ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

203 көрілім

Түркістан қаласының өсіп-өркендеуі жолында халыққа жайлы жағдай жасау мәселесі алғашқы орында тұратыны бүгінгі заманның талабы екені белгілі. Осы тұрғыда қала және облыс әкімдігі өз тараптарынан тиісті жұмыстарды үйлестіруде. Тіпті Түркістанның түрленуі мемлекет басшысының назарындағы мәселе екенін де ұмытпауымыз керек. Оған Премьер-министр Ә.Смайыловтың шаһарға жиі табан тіреуінен аңғаруға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Құрылтайда: «Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дауларға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді», – деген болатын.

Иә, түркі жұртына ортақ мекен саналатын қаланың қарыштап дамуы қажет. Соңғы бес жыл бедерінде шынында да қарқынды жұмыс атқарылды деп ауыз толтырып айтуға болады. Соның арқасында Түркістан ерекше келбетке еніп, еліміздің оңтүстік өңірінде жаңа қала бой көтеріп үлгерді.

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР САНЫ 60 МЫҢҒА КӨБЕЙДІ

Қаланың жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 225 мың адамға жетті. Мұнда демографиялық өсімнің де жоғары екеніне мән бергеніміз жөн. Мұндай өсімнің орын алуы халықтың тұрмыс-тіршілігінің оң бағытта екенін аңғартса керек.

Қазіргі таңда қала әкімдігі жанында «Халықтық кеңсе» мен «1310» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар, қала аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешу жүйелері қарастырылған. Енді мына жайларға назар аударсақ, өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15,1 млрд. теңге болса, 2023 жылға 19,4 млрд. теңгені құрап, өсім 28,5 пайызға артқан. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға өсті.

Оның ішінде өнеркәсіп саласына 6,6 пайызға өсіп, 21,1 млрд. теңге көлемінде атқарылды. Ауылшаруашылық саласына 3,3 пайызға артты. 10,5 млрд. теңге құрады. Орындалған құрылыс жұмыстары 62,9 пайызға жетіп, 200,7 млрд. теңгеге жеткізілді. Тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 27,2 пайызы яғни 86,7 млрд. теңге тиесілі.

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 222,7 млрд. теңгеге жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15%-ға артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 8,5 пайыз 18,9 млрд. теңге жұмсалды. Ауылшаруашылық саласына 3 пайыз 6,8 млрд. теңге тиесілі. Орындалған құрылыс жұмыстары 51,7 пайыз 115,1 млрд. теңге құрады. Тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 36,8 пайызы яғни 81,9 млрд. теңге тиесілі. Аталған көрсеткіштер арқылы жыл өткен сайын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып келеді деген тұжырым жасауға негіз болады. Халықтық кеңсе арқылы 52 мың адам еңсесін көтерді.

Біз осы сандардың басым бөлігі бағытталып жатқан құрылыс, инженерлік инфрақұрылым бағытына мән берсек. Олай деп отырғанымыз қазір біз атап өтетін тұрғындардың өтініш-шағымдарының негізгі бөлігі осы салаға бағытталғанын жауапты мамандардың талдауынан байқадық. Мәселен 2020 жылдың 13 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келе жатқан Халықтық кеңседен 2023 жылдың 9 айында жалпы қызмет алған адамдар саны – 52163 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 6200 азаматқа мемлекеттік қызметтер бойынша кеңестер берілген. 38994 азамат «өзіне өзі қызмет алу бұрышына» келушілер болып табылады. Бұған қоса қала әкімдігіне жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайды. Тоғыз айдың қорытындысымен «Е – өтініш» ақпараттық жүйесіне 3 566 өтініш қабылданған. Ал, азаматтарға арналған үкімет кеңсесі арқылы – 3403 қызмет көрсетілген. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына шілде айынан бері тұрғындардан қоңырау қабылдауды бастады. Бүгінге дейін 4251 қоңырау түсіп, оның 98,4 пайызының шешімі табылды. Осы мәселелердің басым бөлігі көшелерді жарықтандыру, электр қуатының сапасын арттыру, тас және асфальт төсеу мен ауыз су, сарқынды су жүйелері секілді инфрақұрылымдық жұмыстарға бағытталғанын қала басшысының өзі де әрбір кездесулерде айтып жүр. Әрине, бұл шаһар тұрғындарының облыс орталығында заман талабына сай тұрмыс кешуі үшін қойып отырған заңды талаптары.

ҚАЛАҒА 350 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Ендеше аталған өтініш-тілектерді іске асыру барысында алдымен қазына қаржысы мен инвестиция тарту ісі қатар жүретіні белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында:

«Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.

Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.

Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс»,-деген болатын. Осы ретте биыл инвестиция көлемі 350 млрд теңгеге жуықтағанын айта кету керек. Атап айтсақ, 2022 жылы қала аумағында 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Оның 168,6 млрд. теңгесі бюджет есебінен болса, жеке инвестиция есебінен 136,3 млрд. теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан деген сөз. Ал, осы 2023 жылға инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңгеге жеткізілмек. Оның ішінде бюджет есебінен 102,0 млрд. теңге болса, жеке инвестиция 246,9 млрд. теңге болып межеленген. Биылғы 9 айдың қорытындысымен 245,8 млрд. теңгеге орындалды. Оның ішінде бюджет есебінен 91,2 млрд. теңге болса, жеке инвестиция 154,6 млрд. теңгеге жеткізілмек.

ӨНЕРКӘСІП ӨРЛЕУ ҮСТІНДЕ

Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгеге өнім өндіріліп өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,7 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 13,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 6,0 пайызға жеткізілді. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 6,0 млрд. теңгенi құрады, сумен жабдықтау 1,8 млрд. теңгенi құрап, 2 есеге артты.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айында 18,8 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3 пайызды құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 12,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,5 пайызға жеткізілді. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд. теңгенi құрап, өсім 25,6 пайызға, сумен жабдықтау 1,2 млрд. теңгенi құрап, 7,6 пайызға артты.

АЛТЫ МЫҢҒА ТАРТА ТҰРҒЫНҒА ПӘТЕР КІЛТІ БЕРІЛЕДІ

Енді тақырыбымызға арқау болған нақты салаларға орын берсек. Биыл алты мыңға тарта пәтердің кілтін өз иелеріне табыстау шаралары көзделіп отыр. Тарқатып айтсақ, 2023 жылға 412,6 мың шаршы метр немесе 5 966 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлер – 228,4 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер –184,2 мың шаршы метр болады. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында пайдалануға берілген тұрғын үй саны 294,0 мың шаршы метрді құрап, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға өсті. Ал құрылыс жұмыстары 55,0 млрд. теңгеге орындалып, өсім 2 пайызды құрады.

Ағымдағы жылы бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 59 үйін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Осы аталған жұмыстарға қоса Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үйдің 56,4 мың шаршы метр құрылысы облигация есебінен, несиелік тұрғын үй басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден несиеге берілетін болады.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 197 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Оның ішінде әлсіз топ өкілдері-6135, көп балалы отбасы-4662, бюджеттік қызметкер-5198, тұл жетім-200 және жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар саны екі адам.

2022 жылдың қорытындысымен 3 155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен – 2683 пәтер, көп балалы отбасына – 544 пәтер, әлсіз топ мүшелеріне 244 пәтер берілді. Сонымен қатар, кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 187 пәтерлерді сатып алуға 1,8 млрд. теңге қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде.

ҚАЛА 100 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҚ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Иә, үйлер салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Енді жаңа қонысқа жайлы жағдай керек дейтін болсақ, алдымен қыс мезгілі басталғанда жылу жүйесі еске түсетіні анық. Бүгінгі таңда, 14 қазандықтан жалпы орталықтандырылған жылумен қамтылған нысан саны – 347. Оның ішінде, орталықтандырылған көпқабатты тұрғын үй саны – 199 жалпы көпқабатты тұрғын үй саны – 313, ал 114 тұрғын үй дербес жылу жүйесімен қамтылған. Ал 148 әлеуметтік нысан, жеке және заңды тұлғалар орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етілуде.

Қалаға сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен құбырларды кезең-кезеңімен ауыстыру қажеттілігімен 1 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу құбырларының тозу деңгейі шамамен 79 пайыздан 30 пайызға төмендеді. 2023 жылы тозығы жеткен 3,7 шақырым жылу құбырына жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба іске асқан жағдайда құбырлардың тозу деңгейі 30 пайыздан 10 пайызға төмендейді.

Осы ретте жылу беру маусымында ойландыратын үш мәселе бар. Ол алдымен табиғи газбен қамту, электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету, жылу жүйесінің желісін тұрақты пайдалану болып табылады. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 2021 жылдың 1-қаңтарына дейін 52 052 абонентке табиғи газ желісі қол жетімді болған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 032 абонент немесе қала тұрғындардың 98,0 пайызы дербес шот ашып пайдалануда. Газ құбырына қосылмаған 798 абонент бойынша ішкі монтаж жұмыстарын атқаратын мердігер мекемелермен бөліп төлеу бойынша ұсыныстар жолдануда. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табиғи газ желісіне қосылуға демеушілер ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, «Отырар» мөлтек ауданында 5 қабатты 36 тұрғын үйді газбен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 1,1 млрд. теңге қарастырылып, қазіргі таңда газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен бірге, Түркістан қаласында 42 014 (электр абонентінің (35 669) абоненттері сапалы электр қуатымен қамтылған. 2022-2023 жылдар аралығында үш нысанның электр желілерін кабельдік желіге ауыстыру аяқталуда. Нәтижесінде қосымша 9 929 астам абонент электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын электр энергиясымен қамтуды 84,9 пайыздан 98,5 пайызға жеткізу жоспарлануда. Одан бөлек, қала аумағында 1446,7 шақырым электр желісі, 1308 трансформатор бар. Қазіргі таңда электр желілері мен трансформаторларды «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

ТҰРҒЫНДАРҒА САПАЛЫ АУЫЗ СУ ТОЛЫҚ ЖЕТКІЗІЛДІ

Қала әкімшілігінің алдына қойылған міндеттердің бастыларының қатарына тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту, кәріздің жүйесін жаңғырту және жол сапасын жақсарту болып табылады. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 41528 абонент ішінде ауыз сумен 41100 абонент, яғни 98,9 пайызы қамтамасыз етілген. Су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарларына 72000 м³ су жиналып, халыққа берілуде. Оған қоса, 2023 жылы 4 нысанның атап айтсақ, Мақтазауыт, І-ІІ мөлтек аудан, Яссы және Шауғар ықшамаудандары мен жаңадан қоныстанған аумақтар, Яссы, Шауғарда – 10178 абонент құрылысын аяқтау көзделуде. Жобаның құны 5323,8 млн. теңге. Нәтижесінде жыл қорытындысымен қалалықтарды сапалы ауыз сумен қамту деңгейін 99,5 пайызға жеткізу көзделуде.

Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен 32,2 пайыз немесе 12297 абонент қамтылған. Түркістан қаласында сарқынды су желісі – 127,25 шақырым, оның ішінде – магистральдық – 39 шақырым, көшедегілер желісі – 40, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48,2 шақырымды құрайды. Түркістан қаласында – 27 кәріздік сорғы стансасы және сарқынды су тазалау ғимараты жұмыс істейді. Оның қуаттылығы тәулігіне 20000 текше метр. Қалада – 38220 абоненттің 12297 ішінде 17 кәріздік сорғы стансасымен КОС 2014 жылы іске қосылған. Сарқынды су тазалау су желісіне қосылған абонент саны – 32,2 пайызды құрайды. Оның имараты тәулігіне 4,5 – 5 мың текше метр кәріз суын тазартуда.

Сарқынды су тазалау ғимаратында биотазалау ғимаратын толық жұмыс атқару үшін тәулігіне кемінде 10 мың текше метр кәріз суы келуі қажет. 10 мың текше метр су тазалау ғимаратына кәріз суының келмеу себебі қала аумағы кварталішілік абоненттік желімен қамтамасыз етілмеген. Жүргізілген сарқынды су желілерінің басым бөлігі магистралдық құбырлар. Осыған орай, қала көлемін сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 14 жоба іске асыру көзделген.

Қазіргі таңда, 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3 нысан 2023 жылы пайдалануға тапсырылады. Ал 5 нысан республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 95 пайыз, ал 2023 жылдың соңына дейін 36,3 пайыз сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады.

2022 жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 316,1 шақырымға жетіп 37,4 пайызды құраған болатын.

2021 жылы жалпы құны 19,2 млрд. теңгені құрайтын 4 нысанның құрылысы басталған болатын. Олар, Ә.Жангелдин көшесі, І.Қожабаев көшесі, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Халықпен кездесу барысында «Бекзат» мөлтек ауданында темір жол үстінен жаяу жүргіншілер көпір салуды сұраған болатын. Осыған байланысты, ағымдағы жылы 2 жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталуда.

Инженерлік инфрақұрылым жүйелері бүгінгі заман талабы екені айтпаса да түсінікті. Бірінші кезекте қала тұрғындарының жайлылығы үшін десек, одан соң шаһарға келетін түрлі деңгейдегі қонақтар үшін көзге көрінетін мәселелер де осы саладан басталады.

Қонақтар демекші қала аумағында туризм индустриясы кешенді дамып келеді. 2023 жылдың 9 айдың қорытындысымен Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 678,5 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өскенін көрсетеді. Сонымен қатар, 2023 жылы қаңтар-қыркүйек айларында шетелдік туристер саны 6,7 мың адамға жетті. Яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1 пайызға өсті.

Міне, осылайша Түркістан түрленіп келеді. Халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар тек мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта межеленген жұмыстар төңірегінде әлі де арнайы материалдар жарияланатын болады.

Ж.ӘЛМАХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы