– Нұрлан Икрамұлы, ең алдымен, қоғамдағы маңызы зор, басты құндылығымыз – адамдар денсаулығын сақтаудағы істеріңізге табыс тілеймін. Біздің бүгінгі мақсатымыз да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы жұртшылыққа шынайы ақпарат беру. Жасыратыны жоқ, медициналық сақтандыру мәселесінің төңірегінде пікірталас туындап, бірқатар әңгімелер айтылып қалып жүр. Сондықтан да, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бүгінгі таңдағы мақсат-міндеті туралы таратып айтып берсеңіз?
– Өте дұрыс айтасыз. Қай салада болсын, халыққа шынайы ақпарат берудің маңызы зор. Негізі, кез келген нәрсе уақыт талабынан туындайды. Әр заманның, әр дәуірдің өзінің заңдылығы бар. Сондықтан медицина саласындағы өзгерістер де уақыт талабынан туындап отыр.
Айталық, Кеңес Одағы кезінде жоспарлы экономика болса, тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көштік. Кез келген салада бәсекелестік пайда болды. Сондықтан да бәсекелестік өршіп тұрған кезеңде халықтың медицинаға деген қолжетімділігін арттырудың орны бөлек. Бұл – бір. Екінші мақсатымыз, денсаулығын түзетуге халықтың өз қаржысын жаратуды азайту. Біздің Ата Заңымыздың 29-бабында: «Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік медициналық кепілденген көлемнің шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы» делінген. Сонда «Ата Заңда осылай жазылса, мен оны неге алмаймын?» – деген ой келуі мүмкін. Науқас кез келген жерге барып емделуге құқылы. Бірақ әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің тізіміне енетін қызметтердің түрлері бекітілген. Бірақ, кей тұрғындар ақылы көмекке жүгінуді дұрыс көреді. Мысалы, өзіңіздің тұрғылықты жердегі емханаңызға барасыз. Онда кезекте кісі көп. «Оған кірмеймін. Ақылыға кірем» десе, ол әркімнің өз еркі. Одан бөлек Түркістан қаласында, немесе Түркістан аумағында жоқ қандай да бір медициналық көмек алу үшін Алматы, Астанаға барады. Оның жолы бар, тұрғаны бар, жеген-ішкені бар, бәрі жеке адамның қалтасынан шығатын қаржы. Міне, соны қалай азайтуға болады? Оның қандай жолдары бар? Түркістан қаласында да мұндай медициналық ұйымдар жеткілікті. Осы орайда саннан сапаға өту маңызды. Сапа болу үшін дәрігерлердің біліктілігі, емханада, ауруханада қойылған қондырғылар, зертханалардың деңгейі, науқастарға жан-жақты жағдай жасағанда ғана сапалы қызметке қол жеткіземіз. Әлеуметтік медициналық қордың негізгі мақсаты – сырқаттардың құқығын қорғау. Сонда ол қалай жүзеге асырылады? Мысалы, Түркістан облысында 2 млннан астам халық бар. Әр жылы осы халыққа есептеліп, мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Мысалы, сол 2 миллионнан астам халықтың ішінде белгілі бір бөлігі он сегізге толмаған. Біразы алпыс бес жастан асқан. Оның ішінде әйел кісі, ер кісі қанша? Оның ішінде созылмалы аурулармен тұратын жеткіншектер. Ересек адамдардың арасында диспансерлік есепте бір немесе бірнеше аурумен тұратындар бар. Оларға сол жерде берілетін тегін дәрісі мен емі бар. Соның барлығы зерттеліп, есептеліп барып қаржы бөлінеді. Бірақ ол қаржы топ етіп бірден түсе салмайды. Оны бүге-шігесіне дейін зерттеп, санайды. Мәселен, 2021-2023-жылдары орта есеппен қанша кісі, қандай аурулармен ауырды? Қанша адам қант диабетімен ауырды? Қанша адам қан қысымына байланысты емделді? Қанша төсек-орын керек? Қанша дәрі керек? Осының бәрі экономистер мен есепшілердің сүзгісінен өткеннен кейін барып, қаржының мөлшері белгіленіп, бөлінеді. Содан кейін әрбір жасалған медициналық көмектің өзінің құны бар. Нарықтық экономиканың кезінде олай болуы заңды да. Қарапайым мысал. Үйдегі пайдаланған газға қыста күн суытқан кезде көбірек қаржы кетеді де, жазда аз жұмсаймыз. Қолдануы, шығыны қыс маусымында артады. Бір кубометр газдың өз бағасы бар. Көктемде бір баға болса, күзде басқа баға. Сол сияқты барлық шығындар есептеліп, медициналық көмектің құны шығарылады. Айталық, сіз учаскелік дәрігеріңізге барып жағдайыңызды айтып, қан қысымыңызды, бойыңызды, салмағыңызды өлшетесіз. Міне, осының бәрі дәрігердің 20-25 минут қарағаны орта есеппен 1800- теңге. Сол қаржыға дәрігердің, мейірбикенің, еден жуушы мен күзетшінің жалақысы, сабын, ұнтақ сияқты санитарлық тазалық заттары, электр қуаты т. б. шығындар есептеліп, тариф бекітіледі. Бірақ, жоғарыда айтып өткен кепілдендірілген көмектің ішінде «Жедел жәрдем», созылмалы және қоғамдық ортаға зиян келтіретін жұқпалы аурулар, әлеуметтік маңызы бар осы аурулардың барлығы Қазақстан Республикасында тұратын осындай азаматтарға мемлекет өз тарапынан толыққанды қаржы бөліп отырады. Одан бөлек, скрининг, бағасы жоғары күрделі оталарға да қаржы бөлінеді. Бұрын үлкен қалаларда жасалатын тізе-жамбас буын оталары, импланттар, кардиостимулятор орнату сияқты жоғары технологиялы операциялар Түркістан қаласында да жасалып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан ауруханасында осындай ота жасалады десе, сенер ме едік? Бірақ бұл жаңалық бізге келді. Демек, бұл Түркістан халқына, Түркістан облысы аумағында тұратын халыққа жоғары медициналық көмек өзі жақындап келе жатыр деген сөз.
– Нұрлан Икрамұлы, демек, біз мұндай жоғары медициналық көмекке қол жеткізу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінде болуымыз керек қой?
– «Жедел жәрдем» қызметі, қант диабеті, туберкулез, қан қысымы, онкология аурулары, құлап оқыстан жарақат алса немесе тамақтан уланса, бұл аурулардың мәртебесінің сақтандырылған-сақтандырылмағанға қатысы жоқ. Бұл аурулардың бәріне бірдей көмек көрсетіледі. Ал, жаңағы скрининг, тексеру, жоғары мамандандырылған көмек алу, тәулік бойы стационарға жату үшін белгілі бір адамның сақтандырылған мәртебесі болу керек. Енді сақтандырылу мәртебесі туралы түсіндіріп өтейін.
Мысалы, бүгінгі таңда Түркістан облысында екі миллион астам халық тұратын болса, соның 400 мыңға жуығы сақтандырылмаған. Бұл- халықтың 21- пайызы. Енді сақтандырылған 1,6 млннан астам адамды сараптап көрейік. Осы адамдардың 1,4 млнға жуығы 15 санатқа кіретін категорияға кіреді. Бұл азаматтарға мемлекет өзі қаржы бөліп, соның есебінен сақтандырылып тұрады. Бұл 15 санатқа он сегізге толмаған жасөспірім балалар, аяғы ауыр аналар, туа бітті мүгедек балаларға қарап отырған кісілер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, жұмыссыздықпен тіркелген адамдар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жұмыссыздықпен тіркелген оралман қандастарымыз, зейнеткерлер, түзету орындарында жазасын өтеп жатқандар бар, осылардың барлығы 1,4 миллион кісі. Оларға мемлекет төлеп отыр. Енді бұл санатқа кірмейтін екі жүз мың адамның құрамына кімдер жатады? Ол – дәрігерлер, мұғалімдер сияқты бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысынан немесе жұмыс беруші ұйымның есебінен медициналық сақтандыру қорына ақша аударылып отырады. Жаңа айтып өткен, сақтандырылмағандарды зерделеп қарап шықтық. Бейнесі кімдер ол кісілердің? Зерделеп көрсек, бұл санатқа негізінен, өзіне-өзі жұмыс істейтін такси жүргізушілері, шаруа қожалықтарындағы диқандар, маусымдық жұмыстағыларды жатқызуға болады. Әсіресе, маусымдық жұмыстағылар еш жерде тіркелмейді. Ауыз екі келісіп, жұмыс істей береді. Әлгі айтқан екі жүз мың халықтың есебіне осы санаттағы адамдар да кіреді. Олар ешқандай жарна төлеп жатқан жоқ. Сақтандырылмаған. Тағы бір айта кетейін дегенім, Қ Р Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Қасымқызы Дүйсенованың басқаруымен осы сақтандырылмаған кісілерге сақтандыру мәртебесін беру туралы республикалық штаб құрылған болатын. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде осыған орай «А, В, С, Д, Е» – деген сияқты осы топтағы адамдар түрлі категорияға бөлінген. «А» – өзіне-өзі қолжетімді айлығы бар кісілер. «Е» – категориясы жұмыссыз болып, ешқандай мүмкіндігі жоқ, ешқайда тіркелмеген, табыс көзі де жоқ адамдар. Сондай тұрғындар саны облысымызда жиырма бір мыңнан асып тұр. Олар әр емханада тіркелген. Солардың бәрін сараптап, әрқайсысына жеке-жеке қоңырау соғып, анықтадық. Осындай мақсатты жұмыстың нәтижесінде 19000 тұрғынды анықтап білдік. Осы он тоғыз мың азаматты жұмыспен қамту жөнінде Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен облыстық штаб құрылып, сараптап, бөліп жатырмыз. Әрқайсысының жағдайына қарай көмек көрсететін боламыз. Жұмыспен қамтуға, қысқа курстарда оқытуға байланысты, денсаулығының жағдайына қарай түрлі шаралар қарастырылуда. Кейбір емханаға бармай, мүгедектігін ала алмай жүрген адамдар бар. Шетелге кеткен, бірақ Түркістандағы, осы аумақтағы ата-анасының немесе өзінің үйінде тіркеуде тұрған адамдар бар. Біз осындай 1200 адамды анықтадық. Сонымен, біз қазір тек азаматтарды сақтандыру ғана емес, тіркеу, жұмыспен қамту мәселелерімен де айналысып жатырмыз.
Әрбір облыста бір-бір филиалдарымыз бар. Біздің облыста адам санына, медициналық ұйымдар санына есептеп, бізде 54 қызметкер бар. Оның жартысы сараптамамен айналысатын дәрігерлер. Қалғаны бухгалтер-экономистер, заңгерлер, сосын халықпен жұмыс жүргізетін, Лаура ханым бастап отырған бөлім түсіндіру жұмысын жүргізіп, арыз-шағымдар мәселесімен айналысады. Мұнан бөлек, медициналық көрсетілген көмек сапасын тексеру, медициналық ұйымдарға бөлінген қаржыны жоспарлау, сату және сатып алу бөлімдері бар. Арыз-шағым түсіп тұрады. Өйткені біз халықпен кездескен кезде оларға былай айтамыз:
«Өздеріңіздің барлық ұсыныстарыңыз, шағымдарыңыз, өтініштеріңіз болса, бізге беріңіздер. Бір-бірімізді дұрыс түсінуіміз керек қой. Сын түзелмей мін түзелмейді. Әрбір түскен шағымдардан біз медициналық ұйымдардың арасында рейтинг жүргіземіз. Екі бірдей медициналық ұйымда шағым көп. Мына ұйымда шағым жоқ деп. Бірінші ұйымда мысалы өзінің тұтынушыларымен жұмыс істейді. Бұл жерде әрбір медициналық ұйымдармен келісім-шарт бойынша, пациенттерді қорғау».
Медициналық ұйымдарда пациентті қолдау қызметі құрылған. Олар бір емхана немесе ауруханаға барған болса, сол жерде шешілмей жатқан мәселе болса немесе дөрекі іс-әрекет болып қалса, яғни шағым тудыратын жағдай болса, «Пациентті қолдау орталығы» шешіп беру керек. Егерде сол жерде шеше алмайтын болса, шағым-арыз бізге түседі. Біз тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Тексеру жұмыстарының негізінде біз сол ұйымдарға экономикалық тұрғыдан іс-шара қолданып, айыппұл қойып отырамыз.
– Демек, сіз халыққа медициналық сақтандырудан бас тартпаңыздар, беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланыңыздар дегіңіз келеді ғой?
– Тұрғындардың алдын ала тексеруден өтуіне ол ауруханаға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп қойған. Сол сіздердің денсаулықтарыңыз үшін бөлінген қаржы желге ұшпау үшін әрі әрбір аурудың алдын алу үшін мерзімді уақытында тексеруден өткен жөн. Әркім өз денсаулығына қарап, белгіленген тексеруден өтіп отырса, аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Содан кейін сіздің берілген ақшаңыз далада қалып кеткен жоқ. Ол есебінде тұр. Жалпы барлық адамның табыс көзі бірдей емес қой. Әлеуметтік мүмкіндігі бар кісілер мен табысы аз кісілер заңның алдында бірдейміз. Бірдей жауапкершіліктеміз. Сондықтан да құрметті Түркістан қаласының, аудандар мен облыстың тұрғындарына айтарым, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келіп, мүшесі болып, сақтандыру мәртебесін алу абзал. Ол біздің медицинаның дамуына мүмкіндік береді. Өйткені, қаржы көп болған соң, жаңа технологиялар, күрделі операциялар көбейеді.
Біз өз жұмысымызды жүйелеп жүргізіп отырамыз. Облыстың деңгейінде жоспарларымызды бекітіп, әр аудандарға шығып халықпен кездесу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Әр айда бірнеше ауданды аралаймыз. Сондай-ақ дәрігерлер қауымына да медициналық сақтандырудың қыр-сырын түсіндіреміз.Өйткені, жергілікті халық қажет ақпаратты сол жердегі емханадан немесе ауруханадан алады. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, әрбір азамат өзінің сақтандырылу мәртебесін тексеріп көруіне болады. Ол үшін емханаға барып, қоңырау шалу шарт емес. Бар болғаны телефондағы «Каспий банктің», «Халық банкінің», «Центркредит банктің» қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызмет» бөлімінен «Сақтандыру мәртебесі» деп жазып ЖСН арқылы тексеруге болады. Жасыл түс шықса сақтандырылған, қызыл түс шықса емханаға барып себебін анықтай аласыз. Негізі сақтандырылған мәртебесі шығу үшін он екі ай толық төлену керек. Арасында бір ай төленбей қалса, онда қызыл түс шығып тұрады. Ал, одан басқа қандай да бір сұрақтар туындайтын болса, бізде қазір 1414 сияқты кері байланыс тетіктері бар. Осы жерден де өзіңіз туралы толық мәлімет ала аласыз. Өздеріңізге белгілі, қазір технология дамыған заман. Керекті мәліметтерді «фейсбук», «инстаграмм» әлеуметтік желілерінен білуге болады. Одан бөлек, қордың fms.kz ресми сайтына, «Е-өтініш» арқылы сұрақ, тілектерді жолдауға болады. Біздің мамандарымыз сіздерді толғандырған мәселе бойынша кері байланысқа шығып, оның шешімі туралы хабардар етеді. Көмегін береді. Сондай-ақ, жаз айларында ұзақ мерзімді еңбек демалысқа шығатын мұғалімдер сияқты кәсіп иелерінің сақтандырылу мәселесінде туындаған іркілістердің шешімін табу мәселелері де білім басқармаларымен бірлесе отырып атқарған жұмыс нәтижесінде жолға қойылып келеді. Бұған дейін мұғалімдер демалысқа шыққан кезде жарна шілдеге түсіп, тамыз айында түспей қалуы себепті сақтандыру мәртебесінде үзілістер болып қалып жататын. Бүгінгі таңда ол заңмен белгіленіп, өзгерістер енгізіліп жатыр. Осыған орай, биылғы еңбек демалысының жалақысынан жазғы айлардың жарнасы автоматты түрде тең бөлініп түсіп отырады. Қыркүйек айында мектепке оралған кезде медициналық сақтандыру мәселесіне байланысты қиындық болмайды. Әлеуметтік сақтандыру мәселесіне байланысты тағы бір жағдайды айта кетейін. Мысалы, көлігіңізді, үйді сақтандыру – бұл жеке сақтандыру. Ал, біздің сақтандыруымыз, аты айтып тұрғандай, әлеуметтік сақтандыру. Бұл – үлкен ортақ қор. Жалпы, сақтандырылған азаматтардан түскен ақшаның жинақталатын ортақ қоры. «Мен қорға ақша беріп жатырмын. Сол ақшам қайда кетеді?» – деген сұрақтар қойылады бізге. Ол ақша азаматтың жеке шотында емес, Ұлттық банкте тұр. Егерде белгілі бір азамат ауырып, ота жасау керек болатын түрлі жағдай болып қалса, онда банк қор арқылы сол қаржыны бөледі. Ал енді, жарна мәселесіне келсек, бұл ең төменгі жалақы көлемінен белгіленеді. Бұл орайда да көпшіліктен жарна мөлшерінің өзгеруі туралы сауалдар жиі түседі. Ең төменгі жалақы бүгінгі таңда 85000 теңге. Бұл көрсеткіш республикада әр жылы бірінші қаңтардан бастап өзгеріп, жаңарып отырады. Мәселен, жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді, бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25500 теңгені құрайды. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Ал, жұмысшы МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 000 теңгені құрайды.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
-Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
-fms.kz ресми сайты
-Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
-1414 байланыс орталығы
-Damumed мобильді қосымшасы
-Halyk мобильді қосымшасы
-BCC.KZ мобильді қосымшасы
-Kaspi.kz мобильді қосымшасы
-egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.
– Нұрлан Икрамұлы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін жүйелеп түсіндірген сұхбатыңызға рахмет!
PS: Өздеріне арналған бекітілген мөлшерде айыппұл салып, шара қолданамыз. Айыппұл олардың табыс көзі ғой. Ешқандай кемшілік болмаса табысы да мол, айлығы да көбейіп отырады. Бұл денсаулық ұйымдарының арасында бәсекелестік тудырып отырады. Бұл өте орынды. Өзіміздің денсаулығымыз – өз қолымызда. Алла Тағала «сақтансаң – сақтаймын» – дейді. Мысалы, жыл басталып, қаржы бөлінгеннен кейін әрбір емдеу орнындағы мейірбикелер есепте тұрған тұрғындарға қоңырау шалып, профилактикалық тексеруден, скринингтен өтуге шақыра бастайды.
Сұхбаттасқан: Роза НАРЫМБЕТОВА