ДАҢҒЫЛ ЖОЛДЫ АЖАЛ ОШАҒЫНА АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ

1  138 көрілім

Күңіренген күз мезгілі де аяқталып, қаһарлы қыс та келіп жетті. Құрметті жүргізуші, көлігіңіз қыс мезгіліне дайын ба? Мұнымен айтпағым, көлік доңғалақтары да қалың киімін киіп, олай жасамағандар тәртіп сақшыларының назарына түсіп, айыппұлға ілігу қауіпі бар. Бұл дегеніміз, көшеде арлы-берлі ытқыған темір тұлпарлар ала таяқ ұстағандардың ғана емес, бейнекамераның да жіті қадағалауында болатынын ұмытпаңыз.

Жә, тақырыпқа оралсақ. Жақында қаламызда қатарынан екі күнде жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде екі азаматтың өмірі қыршын кетті… Ресми ақпараттарға сүйенсек, 23 жастағы азамат №21 жалпы орта мектептің алдынан өтіп бара жатқан 7 жасар мектеп оқушысын қағып кеткен. Кәмелет жасқа толмаған балдырған Түркістан қалалық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түсіп, қайтыс болды.

Сонымен қатар, қаламыздағы ірі даңғылдардың бірі Б.Саттархановта Түркістаннан Шымкент қаласының бағытына кетіп бара жатып, жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өтіп жатқан 73 жастағы қарт азаматты қағып, оқиға салдарынан тұрғын өмірден озды. Бұл екі күнде орын алған жағдай әрбір жүргізушіге де, қала тұрғынына да үлкен сабақ болғаны анық… Себебі, жазатайым оқиға үшін тек біржақты кінәлау дұрыс емес. Дегенмен, мұндай қайғылы оқиғалардың дені көлік жүргізушілерінің тарапынан болатынын да жасырмақ емеспіз. Өйткені, адам өміріне залал тигізгендердің бірі жылдамдықты асырса, бірі жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра көлікті басқарған. Дей тұра, Б.Саттарханов даңғылында жол белгілері толық орнатылмағанын ескерсек, мұндай дүние алда тағы қайталанбасына кім кепіл? Өйткені, әлеуметтік желідегі оқырмандардың да көкейінде осы сұрақ. Сұрап білгеніміздей, аталмыш даңғылда әлі де күрделі жөндеу жұмыстары жүруде, пайдалануға берілмеген. Дегенмен, бұл – көшеде жүруге болмайды деген сөз емес. Алайда, көлік жүргізушілер сағатына 40, 60 шақырым жылдамдықты сақтауы тиіс және қатаң қадағалауы керек.

Мәселен, статистикаға сүйенсек, былтырғы жылы жол-көлік оқиғасы 133-ті құраса, биыл 10 айдың есебі бойынша 71-і тіркелген. Соның салдарынан, былтыр 22, ал биыл 9 кісі өлімі орын алған. 2018 жылы 174 адам жарақаттанса, 2019 жылдың қазіргі күніне дейін 89 адам жарақат алғандар тізімінде.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Оразбековтің сөзінше, даңғылды кеңейту, жаяу жүргіншілер жолын салу, веложол, жалпы барлығы 2020 жылдың мамыр айына дейін жалғасуы ықтимал. Ал, бағдаршамдар желтоқсан айында орнатыла бастамақ. Енді, «Ақмақта» мөлтек ауданында орын алған жайтқа байланысты анықтағанымыздай, онда барлық жол белгілері толықтай қойылған.

Шығар қорытынды, жүргізуші «жетсем» деп, жаяу жүргінші «өтсем» деп, біраз дүниеге «нүкте қойылды»…

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы