Тарихи шаһардың халқына тартуы таусылар емес. «Облыс» мәртебесін иеленгелі жаңа ғимараттар, саялы бақтардың саны артуда. Сол секілді, қала әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан ауқымды істердің бірі – халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Бүгінде қаланы газдандыру жұмыстары 3 кезең бойынша жүргізілуде. Халықты 100 пайыз газбен қамту мақсатында ІІ және ІІІ кезеңнің аясында, 11 нысанның жобалары әзірленіп, 2 магистралды және 9 ішкі жүйелерін жүргізу қарастырылған.
– 1-кезең бойынша Түркістан қаласын газдандыру 2013 жылы «КазТрансГазАймақ» АҚ инвестициялық жобасымен 3018 абонентке, 2015-2016 жылдары 7500 абонетке, жалпы 10518 абонент табиғи газбен қамтылған. Сонымен қатар, әкімшілік іскерлік орталығы, Жібек жолы даңғылы мен А.Рысбеков көшесінің қиылысында орналасқан ПГБ – 4 нүктесіне дейін табиғи газ жіберілді. Жоба бойынша, Шығыс моншасы, Тарихи мәдени орталығы және «Яссы» мөлтек ауданындағы 3198 абонент, Тұран тұрғын үй массивіндегі 6195 абонент табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады,- деді Түркістан қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов.
Қаламыздағы 1 және 2 мөлтек аудандарындағы 75 көпқабатты үйлерде 2800 пәтер бар. Оның ішінде қазіргі таңда 1219 тұрғын иелері газбен қамтылған.
Ендігі мәселе тұрғын үйлерге газ кіргізу шаралары көңілге кірбің ұялатып отырғанын жасыра алмаймыз. Осы ретте әрбір азамат өз үйіне табиғи газ тартуда белсенділік танытуы тиіс. Немесе мақаламызға арқау болған сандардан келер пайда шамалы. Бұл сөзімізді жергілікті атқарушы орган да құптап отыр. Сондықтан, бітер істі созбалаңқыға салмай, нақты әрекет түбі берекетке ұласатынын оқырман назарына ұсынбақпыз.
Шынар БОЛАТ.