ҚЫЗЫЛША ДЕРТІНІҢ ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӨРСЕТКІШІ ҚАЛАЙ?

670 көрілім

Бүгінде елімізде қызылша ауруы өршіп, эпидемиологиялық жағдай тудыруда. Тиісінше, жыл басынан бері бұл дертке душар болған халықтың қарасы қалың. Түркістан облысы бойынша жыл басынан күдікті 2893 жағдай тіркеліп, оның ішінде 1320 яғни, 45,6 пайызына «қызылша» диагнозы қойылған. Қазіргі таңда, облыс бойынша Ордабасы, Сайрам, Түлкібас, Төлеби аудандарында қызылша асқынып тұр. Бұрын «балалар шешегі» деп аталатын жұқпалы ауру, вакцина пайда болғанға дейін балалардың 85 пайызы дәл осы инфекциямен ауырған. Оған қоса, екі-үш жыл сайын эпидемия қайталанып, өршіп отырған.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда қызылша дерті еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Бұл туралы, жақында ғана ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлім етті. Оның дерегіне сәйкес, қызылшамен аурудың жоғары деңгейі Шымкент қаласында, Жамбыл және Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелген. Мамандар қызылшадан сақтанудың сенімді жолы тірі вакцинамен иммунизация жасау дейді. Қызылшаға қарсы 1 жаста вакцинациялау және 6 жаста ревакцинациялау жүргізілуі қажет. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, эпидемиологиялық ахуалға байланысты қызылшаға қарсы қарқынды жұмыс атқарылуда. Дей тұрғанмен, халық арасында тәуекел жасап, бүгінге дейін қызылшаға қарсы екпе алмай жүрген топтар да бар екен. Олар көбінесе 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2-3 жас және 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жас аралығындағы балалар дейді сала өкілдері. 2019-2020 жылдар аралығында қарсы вакцина алмағандарды медицина қызметкерлері жоспарға алып, биылдан бастап қарқынды түрде егу жұмыстарын қайта жүргізген. Ал Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің өткен айдағы қаулысына сәйкес, 6 қарашадан бастап екпе алғандар саны 51 591 жеткен. Оның ішінде: 6 айдан 10 ай 29 күнге дейін – 16 662, 2 жас – 4 жас аралығындағы балалар – 32 199, медициналық қызметкерлер – 2 730. Олардың 27,2 пайызы қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе алғандар. Ал 5 желтоқсанда қайта қосымша иммундау науқаны басталған.

Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы бұрын вакцина алғандардың ішінде қызылша жұқтыру дерегі кездесетінін жасырмады. Облыс бойынша бір ретік екпе алғандар саны қазіргі таңда 313 адамды құрайды. Демек, қызылша дертіне салғырттық танытып, бір реттік вакцинациядан кейін бармай қойғандар тізі облыста жетерлік. Ал бала кезде қызылшамен ауырғандар қайта жұқтыруы мұмкін емес дейді сала өкілдері. Себебі оларда тұрақты түрде иммунитет қалыптасатынын айтады. Ал қызылша жұқтырған адам не істеуі керек деген сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасы үйде емделуге кеңес берді.

«Клиникалық белгілері білінгенде қызылшаға қарсы иммуноглобулин ешқандай әсер бермейді. Науқас үйде емделуі тиіс. Ал ауруханаға асқынған жағдайда және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жатқызылады. Қызба кезеңінде төсектік режим ұсынылады. Төсекті көзге күн түспейтіндей қою керек. Науқасқа көп мөлшерде сұйықтық беріледі, жеміс шырындары, витаминдер. Көзге 20% сульфацил-натрий ерітіндісі, күніне 3-4 рет пайдаланылады. Антибиотиктер тек қана аурудың бактериальды асқынулары дамығанда тағайындау керек» – дейді мамандар. Сондай-ақ жұқпалы ауру өршіп тұрған шақта кішкентай балалар мен сәбилерді адам көп жиналатын жерлерге апармаған дұрыс. Себебі бала сыртқы инфекцияны қабылдауға бейім келетінін ескертеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша бұл індетке байланысты эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакциналау барысының әлсіреуімен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет әлсіреген сайын ауруды жұқтырып алу қаупі күшейе түсетінін алға тартады. Ал ең сұмдығы, жақында ғана АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі орталығы (CDC) қызылша дерті өршіп жатқан елдер тізімін шығарған болатын. Онда Қазақстан 12 985 жағдаймен үшінші орында тұр. CDC орталығының есебі қарашаның басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған дерекке негізделген. Онда 2023 жылғы мамырынан 2023 жылдың қазанына дейінгі кезең қамтылған. Одан кейін, 6 желтоқсанда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының” басшысы Манар Смағұл елде қызылшамен ауырғандар саны 20 мыңнан асқанын хабарлаған болатын.

Жалпы қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Қазақ халқы ел ішінде тараған, әсіресе жаңа туған нәрестені «баудай түсіретін» бұл жұқпалы аурумен ертеден күрескен. Кезінде инфекциямен ауыл шетіндегі бір бала ауырса, ол келіп-кетіп жүретін көрші-көлем арқылы бір қауым елге жұғып, тарап кететін болған. Негізінен, қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерт адамнан адамға ауа тамшылары мен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады екен. Соның салдарынан қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың жедел жұқтыру қаупі өте жоғары болатын көрінеді. Бұл вирус сыртқы ауаға төзімсіз. Көп жағдайда балалар ауырғанымен дерттің қауіптілігі өте жоғары. Жұқпалылығы – 95%. Ауру адамнан сау адамға ауа арқылы тікелей жұғады. Ортақ пайдаланылған заттардан, үшінші адамнан жұқпайды. Жалпы жылдың кез келген мезгілінде кездесе береді. Бірақ күннің салқындаған мезгілінде жиілейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлем бойынша әрбір сағатта 15 адам осы індеттен көз жұмады екен. 1980 жылдарға дейін бұл дерттен өлім көрсеткіші өте жоғары болған. Екпенің арқасында қызылша ауруын жұқтырушылар дерегі азайған. Бала бұл вакцинаны 12-15 айында және 6 жасында тегін алады. Егер екпе қабылдаған бала ауырған жағдайда да жеңіл өткереді. Ауруды алғаш жұқтырғанда бірден белгілері көзге түсе қоймайды. Бұл 7-21 күнге созылатын инкубациялық кезең деп аталады. Одан кейін бөртпе шығады. Жалпы бөртпе шыққаннан бастап бесінші күнге дейін баладағы қызылша келесі адамға жұғады. Асқынулар болса он күнге дейін келесі адамға жұқтыру қаупі бар. Одан кейін жұқпалылығы төмендейді. Егер бала кішкене кезінде бұл аурумен ауырған болса, онда өмірлік иммунитет қалыптасады. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, көздің қызарып, жасаурауы, жарыққа сезімталдығы, мұрнынан су ағуы, құрғақ жөтел, дауыстың қарлығуы, таңдайда қызыл дақтардың пайда болуы жатады. Бөртпе де ең бірінші бет, құлақ, мойынға, одан кейін кеуде, қол тұсына, кейін толық денеге шығады. Кейбір жағдайда аурудың деңгейіне байланысты іш өтуі, сандырақтауы, есінен танып құлауы мүмкін. Бұл ауру жалпы көп жағдайда балаларда жеңіл түрде өтеді, ал ересектерде ауыр асқынулар болуы мүмкін. Егер дәрігерге кеш келген жағдайда балада да, үлкенде де пневмония, көздің көрмей қалуы, құлақтың естімей қалуы секілді ауыр дерттерге ұласып кетуі мүмкін. Инфекция миға шабуылдаған жағдайда оның 40 пайызы өліммен аяқталады екен.

Одан бөлек қазіргі таңда азаматтардың діни сеніміне байланысты баласына екпе егуден бас тартушылар көбейіп келеді. Дертті жұқтырған балалардың жанында болған үлкендерге де екпе алуға болады. Ол үшін аймақтық учаскеңізге барсаңыз жеткілікті. Екпе алғаннан кейін дерттің белгілеріне ұқсас бастың ауыруы, дене қызуының көтерілуі секілді симптомдар кездессе алаңдаудың қажеті жоқ дейді дәрігерлер. Бұл ағзада ауруға қарсы иммунитеттің қалыптасып жатқандығынан екен. «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Сондықтан баламызға да, өзімізге де уақытылы екпе қабылдап, дәрігер нұсқаулығын мұқият тыңдаған абзал. Дерт дендемесін десек, денсаулығымызды күтіп, ұжымдық иммунитет қалыптастырған жөн.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы