Түркістан қаласы М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектебінің 4 «а» сынып оқушысы Қасымхан Мухаммедәли Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласында өтетін «Тәуелсіздік дарыны» атты Республикалық дарынды оқушылар байқауының 2-ші кезеңіне жолдама алды. Мухаммедәли түрлі тақырыптың ішінде «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тақырыпты таңдап, ұстазына арнап эссе жазған.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ағарту майданында еңбегі сіңген өмірлік ұстаздарға біз де алғыс білдіре отырып, шәкіртінің ұстазына деген жүрекжарды ойларын газет бетіне беруді жөн көрдік.
Байқаудағы көп тақырыптарды көріп жатып, мен бірден ұстаз туралы тақырыпты таңдадым. Өйткені мен өзімнің апайым туралы жазғым келді. Себебі біз биыл бастауыш сыныпты бітіріп, алғашқы ұстазымызбен қоштасамыз. Апайымыз осы жылы 4-сыныпты бітіретініміз туралы, сосын 5-сыныптан бастап басқа ұстаздардың сабақ беретіні туралы айтса болды, менің көңіл-күйім түседі. Өйткені мен өзімнің апайымсыз басқа мұғалімдерді ойлай алмаймын. Маған өмір бойы осы апайым сабақ беріп, осы апайым жол көрсетіп жүретін сияқты.
Сонымен, менің алғашқы ұстазым – Нұрмаханова Жазира апай. Апайым бізге нөлінші сыныптан бастап сабақ берді. Негізі біздің апай өзінің сыныбына оқушылар жинап жүрген екен. Біздің үйіміз мектепке жақын, сосын апай біздің үйге кіріп, ойнап жүрген мені қасына шақырып алып, атымды, жасымды сұрап танысқан екен. Ол туралы маған анам әрдайым айтып есіне алып отырады. Менімен танысып болған соң, анама қарап, мектепке баратын уақыты болыпты ғой мына балақайдың, мына бас тегін бас емес, іші тола ақыл екен депті. Сол кезден бастап менің жақсы оқитыныма сеніп, маған үміттеніпті. Осылайша мен Жазира апайдың сыныбына келдім.
Нөлінші сыныптан бастап оқытқан апайым. Қолыма қалам да ұстай алмаймын, бір әріп танымаймын, бір сызықты түзу сыза алмаймын. Оны қайдан білем десеңіздерші? Анам дәптерге алғаш сызып жүрген кездерімді телефонға түсіріп сақтайды. Сол видеолардан көрсем, мен сызықты да сыза алмайды екенмін. Сол кезде сонша қиын болған ба деп ойлаймын. Мен сияқты сыныптың барлық балалары да ештеңе білмейді. Бәрімізге алғашқы әріпті үйретіп, оқуды-жазуды үйреткен апайым батыр екен.
Жазира апайым қазір кітапты судыратып оқуды, әдемі жазуды, ақын-жазушылардың өлеңдерін жаттауды үйретті. Мен қазір кітап теріс қарап тұрса да тез оқитын болғанмын. Анам таң қалады. Балам күшті оқиды деп. Ал оның бәрін маған алғашқы ұстазым үйретті. Егер осы апайым болмаса, басқа апай үйрете алатын ба еді деп ойлаймын. Оқи алмайтын балдарды көрсем ұяламын. «Неге олар дұрыстап оқи алмайды, апайы жақсы оқытпаған ба» деп өзімнің апайымды есіме аламын.
Бірінші сыныпта ана тілін енді оқып жүргенімізде Жазира апай Абай Құнанбаев туралы тақырыпты өтті. Қатты қызығып тыңдадым. Үйге келіп, «Абай деген ата бар екен» деп келіппін. Өлеңдерін өте ұнатып жаттаймын. Апайым ақын-жазушылардың кітаптарын қызықтырып оқытқан соң, мен де қатты қызығатын болдым. Сөйтіп қандай өлең жаттасам да, оның авторы туралы да өмірбаянын қосып жаттаймын. Өйткені маған өте қызық болды.
Тағы бір мәрте қатты ойланатын жағдай болды. Көп балалармен автобусқа мініп циркке бара жатқанбыз. Бір аялдамада ұзақ күтіп тұрып қалдық. Тыныш отырмай аялдамадағы, соның жанындағы дүкен аттарын оқи бастадық. Менің алдымдағы қатарда отырған өзімдей бір бала жазуды буындап оқып отыр екен. «Кан-це-ля-ри-я-лық» деп қиналып отыр. Тоғызға келген бала осылай оқи ма деп ана балаға қарап қалыппын. Таң қалып отырдым. Апайы дұрыс үйретпеген бе деп ойладым. Өзімнің апайымды одан сайын жақсы көріп кеттім.
Апайым бізді жақсы оқу үшін қызықты ашық сабақтар өткізеді. Оған біз бәріміз жарысып дайындаламыз. Қыздар бантиктерін, біз мойнымызға галстуктарымызды тағып мереке сияқты келеміз. Жазира апай да сол күні әдемі болып кетеді. Топқа бөлініп, қол көтеріп жарысамыз. Артында отыратын комиссия апайлар да қызығып, біздің сыныбымызды мақтап кетеді. Апай бізге рахмет айтып, біз одан сайын бір-бірімізді жақсы көріп кетеміз.
Сосын апай бізге оқудан бөлек, таза болып жүруді үйретеді. Кімнің дәптері таза болмаса, қапталмаса, шаш, тырнақ өссе, ол тазалық туралы түсіндіріп, ендігі жолы бәріміз дұрысталып келеміз. Таза жүрмеген өте ұят дейді апай. Дәптерге ұқыпты жазуды үйретті. Бірінші сыныпта абзацтан бастап жазу үшін саусақтарыңды қойып бастасаңдар, абзац болады деп үйреткен. Қазір 4-сыныпта абзацтан бастау үшін саусағымды қойып белгілеп аламын. Бұның бәрі апайдың үйреткен әдебі, ұқыптылығы. Ол нәрсе менің өмір бойы есімде қалатын шығар. Сосын сыныбымыз да әрқашан таза, жарық. Әр сөреде кітаптар, журналдар ұқыпты жиналып тұрады. Кезекші болатын ұл-қыздар тақтаны сүртуге, дәптер тексеруге таласып жүреді. Оның бәрін апайымыз үйреткен.
Сосын тіл мерекесіне, ақындардың кешіне жаттау жаттаймыз, ерекше дайындаламыз. Апай қуансын деп, оқушысын мақтан етсін деп күндіз-түні берген өлеңдерін жаттап аламыз.
«Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым» деген өлең шын екен.
Апаймен 5 қыс, 5 жаз өтіпті. Әріп білмейтін кішкентай кезден бастап бірге келе жатырмыз. Анам «ол сенің екінші анаңдай» деп айтатыны да шын екен. Өйткені Жазира апайым да анам сияқты жанашыр, қамқор. Ауырып қалсам да уайымдайды, нашар оқып қалсам да уайымдайды. Балалар сабаққа келмей қалса неге келмеді деп уайымдайды. Апайымның уайымдайтынын көріп мен бір де бір рет сабақтан қалмадым. Анам да қатал. Сабақтан қалуға болмайды деп отырады.
Кішкентайымнан қасымда болған, өзіме қатты жаны ашитын апаймен осы жылы қоштасады екенбіз. Мен апайымды қатты жақсы көремін. 5-сыныпта да апайымның сабағына келіп тұрамын деп ойлаймын. Апайымның үйреткен тәртібін, тазалығын, ұқыптылығын жалғастырамын. Үлкен болып кетсем де Жазира апайым менімен мақтанатын болады. Барлық ұстаздарым алғашқы ұстазым сияқты болса екен.
Қасымхан МУХАММЕДӘЛИ,
№6 М.Мәметова атындағы мектептің
4-сынып оқушысы.