Балалықтан даналыққа

922 көрілім

Қазақта «екі аяғы салбырап, аспаннан түскен ешкім жоқ» деген астары қалың ақылды сөз бар. Бұны айтып отырған себебіміз: ақын, жазушы Саттар Ерубаев та, бәріміз секілді бала болған. Бала болса да, оқу-білімге деген құштарлығы мен ынта-жігері зор еді. Саттар өзі Қазақстанның киелі жерлерінің бірі Отырар өлкесінің тумасы. Түркістан қаласында тұратын Есім деген ағасының үйінде жатып, қазіргі «С.Ерубаев музейі» орналасқан ғимаратта оқыған. Ол жылдары бұл ғимарат орыс-түзем мектебі болған. Саттар соның орыс сыныбында оқып, өте алғырлығымен көзге түседі.

Есім ағасының үйі қазіргі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан аумаққа жақын болған. Қазір бұл үй бұзылып кеткен, фотосуреті ғана сақтаулы. С.Ерубаевтың өзінің жазуы бойынша, ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қасына барып кітап оқығанды жақсы көрген екен. Бұл туралы «Менің құрдастарым» романында баяндалған. Онда: «…Мен анам берген кітапты… ең бірінші рет Әзірет Сұлтанның дәл түбінде отырып оқыдым. Кітаптың басы жыртылып қалған екен…» – деп еске алады.

С.Ерубаев «Бақыт» деген новелласында: «Біздің үй Түркістан қаласының оңтүстік жақ шетінде болатын еді», – деп жазғанда, әжесі Пәтек, ағасы Есім, жеңгесі Жібекпен бес-алты жыл бірге тұрған кезіндегі оқиғалар мен жоғарыда айтылған үйді суреттеген.

Саттар кішкентай кезінен «балалықты қиып», көбінесе кітап оқығанды жақсы көрген. Ол үлкен анасы Пәтекті «әже» деп атаған екен. Түркістандағы жылдарында осы әжесі оны ерекше еркелетіп, бауырына басып өсірген. Бір қолын буыршын шайнап, кестірген Пәтек әжесі шаруға көп араласа алмай, көбіне Саттарға өлең-жыр, қиссалар оқытқызып, соны тыңдап, өзі де әңгіме-ертегі айтып, уақытын ақылды ұлмен өткізуді ұнатқан екен. Жаздың ұзақ күндерінде, тал көлеңкесінде, Саттар әжесінің тізесіне жантайып жатып кітап оқыған. Жай ғана оқып қоймай, «оқығанын көңілге тоқыған». Міне, С.Ерубаевтың балалықтан даналыққа қарай аттаған алғашқы қадамдары осылай басталған.

Жас күнінде қолына түскен кітабын оқыса, Ресей елінің Санк-Петербург (бұрынғы Ленинград) қаласындағы «Герцен атындағы педагогика институтының» «Әдебиет» факултетінде білім алып жүрген кездерінде, кітап оқуды жүйелі түрде қолға алған. Сөйтіп бүкіл әлем классиктерінің таңғажайып шығармаларымен түгел танысып шығады. Кейбірінен аудармалар жасайды. Келе-келе өзі де жаза бастайды. Өзге ірілі-ұсақты шығармаларын қоспағанда, оның нәтижесі, бәрімізге бұрыннан таныс – «Менің құрдастарым» романы.

Жалпы алғанда, Саттар әдебиетті өте жақсы көрген және осы жолда, өзі өмірден өткенше, жанын салып еңбек еткен. «Ерім дейтін елі барда», С.Ерубаевтың еңбектері елеусіз қалмақ емес.

Айгүл ИСАБЕКОВА,

С.Ерубаев музейінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы