Әрине, армандар орындалады. Байтақ даламызда жүрегі кең, жаны жомарт жандар барда бала арманы ескерусіз қалмайды. Ұрпағының бақыты үшін тіршілік кешетін ұлтымыз үшін баланың орны қашанда бөлек. Сол жолда арманның жетегінде жүрген бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға қаншама адам жанын құрбан етуге дайын.
Күні кеше 16-шы рет өткен «Армандар орындалады» жобасының бұл жолғы демеушілері, балақайларға қуаныш пен шаттық сыйлауға асыққан қатысушылары өңіріміздегі ақпарат саласының өкілдері болды. Осынау ерекше жобаны қолға алып, жасөскіндердің арманын ақиқатқа айналдыруға білек сыбанып кірісіп жүрген Әсел Бимырзаева ханымның еңбегін атап өтпеске болмас. Жас жүректерге жылу сыйлауды күнделікті дағдысына айналдырып, қарбалас тіршілік барысында балақайлардың арманын орындауды өз мүдесінен жоғары қоя білген Әселдің бұл ісі ерлікке пара-пар десек артық айтқандық болмас. Желі арқылы өзіміз көріп жүргендей жаны жомарт жандардың назарын аударып, балалардың қуанышын еселеуге себепші болып жүрген Әсел Бимырзаеваның бастамасына тілекші болып, қолдау көрсетіп жүрген жандарға да тек жақсылық көрсін деген ниеттеміз.

«Turan Mall» кешеніндегі «Baloo activity park» балалар ойын алаңшасында ұйымдастырылған балдырғандардың жаңа жылдық кешіне біз де бардық. Қолымызға хат алып, асқақ арманның жетегінде жүрген жеткіншектермен бірге қол ұстасып би биледік. Ақжарма тілегімізді жеткізіп, мерекелік кештің салтына сай сый-сияпаттар тапсырдық. Олармен тілдесіп, бірқатар балалармен жақын таныс болдық.
Осы «Армандар орындалады» атты жобасының кезекті шарасында 8 ерекше балаға журналистер қауымы қуаныш сыйлады. Осылайша әлгінде атап өткеніміздей 16-шы рет Түркістан төрінде ерекше балаларға көңіл күй сыйлау бақыты бұйырды әріптестерімізге. Сонымен бірге, жаңа жыл мерекесіне орай 25 ата-ана қамқорлығынан айрылған, аз қамтылған отбасылардың балаларына да сыйлықтар табысталды.
Жоба жетекшісі Әсел Бимырзаева өз сөзінде: «Балалардың есінде мәңгі сақталуы үшін осындай керемет кешті киелі шаһарымыздағы «Turan Mall» кешеніндегі «Baloo activity park» балалар ойын алаңшасында ұйымдастырғаны үшін басшылығына алғысымызды білдіреміз! Міне 33 баланың қуанышты жүздеріне куә болған күн болды. Әдеттегідей қолдау көрсеткен Түркістан қаласы мәдениет үйінің ұжымына, жақсылықтың жаршысы «Түркістан» телеарнасына алғыс айтамыз!»,-деп жүрекжарды лебізін жеткізді.

Айта кетейік, балалардың қуанышын еселеуге атсалысқан әріптестеріміздің қатарында белгілі журналистер Жандос Жұмабек, Мәлік Дәулетов, Төребек Байтас, Жанна Әлімбай, Әлия Ортаева, Қайрат Кәрібаев, Орынбек Қасымбек, Бауыржан Ерман деген азаматтардың есімдерін атап өткеніміз жөн болар.
М.ӘЛМАХАН.
