КИБЕРҚЫЛМЫСТЫ ҚҰРЫҚТАУ БАСТЫ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІ

555 көрілім

Өткен аптаның жұмасында Түркістан облысы Полиция департаментінің жанындағы консультативті-кеңесші органының отырысы болып өтті. Құзыретіне сай аталмыш орган департамент тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, тиісті деңгейде өз ұсынымдарын енгізіп отырады. Осы мақсатта өткен басқосуда екі мәселе қаралды. Алғашқысы жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу және тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі туралы болды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайсар Абылайұлы консультативті-кеңесші орган мүшелерінің алдында баяндама жасап, осы бағытта атқарылған жұмыстарының бейнефилімін де көрсетті. Қызмет бабында лауазымын асыра пайдалануға тырысқан, бармақ басты көз қысты әрекеттерге жол беріп, жымысқы ниетін іске асырмақ болған қатардағы тәртіп сақшыларының теріс әрекеттерін әшкере еткен баяндамашы бұл бағыттағы жұмыстарының одан әрі жалғаса беретінін және оның алдын алу барысында кешенді шаралар қолға алынып отырғанын жеткізді. Өз кезегінде Түркістан облысы Полиция департаменті консультативті-кеңесші органының төрағасы, ҚР Ішкі істер органының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Мұхтар Ермеков өзіндік қауіпсіздік басқармасының қолға алып, атқаруы тиіс бұдан өзге де негізгі міндеттері бар екенін дегенмен аталмыш мәселеге бей-жай қарауға болмайтынына тоқталды. Сонымен бірге, басқосуға қатысқан аудандық, қалалық полиция бөлімдері мен басқармалар басшыларына, департамент қызметкерлеріне бірінші кезекте елдік мүддені, қызметтік міндетті басты орынға қою қажеттігін ескертті.

Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе киберқылмыстарды болдырмау мақсатында алдын алу профилактикалық іс-шараларды жүргізуге арналды. Бұған қатысты киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полция капитаны Ермек Шәкім хабарлама жасап, облыс аумағында тіпті республика көлемінде бірлескен жұмыстардың жүргізіліп жатқанын баяндады. Ермек Ералыұлы өз сөзінде киберқылмысқа қарсы күрес жұмыстарына департамент тарапынан барынша қолдау көрсетіліп отырғанын. Соның нәтижесінде былтыр осы басқарма құрылғанын атап өтті. Бүгінгі күнде басқарма тарапынан бірқатар қылмыстардың беті ашылып, қолды болған қаржылардың кері қайтарылғанын атап өтуге болады. Алайда, ол жұмыс аталмыш қылмысқа қарсы күресте тегеурін танытуда деуге келмейді. Алда бұдан да маңызды қадамдар жасалатындығына тоқталды баяндамашы. Расында да аталған мәселе бойынша кең ауқымда жұмыс жасалуы тиіс. Себебі, ел тұрғындары қазіргі таңда интернет алаяқтардың оңай олжасына айналды. Сондықтан киберқылмысқа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екендігі ұсынылды.

Айта кетерлігі, отырысқа Түркістан облысы Полиция департаменті консультативті-кеңесші органының төрағасы, ҚР Ішкі істер органының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Мұхтар Ермеков, Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының директоры, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов, Түркістан облыстық Ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, ІІО ардагері Оспанғазы Жанқожаев, Түркістан облысы Полиция департаменті, Тәрбие және кадр жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров, Түркістан облысы Полиция департаменті, Тәрбие және кадр жөніндегі басқарма орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Шамшат қатысты.

Қорыта айтқанда, отырыстың күн тәртібінде қаралған мәселелердің алдын алу жұмыстарын жалғастыру мен киберқылмысқа қарсы күрес шарасын барынша жедел жүргізу, осы бағытта қажетті қолдау жұмыстарына қатысты нақты ұсыныстар беру жайы ескертілді.

«Түркістан ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы