МҰЗ АЙДЫНЫ – МОЛ МҮМКІНДІКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

1  547 көрілім

Естеріңізде болса еліміз үшін қастерлі Конституция күні қарсаңында өңірімізде алғаш Мұз сарайы пайдалануға берілген болатын. Бұл дегеніміз, Түркістандық жасөспірімдер ендігі жерде мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек сынды спорт түрлерімен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналысуға мүмкіндік алды деген сөз. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Жаңадан бой көтерген мұз сарайына сүйіншілеп барып, мекеме басшысы Данияр Исабаев мырзамен сұхбат құрған болатынбыз.

-Аға, мұз сарайында оқушылар дайындау, оларды спортқа баулу басты назарда екені анық. Осы тұста, сол балаларды дайындауға жаттықтырушылар жеткілікті ме?

– Жалпы осыған дейін облысымыз бұл мәртебеге ие болмай тұрып өңірімізде қысқы спорт түрлері болмады. Сондықтан, бізде қазіргі таңда жергілікті мамандар жоқ. Нақтырақ айтар болсақ мамандар тапшылығымен әлі де күресудеміз. Дегенмен, тірі адам өз тіршілігін көреді деп барымен базар қылып жұмысымызды ілгерілетудеміз. Келіп жатқан оқушылар саны да, жасөспірімдер саны да күн өте артуда. Бұл әрине ең алдымен қуаныш. Жастарымыздың спортқа қадам басып, салауатты өмір салтын ұстанғаны біздің оларға дұрыс жол көрсете алғанымыз деп ойлаймын. Ал енді сол жасөспірімдерге жол көрсететін жаттықтырушылармен таныс болыңыздар. Бірінші кезекте Қазақстан құрама командасының бас бапкері болған, қысқы Азияда ойындарының жүлдегері және халықаралық спорт шебері Жаңабердиев Нұрберген деген бапкеріміз бізде шорт-трек спорт түрінен қызмет атқарып жатыр. Сондай-ақ, хоккей спорт түрінен кеңес одағының спорт шебері, бұрын атынан ат үркитін «Челябинск» командасының белді ойыншысы болған Эльмир Талгатович атты тәжірибесі мол жаттықтырушы қызмет атқаруда. Сонымен қатар, Орынбек Дінмұхаммед деген жаттықтырушымыз бар. Енді бұл жігіт жас болса да мұз үстіндегі тәжірибесі өте мол. Бұрын «Барыс» командасының бірнеше жаттығуларына қатысып, негізгі құрамда ойнамаса да сол спортшылармен иық тіресетіндей дәрежеде ойын көрсеткен азамат. Міне біздің қазіргі мамандарымыздың бары осы. Дегенмен алдағы уақытта білікті, мықты мамандарды жұмысқа алып, өңірімізді үздіктер қатарынан көрсетуге барымызды саламыз.

– Жаңадан бой көтерген Мұз сарайының сыйымдылығы қандай? Жалпы неше адамға ықшамдалып салынған?

– Жоғарыда айтып өткендей мұз сарайы жалпы ең алдымен өңіріміздің спортын дамыту бағытында қызмет атқарады. Нақтырақ айтар болсақ Олимпиадалық үш спорт түріне зейін қойып, нақты сол бағытта жұмыс жасаймыз. Ал жаңа ғимараттың ішіндегі споттық құрал-жабдықтар, киім ауыстыратын бөлме, жуыну бөлмесі және әр жас спортшыға арналған конькилерге дейін қарастырылған. Бұл жоғарыда айтқандай бірінші бағыт болатын болса, екінші бағытымыз жаппай сырғанау науқанын да ұйымдастырып жатырмыз. Яғни, спортшылардың жаттығуы аяқталғаннан кейін қала тұрғындарына да осы жерге келіп, спортпен айналысуына мүмкіндік бар. Нақтырақ айтар болсам, кешкі сағат 20:00-ден 24:00-ге дейін келіп, спортпен айналысып, көңілін көтеріп, сергіп қайтуына да мүмкінедік алып отыр. Ал демалыс күндері күндізгі 12:00-ден түнгі 24:00-ге дейін қабылдаймыз. Енді мекеменің сыйымдылығына келер болсақ. Бізде жалпы көрермендерге арналған орынның саны 1200-ге ықшамдалып салынған. Ал мұз айдынының көлемі 26-60 шаршы метрді құрайды. Бұл дегеніміз әлемдік талапқа сай дегенді білдіреді. Дегенмен, мұз айдынына бір уақытта 200 адамнан артық қабылдау қауіпті екенін де айта кеткен жөн. Бұл жаңа ғимараттың сапасыздығы дегенді білдірмейді. Бұл – қала тұрғындарының денсаулығы үшін айтылып жатқан ескерту. Себебі, бір уақытта 200-ден астам адам мұз айдынына кіретін болса бір-бірімен түйісіп құлау деген секілді қауіпті дүниелер орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан да біз осындай шешімге келген болатынбыз.

– Жоғарыда жергілікті жаттықтырушылар жоқ деп қалдыңыз. Демек жаттықтырушылар өзге өңірден келіп, жұмыс жасап жатқан мамандар ғой. Оларға тұратын тұрғын үй мәселесі ауырға соғып жатқан жоқ па?

– Иә бұл да бір сәл қиындық тудырып тұрған мәселе болып тұр. Себебі, жаттықтырушыларымыздың біреуі Астана қаласынан, енді бірі Шымкент қаласынан жұмыс бабымен ауысып келген мамандар. Әрқайсысының отбасысы бар. Оның үстіне, жаңадан ашылған мекеме болғандықтан жалақысы да аса көп емес. Дегенмен, жаттықтырушылармен жұмысқа келген күннен бастап тез тіл табысып, жақсы мәмілеге келдік. Сондықтан, бүгін болмаса да алдағы уақытта жоспарларымыз өте көп. Сол жоспарларды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етуге, бір-бірімізге демеу болуға уәделескен де болатынбыз. Мүмкін сол үшін де болар бізде қазір жағдай жаман емес. Үй мәселесі де дәл осылай ауызбіршілікпен оң шешімін тапты. Нақтырақ айтар болсақ, өңірімізде көмек қолын созып, демеушілік танытып жатқан азаматтарымыз да бар. Міне, сол азаматтардың арқасында қазір жаттықтырушылар да өңірімізге аянбай еңбек етіп, тамшы терін төгіп жатыр. Сондай-ақ, жоғарыда айтқан мамандар болашағын осы киелі мекенімізбен байланыстырып отыр. Бұл дегеніміз Түркістан жұртына еңбегін сіңіруге ниетті деген сөз. Енді алдағы уақытта мемлекеттік қызметкер ретінде үй алу кезегіне тұрып, түркістандық атануы да мүмкін.

Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал, Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа баулу аса маңызды. Осы тұста еске сала кетейік, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыс орталығында 7000 орынды Түркістан-арена стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпиада резервін даярлайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, заман талабына сай 75 ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы