Осыдан 38 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде ХХ ғасырды дүр сілкіндірген Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясында жарылыс болып, дүйім жұртқа қауіп төндіретін экологиялық қатер орын алды. Кеңес Одағы тарихында қаралы күн болып қалған осы оқиғаның салдары көптеген адамның тағдырын өзгертіп, ұмытылмастай із қалдырды.
Апатты залалсыздандыруға мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды. Алайда АЭС сепкен ажал уынан құтыла алмады. Қоршаған ортаға, тұрғындар мен құтқарушылардың денсаулығына орасан зиян тигізген апаттың зардабын жоюға Қазақстан азаматтары да тартылды. Чернобыль атом электр станциясындағы құтқару жұмыстарына елімізден 32 мыңнан астам адам қатысқан. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, Чернобыль апатының жүректерге салған жарасы жазылған жоқ. Осы апатты залалсыздандыруға түркістандықтардың да атсалысқаны белгілі. Бүгінде шаһарымызда сол Чернобыль апатына қатысқан 21 ардагер тұрады. Санаулы ардагерлердің бірі Ирисбек Аяшовпен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
– Сөзімнің басын зұлмат жылдардың зардабынан бастамай тұрып, әуелі өмір тарихымнан сыр шертейін. Өзім Түркістан қаласының тумасы болсам да, Кентау қаласында өсіп-өндім. Жас кезімнен спортқа жақын болып өстім, футбол ойнап, бокспен шұғылдандым. Биыл шілдеде 78 жасқа толамын. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Ділдәбек Асылбеков басқаратын қалалық «Чернобыль-Семей» қоғамдық бірлестігінің мүшесімін. 1966 жылы Қарағанды қаласына әскери борышымды өтеуге аттанып, үш жыл отан алдындағы азаматтық парызымды абыроймен атқарып 1969 жылы туған жерге оралдым. Атақонысқа оралған соң шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелеп, еңбекке араласып кеттім. Зауытта жұмыс істеп жүргенімде араға талай жыл салып 1986 жылдың қыркүйек айында әскери комиссариаттан шақыру түсіп, Чернобыльге апатты залалсыздандыруға жіберді. Бізге оқу-жаттығу мен ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу барысында түрлі жағдайларға дайындады. Арнайы түсіндірмелер арқылы қалай жұмыс істеу керегін меңгердік. Жабық нысанда төрт ауысымда алты сағаттан жұмыс істеп бастадық. Егер тапсырмалар бола қалса ғана сыртқа шығуға рұқсат. Елден аттанғанда артымда ата-анам, бауырларым, жарым мен ұл-қызым қалды. Отбасыңнан жырақта жүрген қиын, сағынасың, іздейсің, байланысуға мүмкіндік жоқ, тек олардың бары көңілге медет сыйлады. Біз құпия әскерде борыш өтегендіктен, әскери құралдар мен ракета құрылғыларының бәрін білеміз. Әуелде апат аймағына 6 айға шақырған болатын, бірақ 3 айдан кейін түрмеге жұмысқа түстім. Түрмедегі тіршілік мүлде басқа. Қорғасыны бар арнайы көліктермен жүріп, апат аймағынан казармаға қатынап барып жүрдік. Сол жақта тамақтанып, тынығамыз. Чернобыль апатын залалсыздандыру үшін арнайы киімдер киіп, маскалар тағып, минут сайын түрлі жұмыстар атқардық. Өлшеулі уақытқа жұмыс істедік, бірнеше минуттық, сағаттық жұмыстар болды. Белгіленген уақыттан әрі жұмыс атқарудың керегі жоқ. Себебі одан әрі атқарған жұмыстар адам денсаулығына зиянды. Мәселен, бір күні ауыр жүкті екі адам боп жүгіріп барып 2 минутта кранға іліп жібердік. Сол аралықта 2 радиациялық залал алдық. 5-10 минуттық жұмыстардан кейін міндетті түрде душқа түсіп, киімдерімізді сонда қалдырып, жаңа киімдер киіп казармаға қайтатынбыз. Онда 1 ай жұмыс атқарып, денсаулығыма бірқатар зиян келуіне байланысты ем қабылдап елге қайттым. Зарардан алған зияндарымыз, денемізге улы сәуленің өтуі – 25-ке дейін қаралады. Менің сол кездегі денсаулық жағдайым – 20,9 болды. Демек, залалсыздандыру кезінде алған залалым да аз емес. Елге оралған соң апаттың зардаптары білінбеп еді. Қайтадан баяғы жұмысыма оралып, еңбек жолымды жалғастырдым. 2000 жылдан бастап әл-дәрменім таусылып, басым ауырып, емханаға жатып шықтым. Содан Алматыдағы әскери госпитальге барып тексерілдім. Олар еңбекке жарамсыз деп танып, ІІ топқа мүгедектікке шығарды. Жыл сайын Алматы қаласында денсаулығымызды тексертіп, қаралып тұрамыз. Қазіргі таңда ұлым мен қызымнан алты немерем бар. Бұрын әлеуметтік жәрдемақы төленетін, соңғы жылдары зейнетақымызға жәрдемақыны қосып беруде. Сондай-ақ әкімдіктен әлеуметтік жәрдем алып тұрамыз, тегін дәрі-дәрмектер аламыз. Жылына бір мәрте шипажайларға барып тұрамыз, – дейді жігері мұқалмаған Ирисбек Аяшов.
Айта кетейік, жойқын апаттың нәтижесінде Украинаның және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамзат өміріне үлкен қауіп төнді. Сол себепті АЭС-тен радиусы шамамен 30 шақырым жерде тұратын ел-жұрт басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылған болатын. Энергиялық блоктағы өртті сөндіру үшін реакторға мыңдаған тонна химиялық зат тасталды. Апаттан радиоактивті бұлт КСРО-ның еуропалық бөлігінен өтіп, көрші елдердің үрейін алады. Ал 10 күннен кейін ол тіпті АҚШ, Канада және Жапонияға жетті. Радиоактивті заттар ауаны ластағанымен қоймай, 600 мыңға жуық адам улы сәулеге шалдықты. Оның көбі апат салдарын жоюмен айналысқан адамдар болатын. Мәліметтерге сүйенсек, Кеңес Одағының аумағында шамамен 155 мың шаршы шақырым жер радиоактивті залал шегіп, 7 миллиондай адам радиациялық ластануға ұшырады.
Азамат ӘЛІБЕК.