ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ – БІЛІМДІ БАСШЫ

171 көрілім

Түркістан өңірінде көп адамдар Зуппархан Субатовичті жолықтырғанда бірі жүгіріп келіп амандасса, көшенің арғы бетінен көргендері жүрегіне қолын қойып сәлемдеседі. Себебі неде? Себебі бұл кісі ұлағатты ардагер ұстаз, тәрбиелі тәлімгер. Онда өмірбаянын басынан бастап баяндайық.

Зуппархан Чалданов 1955 жылы наурыз айының 28 жұлдызында Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келді. 1962 жылы ауылдағы «БЛЖКО – ның 50 жылдығы» атты мектепке оқуға барып, 1972 жылы орта мектепті бітірді.

Алғашқы еңбек жолын 1972-1973 жылдары совхозда жұмысшы болып бастаған. 1973-1975 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген. 1976 жылы Наманган мемлекеттік педагогика институтына оқуға түсіп, 1980 жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітірді. 2015 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді. 1980-1985 жылдары Түркістан ауданы «Жастар және жасөспірімдер» спорт мектебінің жаттықтырушысы, дене тәрбиесі және спорт бойынша әдіскер, аға жаттықтырушы қызметтерін атқарды. 1985 жылы аталған мектепте оқу жұмыстары жөніндегі директор орынбасары, 1986 жылдан 1998 жылға дейін директор қызметін атқарды.

1998 жылдан 2019 жылға дейін «Иқан» жалпы орта мектебінде директор қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде көп жылдар бойы атқарған елеулі еңбегінің зейнетін көруде.

1994 жылы Түркістан ауданындағы № 23 – Құрылыс сайлау учаскесінен аудан мәслихатына, 1999 жылы № 17 – Иқан сайлау округінен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына депутат болып сайланды. Облыстық мәслихатта бюджет және экономиканы дамыту тұрақты комиссиясының мүшесі болды. 1991 жылы Қазақ ССР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, бірнеше рет Оңтүстік Қазақстан облыс мәслихатының, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2002 жылы З.Чалданов басқарған «Иқан» жалпы орта мектебі ұжымына оқу мен тәрбие жұмысындағы үздік жетістіктері үшін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Алғыс хаты» берілді. 2005 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің «Білім саласының «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Елбасының сарабдал саясатын қолдауда және жүзеге асыруда белсенділігімен дараланғаны және өзіндік ізденісімен көзге түскені үшін 2010 жылы «Жылдың ең үлгілі директоры», 2011 жылы Түркістан қаласының білім саласында «Ең үздік директор» номинациясымен марапатталды. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбек халқының тілі, мәдениеті және дәстүрлерін, ұлтаралық татулығын дамытуға қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін «Қоғам жанкүйері» медалімен марапатталды. 2012 жылы республикалық «Кәсіподаққа еңбек сіңірген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды.

2021 жылдан бастап ҚР өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дўстлик» қауымдастығының төрағасының орынбасары, кеңес мүшесі. Сондай-ақ, осы 2013 жылы Халықаралық психологиялық ғылым академиясының құрметті академигі болып сайланды.

Зуппархан Чалданов басқарған мектеп 2013 жылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы «Ең үздік 100 мектеп» қатарына енді. Білім саласында атқарған елеулі еңбектері еленіп, 2015 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 5 тамыздағы жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды. 2015 жылы Ескі Иқан ауылдық округі «Нұр Отан» бастауыш партиясы ұйымының төрағасы, 2016 жылы №17 облыстық сайлау округінен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс хатымен», Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалімен, 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің «Қазақстан полициясына 25 жыл» медалін иеленді. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағымен, ал, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрмет грамотасымен марапатталды.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXII, XXIII, XXIV және кезектегі XXV сессияларына төрағалық етіп, жоғары біліктілігінің арқасында өз міндетін зор абыроймен атқарды. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталды. 2019 жылы Президенттік сайлауда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытқаны үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Зуппархан Чалданов 2019-2020 оқу жылында жұмысшы мамандықтарына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша құрылған жұмысшы тобының мүшесі болып, осы саланың жұмысының алға басуына өзіндік үлесін қосты.

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінде Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының, «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органның мүшесі. Сонымен қатар, Облыс әкімдігі жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері және Өңірлік даму жөніндегі кеңес мүшесі. Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі.Сондай-ақ, Түркістан облысы білім басқармасының Ардагерлер кеңесінің мүшесі.

2024 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облысы Өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2024 жылдың мамыр айынан бастап ҚХА-ның мүшесі. 2024 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Түркістан облысының «Құрметті азаматы» атанған Зуппархан Субатұлы Чалдановты облыс жұртшылығы білім саласының жанашыры, халық қалаулысы, кәсіпкер меценат ретінде жақсы біледі. Ол 2017 жылы Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын алса, 2023 жылы Түркістан облысы мәслихатының шешімімен Түркістан облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болды.

– Мен Мемлекет басшысының төртінші Ұлттық Құрылтайдағы сөзінен қатты әсер алдым. Себебі, бірлік, ынтымақ бар жерде табыс та береке де болады. Президенттің берген тапсырмасын барлық сала түбегейлі жүзеге асыруға тиіс, – деп, Президенттің Бурабайдағы IV Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзі туралы өзіндік ой-пікірін білдірген Зуппархан Чалданов қазіргі таңда ауылдың дамуына және болашақ ұрпақтың тәлім тәрбиесіне үлкен көмек беріп отырған қадырменді қария, ардақты ұстаз. Жүздеген шәкірттері мен мыңдаған оқушылары мерейтой иесіне алғыстарын жаудыруда. Біз де 70 жасқа келіп отырған Зуппархан Чалданов ағамызды мерейтойымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы