ЖӘДІГЕР ҚАЛА МӘРТЕБЕЛІ ЖЫЛДАН НЕ ҰТАДЫ?

545 көрілім

Көк күмбезді киелі шаһар биыл «Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» атанғанын сүйіншілеп, мәртебелі жылдың маңызы мен мәнін арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар жайлы жазған болатынбыз. Осы мәртебеге орай қалалық, өңірлік, республикалық, халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып, атқарушы билік тарапынан бірқатар бастамалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта мұндай бастамаларды тарқатып айта жатармыз. Негізгі мақсатымыз – мәртебелі жыл ішінде қандай табыстарға қол жеткіземіз, айтулы мерзімде Түркістанның ұпайын еселеп, әлеуетін арттыратын қандай қадамдар жасаған жөн деген сауалдар төңірегінде туризм саласының мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап едік.

Бекбаева Гүлдана Сейілбекқызы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының маманы:

Бұл статустың берілуі – тарихи шаһардың Түркі елдерінің арасында алатын орнының жоғары екенін білдіреді. Яғни, бауырлас мемлекеттерде Түркістанның туризмі насихатталып, тәжірибе және туристер алмасуға сеп болады. Осының бәрін ескере келе жыл соңына дейін ауқымды да қызықты 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 25-і халықаралық, 21-і республикалық және 50-ден астамы облыстық деңгейді қамтиды. 18 наурыз күні туристік маусымның салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Қазіргі таңда рухани мекенде «Neke tour» жобасы өтуде. Сондай-ақ «Voice of Turan» халықаралық ән байқауы сынды бірқатар ірі іс-шаралар өтеді.

«Kazakh tourism» ҰҚ өкілдері Қазақстанның туризміне анализ жасаған кезде, Түркістан бір күндік келушілер арасында ТОП-3 бағытқа енетіні анықталған еді. Одан бөлек сауалнама нәтижелері саяхатшылардың тағы да қайтып келгісі келетін ТОП-5 бағыттың қатарына кіретінін көрсеткен. Тіпті 2022 жылы Түркістан Астана қаласы мен Алматы облысын басып озған. Осы тұста 2023 жылы қорытындыланған ресми деректерді атап өткім келеді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерекке сүйенсек, Түркістан өңіріне 562,8 мың турист келген. Бір күндік келушілер саны – 1 миллионға жуық. Оның ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне – 676,4 мың, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне 278,9 мың адам экскурсия жасаған. Яғни, туризмнің барлық тармақтары бойынша елеулі өсім бар. Сонымен қатар 2023 жылы Түркістан облысына келген шетелдік туристердің көрсеткішіне сәйкес ТОП-5 елге талдау жасап, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстан азаматтары саяхаттағаны белгілі болды. Одан бөлек, Әзірбайжан мен Тәжікстаннан да келушілер бар. Әрине бірқатары түрлі халықаралық іс-шаралардың қонақтары болғанымен, олардың сұранысы бойынша Түркістанға экскурсиялар ұйымдастырылып, тарихымызбен танысады.

2023 жылы Түркияның Ыстамбұл, Конья, Кайсері қалалары, Өзбекстанның Ташкент облысы мен Алмалық қаласында Түркістан өңірінің туристік әлеуетін насихаттау мақсатында Road Show форматында кездесулер өтіп, ынтымақтастық меморандумдары түзілді. Университеттер, туристік компаниялар, әуежай өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ халықаралық туристік көрмелерде де рухани шаһарды танытып, шетелдік туристік операторлармен байланыс орнатудамыз. Былтыр Түркі халықтарының үздік дизайнерлері этносән апталығына қатысу үшін Түркістанда бас қосты. Мұнымен қоса, жыл сайын түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері мен саяхатшы-блогерлерге ақпараттық турлар өткіземіз. Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық және 6 республикаішілік әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Солардың ішінде Ыстамбұл мен Самарқанға тікелей әуе рейстері орындалып, тұрақты ұшады. Әйгілі «Орел и Решка» тележобасы түсірілім жасап, көрермендерге жол тартты. Бұл да Түркістанның жарнамасын жасауға, туристерді тартуға мол мүмкіндік береді. Яғни туризм саласының ілгерілеуіне бағытталған жұмыстар жалғаса береді.

Жалпы Түркістан өңірі – ұлттық құндылықтар, архитектуралық-тарихи, археологиялық ескерткіштер, таңғажайып табиғат пен мәдени мұраға бай. Өңірде емдік-сауықтыру, тарихи-танымдық және экологиялық туризм бағыттары дамып келеді. Облысымызда 1780 тарихи және мәдени ескерткіш, 220 орналастыру орны, 72 санаториялық-курорттық ұйым, 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Оларды күтіп ұстау және санитарлық жай-күйі, талаптарға сай келуі, ақпараттық дүңгіршектер орнату жөнінде ұсыныстар әзірленіп, кәсіпкерлермен жұмыс жүргізу жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялар туралы түсіндірме шаралары күшейтілмек. Дегенмен қоғам арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру да маңызды. Туристерге қолайлы орта мен жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын арттыру, қажетті жаңа нысандармен қамту мәселесі өзекті. Шешу тетіктері қарастырылуда.

Бурхан Кылыч, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Экономика, басқару және құқық факультетінің менеджмент және туризм кафедрасының PhD. профессоры:

Түркістан түрік әлемі үшін өте маңызды орынға ие. Алдымен түрік әлеміндегі әлеуметтік және мәдени оқиғаларға көз жүгірткеніміз жөн. Бәріміз білетіндей, түрік әлемі ғасырлар бойы алыста қандастарынан хабар ала алмай өмір сүрді. Соңғы жылдары осы сағынышты басу үшін, әрі ұзақ жылдар бөлек өмір сүрген халқымызды жақындастыру, бір-бірін терең тану мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Солардың алғашқысы ТҮРКСОЙ ұйымының 2010 жылғы басқосуында қабылдаған шешімімен, Астана қаласы 2012 жылы, Түркістан қаласы 2017 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланып, онда түрлі іс-шаралар өтті. Бұл шара жыл сайын өткізіліп, 2024 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркіменстанның Анав қаласы болып белгіленді. 2025 жылға қарай бұл міндетті Қазақстанның Ақтау қаласы өз мойнына алады. Бұл іс-шарадан басқа, «Turkvision» ән байқауы, Түркі Универсиадасы, Ата-баба спорт фестивалі, Көшпенділер ойындары сияқты т.б. шаралар да бұл интеграцияға ықпал етуде. Сонымен қатар, соңғы жылдардағы маңызды бастама түрік әлемінің туристік астанасы тәжірибесі мен іс-шаралары болып табылады.

Туризм – бұл қонаққа бару, көру, көңіл көтеру және бір-бірін тану сияқты мақсаттар үшін жасалған саяхаттарды білдіреді. Осы тұрғыда «Туризм астанасы» шарасы түркі әлемінің бір-бірін тану мүмкіндігі болса, түркі мәдениетінің басқа халықтар тарапынан танылуы үшін де маңызды оқиға. Түркі әлемінің туризм астанасы бағдарламасы Түркі мемлекеттері ұйымының Өзбекстанның Қоқан қаласын 2022 жылы бірінші түркі әлемінің туристік астанасы етіп таңдауымен басталды және биылғы жылы Түркістанда екінші түркі әлемі туристік астанасы шарасы өтеді.

Түркістан – Қожа Ахмет Ясауидың туған жері Яссы деген атпен де белгілі, түркі отаны ретінде, түркі әлемінің рухани астанасы болумен қатар, биыл туризм астанасына айналды. Бұл міндет пен жауапкершілік түркі әлемінің бірігуі, бір-бірін тану, ортақ мәдени шаралар ұйымдастыру т.б. аспектісі өте маңызды. Бұл жерде жағдайды бизнес-менеджер, туризм маманы және академик ретінде, аталған салалар тұрғысынан бағалау қажет болады. Түркістан, әрине, жоғарыда айтқанымыздай түркі әлемі үшін інжу-маржан. Оның орны қашан да ерекше болды және солай бола бермек. Бұл мәселені туризм тұрғысынан да, қарым-қатынас тұрғысынан да бағалау қажет.

Түркияда көшеде қыдырып жүрген орта және егде жастағы адамдармен әңгімелессеңіз, басым көпшілігі «Алдымен Мекке-Мединаға, одан кейін ата-бабамыздың жері Балқанға барғым келеді» дейді. Әрине, бұл адамдардың қызығушылықтары мен өмір салтына байланысты өзгеруі мүмкін.

Туризм аясындағы алғашқы өніміңіз қандай болады? Бұл өнімнің сатып алушылары кім болады? Қай нарықтар біздің өнімге сұраныс білдіреді? Мұнда өткізілетін жарнамалық іс-шараларда қандай тақырыптар мен мазмұн пайдаланылуы керек? Бұл баратын жерді сату және маркетинг үшін жауап беруді қажет ететін сұрақтар.

Туристтерді тасымалдау қалай болады? Мақсатты нарықтардан келетін әлеуетті туристтер Түркістанға қанша уақытта келеді? Бұл соңғы жылдардағы туристтік профильдің өзгеруінен туындайтын жауап беруді қажет ететін сұрақтар.

Соңғы жылдары адамдар қысқа қашықтықтағы рейстермен жиі саяхаттауға бейім. Түркістан қаласы қанша адамды орынмен қамти алады? Түркістанда қону бойынша мақсатты сан қанша? Бізде келушілерге түнеуге мүмкіндік беретін жеткілікті мөлшерде және жоғары сападағы орналастыру (қонақ үй) орындары бар ма? Мұнда ұсынылатын қызметтің сапасы қандай? Азық-түлік және сусындар қандай? Тамақтану мен қызмет көрсету сапасы қандай? Кәдесый түрлері аймақты танытуға сай ма? т.б. сияқты көптеген сұрақтарға жауап іздеу керек.

Сенім туризмі – Түркістан үшін ең маңызды тартымды элемент болып табылады. Осы негізде жаңа альтернативті туристік өнімді қосу міндетті болады. Келетін туристердің Түркістанда болу ұзақтығын ұзарту үшін баламалы туризм түрлерін қосу өте маңызды. Турист тұрғысынан баға берсем, Түркістан туристердің бір күндік баратын жері. Екінші күні не істейсіз? Мұнда болуды ұзартатын тағы қандай іс-шаралар бар? Әлде солай болуы керек пе?

Жоғарыда атап өткенімдей, Түркістан туралы сөз қозғағанда, мен өз мамандығым туризмге қатысты мәселелерді айтқанды жөн санаймын. Басқа тақырыптарға мамандар жауап берсе, дұрысырақ болады. Түркістан облысы әкімдігінің туризм басқармасы «Open Turkestan», «Qazaq Tourism» сияқты мемлекеттік және жеке ұйымдардың жұмысын жіті бақылап отырамын. Жасалған жұмыс шынымен де тамаша. Мұндағы ең маңызды мәселе – бұл мекемелердің не істегенін немесе не істеуді жоспарлағанын қадағалау өте маңызды. Бұл тұрғыда біршама көп жақты басқару бар десем артық болмас. «Түркістан туризмін дамыту үшін не істеу керек?» деген осы сауалдың төңірегінде әрбір адам, әрбір мекеме шын жүректен ойлайтынын білемін. Бұл мәселе өте маңызды, бірақ біз ескеретін тағы бір мәселе бар. Тұрақтылық… Бұл сұрақ тағы бір сұрақ туындатады.

Түркістанның басты мәселелері қандай? Мәселеге сай ұсынылатын шешімдер қандай болуы керек?

Мәселе:

Сұраныстың болмауы

Имидж

Потенциалды туристер

Туристік жәрмеңкелер

Туризм компаниялары

Виза

Қызметкерлер

Қызмет сапасы

Қонақ үй саны

Туристік өнімді әртараптандыру

Ұсынылатын шешім:

Стратегиялық маркетингтік жоспарлауды жасау

Нарық сегменттері, Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу

Жазбаша және көрнекі ақпарат құралдарында, электронды ақпарат құралдарында тиімді жарнамалау

Белсенді қатысу

Ынталандыру

Процестердің ыңғайлылығы

Кәсіптік оқыту

Қызмет көрсету стандарттарын әзірлеу, кәсіби стандарттарды белгілеу

Туристік өнімді әртараптандыру

Мемлекеттік қолдау, субсидиялау, жеке бастамаларды ынталандыру

Түркістан туралы жоғарыда айтып өткенімдей, ең алдымен өнімді, яғни сенім туризмін туризмнің басқа түрлерімен байыту керек. Мен бұл туралы 2023 жылдың қазан айында Түркістанда өткен конференцияда айтқан болатынмын. Ол жерде мәдени туризмнің аймақ үшін өте маңызды екенін және бірнеше балама туризм түрлерін де ұсындым. Мәдени туризм, ауыл туризмі, тау туризмі, дәстүрлі туризм ауылдары (этноауылдар), тарихи Жібек жолы туризмі, гастрономиялық туризм сияқты туризм түрлерін Түркістан үшін ең қолайлы туризм түрлеріне жатқызуға болады. Бұл туризм түрлерінің әрқайсысы жаңа мақала мен басылымның тақырыбы болып табылады және мұнда тек олардың атаулары аталды. Алдағы уақытта Түркістанда туризмнің бұл түрлерін қалай жасауға болатыны туралы мақалалар топтамасы болса өте орынды болар еді.

Бетті әзірлегендер: Дәурен ТІЛЕУХАН, Ағайша АЛПЫСБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы