, ұстаздарымнан алған тәлім-білімімді, өнерімді жастарға бергім келді. Өмірзақ Әметұлы осыған жағдай жасады. Ол кісі өте іскер, айтқан сөзінде тұратын мықты басшы болды. Бөлімді қабылдап алған соң 3 күннен кейін «Тойота» маркалы микроавтобус берді, ғимарат мәселесін де шешті, рет-ретімен қажетті аппаратуралар мен аспаптарды сатып алып берді. 90-жылдардың тоқырауында мәдениетке мән берілмей, түгел тозып кеткен еді ғой. Ақырындап, бұл салаға қан жүгіртіп, жаңғыра бастады.

Үш айдан кейін Түркияға 15 адамдық топ өнер көрсетуге баратын болдық. Түркі тілдес 7 мемлекеттің Мәдениет министрлері жиналды, өнерпаздар барды. Полат Бюлбулоглы Әзірбайжан өнерпаздарын басқарып барды, Қазақстан атынан мен өкілдік еттім. Осылайша бауырлас Түркияда қазақ өнерін паш етіп, абыроймен оралдық. Түрлі байқаулар ұйымдастырдық. Соның ішінде «Тұран аруы» байқауы жоғары дәрежеде өтті. «Тайқазанның» статуэткасын жасаттық, 24 қыз қатысты бірінші жылы. 100 аттылы жігіт, ұлтық киім киген алаңнан театрға дейін жүріп отырды. Соңынан қыздар ортасында бір күйме жүріп отырды. Театрға жеткен соң ол жерде керемет композициялық қойылым қойдық. Кешкісін Сырдың жағасында концерттік бағдарламаға ұласты. «Тұран аруы» байқауына Әшірбек Сығай ағамыз үш жыл қатарынан қатысып, қазылар алқасына төрағалық етті.

Байқау ел көлемінен асып, түркі дүниесі елдері масштабына шықты, 11 мемлекеттен өнерлі арулар қатысты. 2003 жылы Башқұртстаннан 2 қыз қатысып, соның бірі бас жүлдені алып кеткені есімде. Екі жыл сайын тұрақты өтіп тұратын. 2005 жылы өткен байқауда Өмірзақ Әметұлы болған жоқ, басқа ауданға ауысып кеткен болатын. Ол кісінің бастамасымен «Батагөй ақсақалдар байқауын» өткіздік. Ел көлемінде өткен байқауға 44 ақсақал қатысып бақ сынады. Араларында ұлы Жамбылдың немересі де болды. Бас жүлдені біздің Елтай Бимағамбетов ағамыз жеңіп алды. Сонымен қатар, «Егіздер» байқауын ұымдастырып оған 175 егіз қатысты, «Тайқазан» КТК (КВН) ойындарының республикалық ойыны, Қазақстан Журналистерінің ІІ Конгресін қаламызда өткізді. Жалпы, Өмірзақ Әметұлы мәдениетке жанашыр басшы болды. Неше түрлі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырушы едік. ХҚТУ-дің Мәдениет Орталығында, алаңда 10 мыңдаған адамдар жиналатын. Ол концерттерге айлап дайындаламыз. Есім хан алаңында күнде, күнара дүрілдеп іс шаралар өтіп жатушы еді. Қай кезде арызқойлар мен жамандаушылар табылады ғой. Бір күні «әртістерің, музыканттарың кәсіби емес екен, неге жұмысты жетілдірмейсің» деп сын айтты. «Онда Музыка мектебін жаңғырту керек, сол жерден шыққан дарынды балалар колледж бітіріп, университет бітіріп өзімізге келеді», деп уәж айттым. «Көрейік онда Саз мектебіңді», деп қалды. Қаланың Саз мектебі ол кезде «Әлия» балабақшасының ішінде отыратын. Тозып кеткен ғимарат. Жаппай жылу тоқтаған тұс. Бір қолында көсеуі, бір қолымен пианино тартып отырған музыканттарды апарып көрсеттім. Ол кісі сол күннен бастап Саз мектебінің ғимаратын салдыртуға кірісіп кетті. Сөйтіп Тәуке хан даңғылының бойынан 2 қабатты жаңа мектеп ғимараты салынды. Ө.Әметұлы Түркістан театрының ғимаратын (ескі клубтан) жөндеп жасап берді, жанынан «Актерлер үйін» салдырды. 2004 жылы Н.Оңдасыновтың 100 жылдығы өтетін болды. Тозып кеткен мектеп ғимаратын жөндеп, жанынан музей ашып, аллея жасап Н.Оңдасынов кешенін салдырды. «Дарын» мектебі қайраткердің атына берілді, сөйтіп Н.Оңдасыновтың 100 жылдығы да республикалық деңгейде өтті. Жазушы Ә.Кекілбай, ғалым Т.Кәкішев, мемлекет қайраткері Ә.Оралбайұлы т.б Маңғыстау өңірінен мықты азаматтар келіп қатысқан кең көлемде өткен мерейтой жиыны өтті. Күздің қара суығы еді, аллеяға гүл еккенмен алып кетуі неғайбыл. Сол кезде үйде өсіп тұрған бөлме гүлдерін отырғызып сәндедік қой. Жалпы, ол кісі әдемілікті, өнерді бағалайтын, сүйетін жан. Түркістанға театр өнерін алып келген Райымбек ағамызды қатты қолдады.

Әкім активінде 50 адам отырамыз. «Бүгін кешке премьера болады, жұбайларыңмен, бала-шағаңмен театрға келесіңдер. Әр адам кемі 2 билет алатын болсын», дейтін. Сонымен бүкіл әкімдік театрға барады. Райымбек Сейтметов Түркістанда тұңғыш театрды ашқан болса, бұл кісі оның қолдаушысы болып түркістандықтарды театрға баруды үйретті. Бірде «Көктем шақырады» атты шара өтетін болды. Түркиядан 35 адам, Алматыдан қонақтар келе жатыр. Шымкентке костюмге тапсырыс беріп келе жатқанда көлігіміз бұзылып жолда қалып қойдық. Таңертең әзер жеттім. Үйге бармай бірден Алматы алаңында ұрандар мен жалаушалар ілінді ме екен деп қарап келе жатсам таңғы сағат 7.00-де әкім аралап келеді екен. Келгеннен: оркестрің қайда, аппаратураң әлі жеткізілмеген, Бұл не жүріс, жайбарақат?,-деп айқайды салды. Жанболат Ибрагимов әңгімеге араласып еді, оны сөгіп (адуынды кісі ғой), екеумізге де қатты ұрсып тастады. Жылап алдым. Қонақтарымыз сағат 12.00-де келді, бәрі ойдағыдай өтті. Соңынан мақтап, арқамнан қағып алғысын айтты. Иә, бірде ұрсысып, бірде жылап, бірде күліп, бірде мақтап, бірде алдап қызмет барысында тонның ішкі бауындай етене араластық ол кісімен.

Тағы бір айта кетерлігі, әкімнің мәдениетке деген қолдауы тек бұл шаралармен шектеліп қалмайды. Мен қазір есімде барын ғана айтып отырмын. Сол кезде мәдениет және спорт саласында талай жастар топ жарып шықты. Түркістан сазды-драма театры ашылды дедік қой. Онда көптеген жас өнерпаздар қазір еліміздің маңдайалды әртістері десем қателеспеймін. Сол сияқты жасындай жарқыраған Бекзат Саттархановтың жеңісінің өзі түркістандықтардың талабы мен талантының қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Ал оған жағдай жасап, бұлақтың көзін ашқан адамның бірі Өмірзақ Әметұлы дер едім. Қандай да бір концерт болмасын халықтан бұрын өзі келіп соңғы дайындықты толықтай көріп шығатын. Концерттік бағдарламаның көңіліне қонбаған тұстарын түзеп, ескерту жасап отыратын. Осы кезде ғой «Тұран аруы», «Тұран дауысы», «Батагөй ақсақалдар» сайысы секілді халықаралық деңгейде түрлі байқаулар өтті. Облыс көлемінде «Мәдениетім мерейім» атты тұңғыш рет ауданаралық фестиваль ұйымдастырылып, сол жерде Түркістан қаласы бас жүлдені еншілеген. Концертіміздің қорытынды жиынында Өмірзақ Әметұлының өзі өнерпаздармен бірге тұрып ән салғаны есімде.

Жалпы, мен жұмыс барысында 8 әкіммен қызметтес болған екенмін. Соның ішінде Өмірзақ Әметұлы мен Әліпбек Өсербаевтың іскерлігіне тәнті болдым. Өмірзақ Әметұлы туралы менің ұлымның айтатыны бар: Ол қазақтың І Петрі! Ұлы Петр секілді бұл кісі де Түркістанға үлкен мәдени бетұрыс, төңкеріс жасаған адам расында. Ол кез қаржы көп емес еді, жоқтан бар жасап қиыннан қиыстыратын іскерлігімен, қалаға жасаған игі істерімен есте қалды деп ойлаймын.

Өмірзақ Әметұлы ғажап адам. Елге, жерге адал қызмет етті. Өмекеңнің 70 жасы құтты болсын! Ұрпағымен мың жасасын деген тілегім бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы