Түркістанда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобы құрылды

431 көрілім

2025 жылғы 17 сәуірде Түркістан қаласы Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің инспекторлары ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес, қала әкімдігінің мәжіліс залында ведомствоаралық жұмыс тобын құру бойынша дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту.

Жиынға Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты “Отбасын қолдау орталығы” басшысының міндетін атқарушы М.Досыбекова, осы салада жұмыс істейтін мекеме қызметкерлері және Түркістан қалалық емханасының өкілі А.Даханова қатысты.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы Ж.Нысанбаев өз сөзінде ҚР ІІМ-нің 2025 жылғы 22 қаңтардағы №50 бұйрығына сәйкес, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу стандарттарын басшылыққа ала отырып, ведомствоаралық жұмыс тобының құрылуы — отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасын тиімді ұйымдастыруға бағытталғанын айтты. Бұл жұмыс тобының құрамына Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Ғылым және білім министрліктерінің, сондай-ақ Бас прокуратураның өкілдері кіреді (ІІМ-нің 2023 жылғы 26 маусымдағы №513 бұйрығына сәйкес).

Жиын барысында Ж.Нысанбаев ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Ішкі істер органдары бұл санаттағы тұлғалармен жұмыс жүргізуде барлық мүдделі ведомстволардың үйлесімді әрекетін қажет ететінін жеткізді.

Өз кезегінде “Отбасын қолдау орталығы” басшысының м.а. М.Досыбекова қала көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды анықтау, оларға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, аудандық орталықтар және өзге де жауапты мекемелермен бірлесе қызмет атқаруға шақырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы