1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

282 көрілім

Ардақты ағайын!

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен  бейбітшіліктің мейрамы – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз екені Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі 30-жылдығына арналған сессиясында айтылды. Осы кезең ішінде бұл бірегей құрылым бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік іргесі, институционалды тірегі болып қалыптасты. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – арман-тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ біртұтас ұлтқа айналды. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына адалдықтың үлгісін көрсетіп, азаматтық бірегейліктің тағлымды жолын түзіп келеміз.

Мемлекет басшысының ұсынысымен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң қабылданып, күшіне енді. Осылайша, қазақтың бірлігі мен тұтастығының берекелі ордасы болған шаһар жаңа даму белесіне қадам басты. Тарихи тамыры тереңде жатқан Түркістанның ұлт бірлігін нығайтудағы орны ескеріліп, Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы түркі жұртының алтын бесік мекенінде өтті. Жаңарған Түркістанның ұлттық тұтастықты қамтудағы маңызын айшықтайтын «Достық үйі» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен ашылды.

«Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатын ұстанатын «AMANAT» партиясы, қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді ақыл-парасатпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал деп санайды. Пікір алуандығын, ой еркіндігін жақтап, заң мен тәртіпке бағынатын, демократиялық принциптерге адал, саяси мәдениеті жоғары қоғам құруды мақсат тұтады.

Біз, елдің ішкі бірлігін сақтай отырып, азаматтардың бірігуге және өз мүдделерін қорғау құқығын толығымен жүзеге асыруына жәрдем көрсететін саяси ұйымбыз. Біздің саяси тұғырнамамызда мемлекет тұтастығын қамту, елдің татулық-бірлігін сақтау, қоғамның қауіпсіз болуына ықпал ету міндеттері белгіленген. Біз жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, елімізде ұлтаралық татулықтың, конфессияаралық келісімнің салтанат құруына қоғамды ұйыстырып келеміз.

Партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Ұлттық мұра», «Кітап-AMANAT», «Таза бейсенбі», «Бақытты отбасы», «Құқықтық көмек», «Кедергісіз келешек» тағы да басқа жобалар қоғам тұрақтылығын сақтауға негіз болып, азаматтық бірлігімізді бекемдеуге қызмет етіп келеді. Партия атқарып жатқан жұмыстар ел бірлігін қамту сынды ұлттың ұлы мұратымен үндесіп жатқандықтан, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассаблеясы төрағасының орынбасары қоғамдық қызметіне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман сайланды.

Ардақты ағайын!

Қазақ халқы «Байлық байлық емес, бірлік байлық», дейді. Яғни, біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығынан артық қазына болған емес. Бірлігі мықты елдің ырысы ортаймайды. Бірлік мерекесінде баршаңызға бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы арта берсін!

Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облысы мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы