МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ МИНИСТРДІҢ НАЗАРЫНДА

356 көрілім

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Түркістан облысындағы жұмыс сапарын медицина қызметкерлерін арнайы жиын жасап, түйіндеді. Түркістан Облыстық Перинаталдық орталығында болған арнайы жиынға өңірдегі медицина ұйым басшылары бас қосып, Түркістан облысындағы ахуалдың жай-күйін талқылады. Ең алдымен министр медициналық тарифтердің көтерілгенін хабарлап, оның өңірдегі ұйымдарға жақсы қолдау болатынына тоқталды. Яғни 2024 жылғы 1 маусымнан бастап қабылданған шешімдерге сәйкес жүкті және босанған әйелдерге, сондай-ақ стационарлық жағдайда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтер көтерілетін болады.

– Тарифтердің көтерілуі азаматтардың медициналық көмек алуға арналған қалта шығынын азайтуға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға соңғы жылдары жиналған инфляциялық шығындарды өтеуге және денсаулық сақтау саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сақтандыру активтерінің есебінен қосымша бөлінетін қаражаттың жалпы сомасы денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіз шығыстарын оңтайландыру босатылады – дейді, Ақмарал Әлназарова.

Жиын барысында, медицина өкілдері ауылдық жерлерде маман тапшылығы бар екенін айтып, кадр мәселесін көтерді. Ақмарал Әлназарова кадр жетіспеушілігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ең басты мәселесі екенін алға тартып, алдағы уақытта жаңа заман талабына сай симуляциялық орталық ашылатынын айтты. Симуляциялық орталық дегеніміз – болашақ дәрігерлер медициналық тренажерларда практикалық біліктері мен дағдыларын шыңдайтын арнайы орталық. Осы мақсатта министр өзімен бірге аймақтарды аралауға «ҚМУ» КеАҚ Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институтының ректоры Ертай Жалғасбайұлын ертіп келгенін айтты.

– Қарағандыдағы институт медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып, жұмыс істеуге дайын. Бұдан алдын бізде Шымкент қаласындағы әріптестермен мұндай тәжірибе болған. Алдағы уақытта институт өңірдегі медицина өкілдерімен келісе отырып, түрлі біліктілік арттыру курстарын өткізуге дайын – деді Ертай Жалғасбайұлы.

Министрдің тағы бір баса айтқаны – «Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына көбірек көңіл бөлінетін болады» дегені. Еліміздің қазағы қалың өңіріне бұлай ерекше екпін түсіріп, назар аударғаны бекер емес. Себебі Түркістан облысы ел демографиясына қосып жатқан үлесі зор.

– Әріптестерімнің енгізіп жатқан жаңа технологияларымен, халық үшін ашылған кабинеттермен таныстым. Өте жақсы модель! Негізі емханалар жұмысының 50 пайызын осындай профилактикалық шараларға арнауы керек. Өйткені бүкіл медицина тек ауру адамдарға қызмет етпеуі керек. Сау адамдарға ауырмаудың жолын көрсетіп, ауырса да асқындырмай жазылып кету жағдайына жеткізу маңызды. Сондықтан ақпараттық-насихаттық жұмыстарға көп көңіл бөлген дұрыс, – деді министр.

Сондай-ақ министр Ана мен бала орталығын ашуға жеті облысқа тапсырма берілгенін хабарлады. Қазіргі таңда ондай орталықтардың қызметі қажет екенін, қоғам үшін басты ескеретін мәселе екенін жеткізді. Одан бөлек, Түлкібастағы «Ақ бұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығының басшысы Нұрхан Нарымбетова тариф бағасындағы нормативтердің сәйкес келмегенін, түзету енгізу туралы өз ұсыныстарын жеткізді. ҚР Денсаулық сақтау министрі аталған проблемаларды дереу шешуді тапсырды. Халық сапалы медициналық көмекпен қамтылуы тиіс екенін ескертті. Медициналы ұйым басшыларымен болған жиында түскен барлық өтініштер бақылауға алынып, шешу жолдары бойынша салаға жауапты мамандарға тапсырмалар берілді. Түркістан облысындағы медицина қызметкерлерінің жағдайы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басты назарында екенін ескертті.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы