ЕЛІМІЗДІҢ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ТҮРКІСТАНҒА САПАРЫ

166 көрілім

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова ағымдағы жылдың мамыр айының бас кезінде Түркістанға жұмыс сапарымен келген болатын.Алғашқы іс сапарын киелі қаламыздан бастаған бас дәрігер өңірдегі медициналық нысандарды аралап, облыс жұртшылығымен кездесті. Алдымен құрылғанына үш жыл болған жаңа Сауран ауданының емдеу орындарын аралап, жергілікті халыққа көмек көрсету сапасымен танысты. Мұндағы емхана құрылымында бес бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік бекет, 3 медициналық бекет, 3 lV санатты жедел жәрдем бригадасы, бір зертхана бөлімі, бір жылжымалы-медициналық кешен жұмыс істейді. Бұл бес құрылымдық мекеме Шаға, Ораңғай, Ескі Иқан, Қарашық, Бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы мен А. Үсенов дәрігерлік-амбулаториясынан жасақталған. Ақмарал Шәріпбайқызы медициналық нысандардың жай-күйімен танысып, палаталарды аралап, сырқаттармен тілдесті. Өтініш-тілектерін тыңдады.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі 94432 азамат тіркелген, 70 аймақ дәрігері бар Түркістан қалалық емханасының жұмысымен танысып, мұндағы заманауи үлгіде жақсы ұйымдастырылған жұмысқа оң баға берді. Еліміздің бас дәрігерінің іс сапары «Ақжайық» музыкалық мектебінің акт залында өткен облыс халқымен кездесуге ұласты. Кездесуді министрдің қаламызға жұмыс сапары кезінде бірге жүрген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы Тәжібаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Барша жұртшылық үшін маңызы зор бұл кездесуге денсаулық сақтау саласының өңір басшылары мен қызметкерлер де қатысты.

Алдымен жергілікті денсаулық сақтау саласына қатысты басшылар бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары туралы, осы сала бойынша шешімін күткен мәселелер жөнінде кездесуге қатысушыларды хабардар етті. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов, Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев, «Кардиология және ішкі аурулар» АҚ басқарма басшысы Марат Пашимов баяндама жасап, өз салаларының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды, шешімін күткен мәселелердің жай-күйін баяндады. Алғашқы болып мінбеге Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы көтеріліп, баяндама жасады.

Кездесу соңында еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы жиынды қорытындылап, осы сапардан түйіндеген ойларымен бөлісті:

– Қайырлы күн құрметті Түркістан қаласының халқы, аса қадірлі залда отырған ардагерлер! – деп бастады ол сөзін. – Біріншіден, кешігіп келгенімізге кешірім сұраймын. Себебі, дәрігерлермен, осы медицина қызметінің Түркістан облысындағы деңгейімен танысып, проблемаларды тыңдап, дайындалып келу үшін жұмыс жасадық. Құрметті тұрғындар! Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі мақсаты, негізгі міндеті – халыққа тиісті деңгейде, қолжетімді, сонымен қатар, сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы бағытта бүгінгі күні тиісті жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізге белгілі, Президент тарапынан жылдың басында медицина саласы үлкен сынға ұшырады. Сынға ұшыраудың да негіздері болды. Халық тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдардың соңғы екі-үш жылдың ішінде 83 пайызға дейін көбеюі, әрине, ол халықтың сұранысының, бір жағынан жоғарылап жатқанына, екінші жағынан тиісті жұмысты дұрыс деңгейде ұйымдастырмағанымыздың себебі деп айтуға болады. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Сондықтан, бірінші күннен бастап Президент тапсырмасының аясында медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының, осы жүйенің негізгі жұмысын қайта қарау тапсырмасының негізінде осы жұмыстарды сараптап болып қалдық. Бүгінгі күні екі-үш модельді дайындап отырмыз. Ең бастысы, халықты толығымен медициналық қызметпенен қамту. Себебі бүгінгі күні Қазақстан бойынша, өздеріңізге белгілі, медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін он бес осал топтар мемлекет тарапынан қамтылып отыр. Ол он екі миллионға жуық халық. Сонымен қатар, экономикалық белсенді халықтың ішінен бүгінгі күні үш жарым миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесіне енбей отыр. Яғни, бұл дегеніміз, біз бұл азаматтарға тиісті деңгейде жоспарлы қызметті көрсете алмай отырмыз. Тиісті скринингтерді толығымен жүргізуге ол да өзінің кедергісін келтіріп отыр. Қазақстан бойынша адами капиталдың негізгі көрсеткіші – ол орташа өмір сүру ұзақтығы. Осы өмір сүру ұзақтығын дұрыстау үшін өлім көрсеткішін төмендетуіміз керек. Өкінішке орай, еліміздегі сексен бес пайызға жуық азаматтарымыздың қайтыс болуының себептері – жұқпалы емес аурулар. Яғни, бірінші орында қан тамырлары жүйесінің аурулары тұр. Осы топтағы аурулардың себептерінен алғашқы үштікке мүгедектіктің себептері де осы мәселеге байланысты болып тұр. Екінші орында – онкологиялық науқастар. Сонымен қатар, қант диабетінің де жылдан-жылға, күннен-күнге өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Осының барлығы түбі алып келгенде біздің халықтың орташа өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, жаңа алдарыңызда сөз сөйлеп жатқан әріптестеріміз осы республикалық орталықтарды басқарып жатыр. Негізі, Салидат Қайырбекова атындағы республикалық медициналық қызметті дамытатын орталығымыз бар. Республикалық кардиология және ішкі аурулар ұлттық орталығымыз бар. Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректоры келді арнайы. Түркістан облысында бүгінгі күні осындай мәселелерді облыс әкімімен бірлесе отырып шешудің жолдарын қарастырудамыз. Бүгінгі күні проблема жоқ емес, бар. Сол проблемаларды сіз болып, біз болып түзеу жұмысын бастап кеттік. Әр облыстың өзінің ерекшеліктері бар. Бүгін сіздердің облыстарыңыздың жұмыстарымен танысып шықтық. Сауран ауданын аралап шықтық. Жаңадан құрылған аудан екен. Халық саны да көп. Бірақ, нысандар жетіспейді. Егер тиісті құжаттары дайын болып жатса, министрлік тарапынан осы жұмысқа атсалысамыз деп білем. Президент тапсырмасы аясында республика бойынша үлкен ұлттық жоба жүріп жатыр. Ұлттық жобаның аясында алты жүз елу бес ауылдық жерде обьектілер салуымыз керек. Соның былтырғы жылы тоқсан екісі салынса, биылғы жылы қалған барлығы салынып болу керек. Оның ішінде Түркістан облысында қырық екісі бар. Бүгінгі күні тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан облыс әкімдігі болып, денсаулық сақтау министрлігі болып Президенттің тапсырмасын мүлтіксіз орындауымыз керек. Бейсенбай Дәулетұлы, жаңа сізбен бірге де осыны талқыладық. Салуға жоспарланып жатқан Сарыағаш ауруханасы, облыстық балалар ауруханасы, перинаталдық орталықтар, аудандағы салынып жатқан орталықтардың барлығы, әрине, керек. Себебі, Түркістан облысы бүгінгі күні халық саны жағынан ең үлкен облыстарымыздың бірі. Сондықтан сіздердің денсаулықтарыңыз дұрыс болса, республиканың да көрсеткіштері дұрысталады. Сіздердің пікірлеріңізді тыңдайық. Медицина қызметкерлерінің пікірлерін тыңдайық. Қандай ойлары бар? Қай бұйрыққа өзгерістер енгізу керек? Қандай жұмысты жетілдіруіміз керек? Министрлік пенен жергілікті медициналық қызмет ұйымдарыменен біз байланысты күшейтуіміз керек. Мен өзім осылай түсінемін. Сондықтан да, бүгін республикалық мекемелерден келіп отыр. Біз осындай бірнеше жұмыстармен өңірлерде болғаннан кейін бұйрықтарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бүгінгі күні жиырма шақты бұйрыққа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Соның ішінде біраз арыз-шағымдардың себебін анықтадық. Оның бірден-біреуі осы жалпы дәрігерге жазылу, одан кейін тиісті жолдаманы алу мәселесі өте қиын. Созылмалыққа салынып кететін тәртіпті оңтайландырып жатырмыз. Жоспарлы түрде ауруханаға жататын анализдердің санын бүгінгі күні қырық екі анализге азайтып жатырмыз. Бір жағынан ол халыққа да тиімді. Екінші жағынан тиімсіз жұмсалып жатқан қаражатты да үнемдеу мақсаты бар. Беріліп жатқан справкалар, халық алатын справкалар оны да оңтайландырып жатырмыз. Оның ішіндегі берілетін мерзімдерін ұзарту, жалпы жан-жағынан ыңғайлы жұмыстарды халықтан түсіп жатқан сұраныстарға байланысты жүргізіп жатырмыз. Енді Президенттің тапсырған тапсырмасының аясында жоғарыда айтып кеткенімдей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін өзгерту мақсатында, халыққа қолжетімді медициналық көмекті көрсету аясында үш жарым миллион халықты айтып өттім ғой. Соның негізі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, соның ішінде ең мұқтаж деген отбасыларды жергілікті бюджет есебінен жарна пұлдарын төлеу мәселесін зерттеп жатырмыз. Ол үшін барлық ақпараттық жүйелер өте таза болу керек. Дұрыс жұмыс жасап тұру керек. Сол үшін де қазір цифрлық карта шығып жатыр. Әр отбасының цифрлық картасының ішінде үкімет тарапынан жан-жағынан қандай табыс кіріп отырғандығы, кімнің жұмыс жасап жатқандығы, жанұяда қанша жан бар екендігі анықталып отырады. Сол арқылы қай азаматтарымыздың медициналық сақтандыру жүйесіне шын мәнінде кіре алмай отырғандығын анықтап, тиісті ұсыныстарды беретін боламыз. Ал, енді кадр тапшылығына байланысты мәселеге келетін болсақ, тек Түркістанда ғана емес, республика бойынша кадр тапшылығы бес мың дәрігерге дейін жуықтап қалды. Бұл жерде де шешімін күткен үлкен мәселе бар. Біздің нұсқауларменен медициналық гранттар санын жоспарлап отырғанымызбен төрттен бірі ғана практикаға, ауруханаға, емханаға жетіп жатқанын көріп жатырмыз. Соңғы бес жылда қырық үш мың дәрігер медициналық жоғары оқу орындарын аяқтағанмен, соның 25 пайызы ғана бірінші жұмыс орнына барып жатыр. Бұл – үлкен мәселе. Бұл жерде қаражатты тиімді пайдалану мәселесі де бар. Себебі, бұл үкіметтің қаражаты. Екіншіден, үкімет тарапынан оқытылатын балалардың грантқа төлейтін мөлшері жеткіліксіз деп ойлаймыз. Себебі, дәрігерді дайындау арзан мамандық емес. Бұл мәселені Сенатта да екі рет көтерген болатынбыз. Енді ақылы түрде түсетін балаларымыздың саны бүгінгі күні елу пайыздан асып кетті. Бірақ, біз саннан гөрі сапаға мән беруіміз керек.

Ол дегеніміз, бүгінгі гранттың саны арзан болғасын, өздерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылы түрде, нормативтен тыс осындай үлкен жүктеме алып, ақылы түрде дәрігерлер дайындап жатыр. Менің ойым, саннан гөрі сапаны ойлауымыз керек. Себебі, дайындалып жатқан дәрігерлердің бүгінгі сапасына байланысты да халық арасынан түсіп жатқан шағымдар аз емес. Биылғы жылы жылдың аяғына дейін барлық университеттерде дәріс беріп жатқан профессорлық-оқытушылық құрамды аттестациядан өткіземіз. Екіншіден, барлық үшінші немесе төртінші курста (қазір бұйрық дайындалып жатыр) оқып жатқан балаларды жаппай тегін түрде тәуелсіз сараптамадан өткізіп, университеттердің сабақтарының нәтижесі қандай деңгейде екендігін білу үшін осындай жұмыстар басталады. Сонымен қатар, бірінші қыркүйекке дейін ақылы түрде қабылданатын медициналық университеттердегі абитуриенттер санын шектеуіміз керек. Шектеп қана қоймай, бұл жұмысты денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бақылауға алуымыз керек. Өйткені, бақылаусыз әр университет өз бетінше ала бергенмен жатақхана орны аз. Аудиторлық қор өсіп жатқан жоқ. Саны өсіп жатқанымен. Мысалы, норматив бойынша бір профессорға алты студент келу керек болса, бүгінгі күні он жарым студенттен келіп тұр. Демек, бұл жерде сапасы туралы айтудың қажеті жоқ. Бұл да шешімін күткен мәселе. Қ.А.Ясауи атындағы университеттің ректорымен бүгін танысып жатырмыз. Бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша алты медициналық университет бар. Негізі, бейінді емес университеттер дәрігер дайындай бастады. Жеті университет дәрігер дайындап жатыр. Бұл да ойланатын мәселе. Тағы бір айтып өтейін дегенім, жаңа емдеу орындарын аралау барысында, Түркістан қалалық орталық емханасына барып, өте риза болып шықтық. Жұмысын жақсы ұйымдастырған. Бас дәрігер жас болғанмен (ең бастысы ниет болу керек дейді ғой) ниеті өте зор екен. Ниет болса, барлығы шешіледі деп ойлаймын. Түркістан облысынан өсіріп шығарған керемет кадрларыңыз бар екен. Шын мәнінде құтты болсын!

Әрине, бүгін қозғайтын мәселе өте көп. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты, вакцинацияға байланысты сұрақтар бар. Бұл мәселелер жөнінде түстен кейін тағы дәрігерлер қауымымен бөлек кездесетін боламыз. Сол жерде өзіміздің талаптарымызды айтатын боламыз. Сондықтан сіздердің уақыттарыңызды көп алмай, сұрақ-жауапқа көшсек. Өздеріңіздің тараптарыңыздан ұсыныстарыңыз болса, біз кез келген ұсынысты тыңдауға дайынбыз. Біз мұнда бір команда болып келдік, – деп аяқтады сөзін денсаулық министрі.

Кездесу барысында Түркістан жұртшылығы министрдің жеке қабылдауына алдын-ала жазылған тізім бойынша кіріп, өздерін толғандырған мәселелерді, арыз-шағымдарын, ұсыныс-пікірлерін айтып жатты. Жетісайдан, Төле би ауданынан, Қазығұрттан келген тұрғындардың министр қабылдауына жазылып жатқандығының куәсі болдық. Мүгедектер арбасымен келіп, арызын айтқалы отырған сырқаттар да бар. Олардың арасында бізге сұхбат беруден бас тартқандар да, кездесуге келген мақсатымен бөліскендер де болды. Қоғамдағы жағдай толғандырған әйел-аналармен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мен жеке басымның проблемасы емес, жалпы қоғамның проблемасын айтуға келдім. Елімізде азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі туралы қаншама жазып жіберемін. Бұрынғы министрге де қаншама жаздым. Медициналық сақтандыруды алып тастасын. Немесе, тиімді, халыққа қол жетімді ету керек. Түркістан облысында халық көп. Тығыз орналасқан. Жұмыссыз адамдар көп. Қаншама адамдарды көріп жатырмын. Қаншама адамдар келіп жатыр. Медициналық сақтандыруға отыз жеті мың төлеу керек. База ашылмайды. Кімнің ақшасы бар? Ай сайын үш жарым мың төлеу керек. Бала-шағасына нан әпере алмай отырған адамдар бар. Жұмыссыз адам оны қайдан төлейді? Ауру көп. «Барсақ база ашылмайды» – дейді. Дәріге ақша таппай отыр адамдар. Осы медициналық сақтандыру мәселесін халыққа тиімді жолға қоюын айтпақшымын.

Екінші көтерейін деген мәселе, ауруханалардағы тамақ өте нашар. Жей алмаймыз. Аузыңа бір қасығын салып жеу мүмкін емес. Түркістан қаласындағы барлық мемлекеттік ауруханаларда, балалар ауруханасында да сондай. Мен жеке меншікте жатқан емеспін. Мемлекеттікті айтып отырмын. Мен бас дәрігерлерді де, аспаздарды да шақырып: «Мына тамақты кім жейді? Ем алу үшін ауруханаға жатамын. Диеталық тамақ жегім келеді. Аурухананың тамағын жеп, организмді жеңілдетіп шығайын десек, бір қасығын жей алмайсың» – деп көрсетемін. «Қайтеміз? Тендер. Біз адамын да білмейміз. Жеткізушілер әкеледі. Біз тамақтардың тізімін де көрмейміз. Әкелгенін пісіріп береміз» – деп жыларман болады аспаздар. «Апай дұрыс айтасыз» – деп бастары салбырап тұрады. Не айтарын білмейді. Сондықтан тендер дегенді тоқтату керек. Мүлдем алып тастау керек. Жемқордың барлығы тендерде. Осы мәселені қадағалау керек.

Мысалы, Астана мен Түркістандағы аурухананың тамақтандырылуы жер мен көктей. Мен өзім неше жылдан бері Астанадамын. Сол жақта ауруханада жатқанымда, тамақтары мейрамхананың тамағындай, сүт тағамдары да, тоқаш-салаттары да, бірінші, екінші ыстық тағамдары да, компот сусыны да бар. Үйден тамақ әкелме дейсің. Рахаттанып жейсің. Түркістанда неге осылай жасамасқа? Мен жеке мәселемді емес, қоғамдағы осындай жағдайды айтып отырмын, – дейді Айткүл ханым.

– Біздің облыс болғанымызға бес жылдан асты. Мысалы, сөйлей алмайтын, мүлде құлағы естімейтін аутизм балаларға, ата-аналарға шамалы болсын көмек қолын созатындай орталық ашып берсе деймін. Бізде осындай орталық жоқ. Ыммен, ишарамен сөйлейтін орталық Ленгер қаласында бар. Бірақ, олардың шарттарына сәйкес келмейміз біз. Оңалту орталықтары алмайды бізді. Сондықтан да, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған кеңейтілген, балабақша сияқты бір аптаға алып қалып, балалармен шұғылданатын оңалту орталықтары ашылса деген ұсынысымды айтуға келдім. Бұл – мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға үлкен көмек болар еді, – дейді түркістандық ана Қаршыға Сәбденова.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Түркістанға сапары кезінде айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрі бақылауға алынып, оны қадағалау тиісті мамандарға тапсырылды.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы