ЖАҢА ТҮРКІСТАНМЕН МАҚТАНАМЫН

502 көрілім

Түркістан қаласы және Отырар ауданының құрметті азаматы, «Иассы» консорциумы төрағасы, үстел теннисі федерациясы президенті, «Әділ билер алқасы» қоғамдық бірлестігі құрылтайшысы, бірнеше шақырылым облыстық маслихаттың экс депутаты болған Үмбет Әбілдаұлы Жүсіпбаевпен ұрпақтар сабақтастығы, білім, ауыл шаруашылығы, жаңа жұмыс орындары тағы басқа өзекті мәселелер туралы сұхбаттастық.

– Құрметті Үмбет Әбілдаұлы, үстел теннисі бойынша үстіміздегі жылы дәстүрлі республика турнирі әкеңіз Әбілда Жүсіпбаевтың 100 жылдығы, шешеңіз Жібек ананың 90 жылдығына арналды. Ол кісілер туралы айтып берсеңіз.

– 2008 жылы талантты журналист Алмас Ақылбек авторлығында Жүсіпбаевтар әулеті туралы естелік кітап баспадан шықты. 11 перзент тәрбиелеген, «Батыр ана» орденімен марапатталған Жібек шешеміз отбасыдағы мың сан тірлікпен бірге біздерді өз деңгейінде тәрбиеледі. Көне заман тілімен айтқанда 11 перзентті тәрбиелеп кәмелет жасына жеткізу 11 қаланы абат етуге кеткен еңбекпен бірдей екен. Мен қанағатты, инабатты жоғары қойған қарапайым шешеммен мақтанамын және өмірбақи ризамын. Әкем Әбілда Жүсіпбаев 20 жылдан астам Отырар ауданындағы озат бөлімге басшылық жасады. Сол кездегі әкем басқарған медиация жүйесіне таң қаламын. Өйткені осы жылдарда бөлімде бірде бір отбасының ажырасуы, сот процесі, милицияға арыздану сияқты келеңсіз оқиға бол-маған. Барлық мәселелер құрметті ақсақалдардың алқа жиынында оң шешімін тапқан. Әкемнің іс тәжіри-бесіне негізделіп мен екі жыл бұрын «Әділ билер алқасы» қоғамдық бірлестігін құрдым. Қаладағы барлық мөлтек аудандар өкілдері осы бірлестікке белсенді мүше.

– Сіз ірі консорциум құрдыңыз, жүздеген жаңа жұмыс орындарын аштыңыз. Өмірлік тәжірибеңіз мол. Өмірбаяныңыз туралы өзіңізден тыңдасақ.

– 1955 жылы дүниеге келдім. Ш.Қалдаяқов атындағы ауыл мектебін алтын медалмен бітірдім. Алғашқы ұстазым Сарқұлақ ағайдың еңбегі мол. Жоғары білімді Алматыдағы политехника институтының металлургия факультетінде алдым. Еңбек өтілімді Ресейдің Красноярск алюминий заводында өтедім. Цех бастығы, менің металлург мамандығын терең игеруіме қамқорлық жасаған үлкен жүректі Игор Михайлович Лужинді құрметпен еске аламын. Түркістан қаласында ремдормаш кәсіпорнының құю цехында еңбек жолымды мастерліктен бастадым. Дуйсенбай Болғанбаев, Жарылқасын Шалбаев, Базарбай Мусабеков сияқты кәсіпорынға басшылық жасаған керемет әріптестермен бірге істедім. Заводтың бас инженері лауазымына дейін көтерілдім. Кеңес Одағы тарап тоқырау кезеңі басталды. Өмір мені кәсіпкерлікпен айналысуға үндеді. Консорциум құрдым. Жұбайым, құрметті педагог Сайран Құрбанбайқызымен Арман, Руслан, Нұрсұлтан, Арсен атты ұлдар мен Дана қызымызды тәрбиеледік. Барлығы жоғары білімді. Мен ҚР Президенті Жарлығымен «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанмын.

– Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мәслихатына бірнеше шақырылым депутат болып сайландыңыз. Көптеген өзекті мәселелер үстінде жұмыс істедіңіз. Жаңа Түркістан қаласын құруда өміршең ұсыныстарыңызды айттыңыз. Ұсыныстарыңыз Түркістанды құруда ескерілді ме?

– Банктен несие алып уақтылы төлей алмаған аз қамтылған отбасылар шағымына орай мемлекет тарапынан кредитті төлеуге мүмкіндігі жоқ отбасылар қарызын кешу жөнінде әкімдіктер, Парламент, Сенатқа жазба түрде депутаттық сұрауымды жолдадым. Себебі, ақша төлеуге мұршасы жоқ адал отбасы иелері алды ажырасу, соңы суицидқа дейін барып өзіне –өзі қол жұмсағаны өмірдің ақиқаты. Нәтижесінде 300 мың теңгеге дейін несие алған аз қамтылған отбасылар қарызды төлеуден азат етілді. Мұндай іс тәжірибе Біріккен Араб Әмірліктері, Англия, Жапония мемлекеттерінде қолданылады. Абаттандыру, құрылыс, көгалдандыруда жолаушыларға арналған жол жанында велосипед айдайтындар үшін арнайы жол, қала ішінде суару жүйесі, Түркістан-Арыстанбаб бағытында сапалы автомобиль жол құрылысы қажеттілігі туралы ұсыныстарым оң шешімін тапты.

– Депутат кезіңізде сайлаушылар атынан ауыл шаруашылығы, білім министірлігіне, заң шығарушы органдарға депутаттық сұраунама ұсыныстармен шықтыңыз. Қайсы мәселелер шешілді?

– Сауран және Отырар аудандарында ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысамын. Табыс пен зиян қатар жүреді емес пе? Сегіз жыл бұрын әр түбін 3700 теңгеден 2000 дана лимон ағашын сатып алып жылыжайға отырғыздым. Лимон ағашы қыстың қаhарлы аязында да жылуды қажет етеді. Көп шығын көрдім. Шыдадым. Сегіз жылдан соң бұл сала маған табыс емес тек шығын келтіретініне көзім жетті. Себебі көп. Біріншіден, біз ауа райы жағдайына орай көрші өзбекстандық лимон өсірушілермен бәсекелесе алмаймыз. Оларда электр, газ, отын – барлығы кәсіпкер мүддесі үшін ыңғайластырылған. Көп еңбектеніп құрған лимон шаруашылығы – жылыжайды бұзуға мәжбүр болған кезімде көзімнен еріксіз жас ақты. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы министірлігі осы жағдайларға мән беріп менің басымнан кешкен қиыншылық-тарды басқа кәсіпкерлер қайталамаса екен деймін.

Екіншіден, мен Сырдария өзенінен ағын суды үлкен құбырлар арқылы Арыс-Түркістан каналына құю жобасын өмірге енгізуге жұмыс жасадым. 25 мың гектар құнарлы жерді қосымша игеру, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бұл ірі жоба ақырында тоқтап қалды. Себебін сұрағанымда насостар көмегімен өзен суын жоғары айдайтын бұл жобаның өзіндік құны қымбат болатыны айтылды. Бұл жоба жүзеге аспаса, суармалы су тапшылығы мәселесін шешетін басқа жоба табу керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бұл бағытта тиімді жобаларды ұсынатынына сенімдімін.

– Сіз шалғайдағы ауылдарда спорт және өнерде таланты бар жастар үшін 500 орынды мектеп интернат құрып, пайдалануға беруге дайындалудасыз. Тақырыпты тереңірек талдап айтсаңыз.

– Иә сондай. Қазіргі спорт және жастар тақырыбы ойландырады. Жетістіктер мол. Бірақ, балалар үшін бұқаралық спортты жан-жақты дамыту арқылы таланттарды іріктеп чемпиондарды тәрбиелеу орнына бюджет қаржысы шетелден легионер спортшыларды сатып алуға жұмсалуда. Неге деген сұрақтарға жауап жоқ. Облысымыздағы аудан, қалалардағы аз қамтылған отбасылардан спорт және ұлттық өнер саласында таланты мол жастарды өзім салған мектеп интернатта оқыту, оларды тегін тамақ және жатақханамен қамтамасыз етуді мақсат тұттым. Келешекте бұл талантты жастар арасынан елге танымал өнер қайраткерлері, спорт шеберлері тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың қабылдауында болып, жан-жақты ақылдастым. Ол кісі менің бастамаларымды қолдап көмек көрсетуге уәде берді. Жастар үшін жабық және ашық ойын алаңдары құрылып, қажетті жиhаздармен қамтамасыз етілген.

Жалпы білім беретін мектептерде 9 сыныптан соң тек қана жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыруға икемі бар оқушыларды қалдыруды, қалғандарын кәсіптік колледждерде өздері таңдаған мамандық бойынша оқытуды ұсынамын. Бұған мемлекет, екіншіден оқушылардың өздері де мүдделі болатын еді.

– Өміршең жобаларыңыз жүзеге аса беруіне тілектеспіз. Сәттілік тілеймін.

Ш.МАДАЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы