- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жылдың соңы. Барлық жерде жылды қорытындылау үшін жұмыстың қарбалас болып жатқаны белгілі. Қай мекемені алсақ та, жылдық есебін абыройлы тапсырып, «үһ» деп жаңа жылды уайымсыз қарсы алғысы келеді.
Ал біздің айналайын қара шаңырақ – «Түркістан» газетінде де тіршілік қызу қайнап жатыр! Жаңа жылдың алғашқы жарты жылдығына жазылу жүруде. Барша журналистер белсенді! Отан қорғайтын сарбаздай сапта дайын тұрған журналистер өздеріне берілген тапсырма бойынша жан-жақта сабылып жүр! Бірі мектепте, бірі балабақшада, бірі газ мекемесінде, бірі ауруханада, бірі жедел жәрдемде, бірі Ақжайықта, Өнер мектебінде, тіпті бірі басқа ауданда. Қаланың жұмысы жүріп, айлық алып отырған мекемесінің бәрінде газетке жазылу науқаны. Журналистеріміздің мақсат-мүддесі ортақ. Ол – «Түркістан» газетіне жазылса, тиражын сақтаса һәм ғасырға жуық тарихы бар парасатты газет жабылып қалмай, әрі қарай Жаңа Қазақстанда өмірін жалғастырса.
Десе де, қызығы мен қиындығы қатар журналистік өмірде осы науқаннан абыроймен шығу әрқайсысының арқалаған асқақ арманы. Олай дейтініміз, журналист әр мекеменің табалдырығын аттағанда бірінен «алақайлап» көңілді шықса, бірінен үнжырғасы түсіп, көңілсіз қайтатын кездері де аз емес. Бірі «газетке жазыламыз» деп бірауыздан өзіңді қолдай кетсе, бірі «қайдан келе қалдың» дегендей жақтырмаған кейіп танытады. Хош делік, мұның барлығы науқанда кездесіп жататын жәйттар, еске түсіп кеткені…
Сонымен, өзіме жүктелген тапсырма бойынша кезегі келген мекеме – №3 облыстық перинаталдық орталығына келдім. Тиісті мамандарға газетке жазылу науқаны жайлы айтып, пысықтап алдым. Жыл бойы жақсы жаңалықтарымен, кеңестерімен бөлісіп, сұхбат беріп келген ақ халатты абзал жандарға алғыс айттық. Сөйтіп реті келгенде, осы орталықтың Сапа жөніндегі басшы орынбасары Закирова Дилдар ханыммен аз-кем сөйлесіп қалудың сәті түсті.
– Дилдар ханым, бүгінгі келуіміздің себебін білесіздер, тікелей медицина саласы бойынша сұрайын деп тұрған жоқпыз. Газетке ең көп жазылып жатқан мекемесіздер. Сондықтан жазылу бойынша ойыңызды білейін деген едім, өзіңіз газет оқисыз ба, қолдайсыз ба…
– Иә, әрине білеміз, желтоқсан айы басталғалы газетке жазылу науқаны жүріп, бізде де осы мәселе бойынша жиналыстарда жиі айтылады. Үлкен облыстық орталық болғандықтан, көп жаңалықтардан хабардар болғымыз келеді. Мекемеде қызметкерлер көп, «илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғандықтан, бір қалада тұрғандықтан бір-бірімізді қолдағанымыз дұрыс.
Сондай-ақ осы сәтті пайдаланып, сіздерге, яғни қалалық «Түркістан» газетінің редакциясына ұжым атынан шексіз алғысымызды білдірейін дедім. Бізге жыл бойы қолдау көрсеттіңіздер, тәжірибелі мықты дәрігерлерімізден сұхбат алып газет бетіне жарияладыңыздар. Қала халқы, атап айтқанда отбасын құрған, дүниеге дені сау нәрестені әкелуді армандайтын жас әйелдер осындай материалдардан өзіне қажетті қаншама мәлімет алды деп ойлаймын. Біздің тәжірибелі дәрігерлеріміздің алдына кеңес алуға келуге кейде қолы тимей қалатын келіншектер кездеседі. Сонда қолдарына газет тисе немесе жұмыс орындарында отырып оқып қалса, соның өзі оларға пайда емес пе.
Айта кетерлік жәйт, өзім газет оқығанды жақсы көремін, сонда байқағаным, газеттің 7-ші бетіне дәрігерлік кеңестерге арнайы орын бөліпсіздер. Бұл өте қажет. Мысалы, өкінішке қарай, биыл қызылша ауруы еліміздің түкпір-түкпірінде өршіп тұрды, кейбір жерлерде карантин жарияланды. Ал дүрліккен халық мұндай жағдайда қандай шара қолдану керектігін бір-бірінен естігенше, нақты дәрігер кеңесіне жүгінгені жөн. Сондай кезде газеттеріңіздегі түрлі емханалардың білікті дәрігерлері ұсынған кеңестері кімге болса да құнды әрі нақты ақпарат болды. Түрлі аурулардың алдын алу, емделу жолдары жайлы материалдарыңыз қала халқының бәріне қажет. Өзіндік ем қабылдағанша, анық мәліметке сүйенсе ешкім де жаңылмас еді. Соның барлығы «Түркістан» газетінен ұдайы беріліп тұрды.
Ал өткенде, қараша айында ел болып, облыс болып қуанған ең үлкен жаңалығымыз – жиырма миллионыншы қазақстандықтың дүниеге келуі! Жаңалықтың жаршысы екендіктеріңізге ұжым болып көзіміз жетті. Алғашқы бетке, түрлі-түсті суретімен сүйіншілетіп жазған материалдарыңыз әрбір қала тұрғынына қуаныш пен үміт сыйлағанына сенімдімін. Оның ішінде дәрігерлердің зор еңбегіне ерекше тоқталғансыздар. Біз тебірене оқығанымызды алғыс айта отырып жеткізгім келеді.
– Қолдауыңызға, газетті мұқият оқитыныңызға рахмет! Мұндай алғысты есту бізге де қанат бітіреді. Қолдаса балаша қуанамыз, дегенмен кейде бір мекемелерге барсақ, «қазір газетті кім оқиды дейсің?» деген жауап естігенде, келген ізімізбен кері қайтқанша асығамыз.
– Көңіліңіздегі кірбіңді түсінемін. Рас, көпшілік газет оқи бермейтін болды. Телефонға арқа сүйеп, интернеттен біліп аламыз дейді. Ал телефоннан оқыған жаңалықтар газеттен оқығандай болмайды-ау. Біз бұрыннан ата-аналарымыз газетке жазылып, сол кісілердің газет оқығанын көріп өскендіктен, әркім ойы әртүрлі. Дегенмен, өзімнің ойым, «көп түкірсе көл» демекші, ұжым болғандықтан, бір-бірін демеп, келісіп, ешкімді ренжітпей бірауыздан жазылса нұр үстіне нұр болар еді. Редакция да аурухана, мектеп, балабақша секілді мекеме. Олар да тарап кетпей, жұмыстарын жалғастырғысы келеді. Ал енді атадан балаға мұра болып келе жатқан жергілікті «Түркістан» газетін оқуды, оған жазылуды, біз Түркістан қаласының тұрғындары азаматтық әрі перзенттік парызымыз деп ойлаймын.
– Тамаша, сіздің әңгімеңізден кейін барша халық түгелдей жазылатындай сенім пайда болды. Рахмет, ендеше әңгімемізді түйіндей келе, осы жылдың 11 айдағы бала туу көрсеткіші жайлы мәлімет беріп, қуантып қойсаңыз?
– Шүкір дейік, Түркістан облысы елімізде бала туу көрсеткіші бойынша алда келе жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Мереке қарсаңында аналар мен сәбилердің дені сау, болашағы бақытты болса екен деген тілегімізді білдіреміз. Нақты мәліметпен бөлісер болсам, 2023 жылдың 11 айлық есебі бойынша 9500 сәби өмірге келді. Үшемдер саны – 2, егіздер – 112-ден асты. Сондай-ақ, оның ішінде 7,1 пайызы шала туған нәрестелер. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 19 967 964 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 387 957 адам, ауыл тұрғындары – 7 580 007 адам. Жыл соңына дейін санаулы күндер қалды, мереке қарсаңында көп сәбилер дүние есігін ашып, әлі талай отбасы қуанышқа кенеледі деген үмітіміз бар.
– Рахмет Дилдар ханым, еркін, жылы әңгімеңізге тағы да алғысымызды білдіреміз! Еңбектеріңіз арта берсін!
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.