- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Әрбір күнін адам өмірі үшін арпалысқа арнап жүрген денсаулық сақтау саласының әрбір қызметкерінің еңбегі ерлікпен пара-пар.
Жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау, сірә. Дәрігер болу үшін адамға ем дарытып қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де болуы керек. Сол салаға күллі ғұмырын арнап, адал жүрекпен, шын көңілмен еңбек жасауы қажет. Сонда ғана халықтың сыйлысы, құрметтісі болады. Шорнақтық Жаннат Үсенова – осындай ақ халатты абзал жан.
Өмір дерегіне көз жүгірте отырып. кейіпкеріміздің бұл салаға келуіне тағдыры себепші болғанын байқағандаймыз. Өйткені, соғыстан кейінгі бірде аш, бірде тоқ заманда дүниеге келіп, өмір үшін күресте шыңдалып өскен, күй талғамайтын күшті де, адамдық қасиеттерін биік қойған арлы ұрпақтың өкілі. 1948 жылдың 8 маусымында Сауран ауданына қарасты Қосмезгіл елді-мекенінде дүниеге келген оның балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарда өтіпті. Зұлмат соғыстан жаралы оралған майдангерлер мен тылдағы ауыр еңбектен әбден арып-аршыған, денсаулығы сыр берген ауыл адамдарының жан азабы Жанаттың жүрегін жараламай қоймады. Қиналғандарға қайтсем көмектесе аламын деген бала арманы оны биік мақсаттарға жетеледі.
1966 жылы орта мектепті бітірісімен Түркістан қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1969 жылы медбике мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Шорнақ ауылындағы емханада бастайды.
«Дарақ бір жерде көгереді» дегендей, Шорнақ ауылдық емханасында 30 жыл табан аудармай еңбек етіп, 1998 жылы зейнеткерлікке шықты.
– Әлі есімде алғаш емхананың есігінен имене аттағанымда маған қолдау көрсетіп, мамандығымның қыр-сырына баулыған ұстаздарым Әбдіразақова Фатима, Стамқұлов Еркінбек, Тұяқова Зейнет, бірге қызмет еткен құрбыларым Саламат, Зина, Мәнсиялардан үйренгенім көп болды. Осындай жанашыр, қамқор жандардың арқасында кәсіби маман атандым.
Иә, айтуға оңай болғанмен, осы 30 жылдың ішінде қаншама қиындықпен бетпе-бет келіп, қаншама адамды ажал құрығынан құтқарып қалуға тура келген кездерім әлі есімде. Шалғай ауылдарда, көбіне мал соңында жүрген ауыл қазағы ыңқыл-сыңқылға мән бермей, ауруын асқындырып келетіндіктен, жанына араша түсе алмай қалатын жағдайлар да аз болмады. Әр адамның өмірі үшін өзімді жауапты сезінгендіктен мұндай оқиғаларға жүрегім қатты ауыратын,- дейді Жаннат Үсенқызы.
Қандай қиындық болса да қайыспай, өз міндетін жауапкершілікпен атқарған ол Алла ғұмыр беріп, дәрігердің шипасын дарытқан пендесінің бәріне жан жылуын сыйлап, сауығып кеткенше бар білімі мен білігін аянып қалмады. «Қажет болсаң ісін тастап келу құрметтеудің белгісі» деген қанатты сөзді өмірлік қағида тұтқан жүзі жылы, жүрегі нұрлы мейірбикені оның дәреметін көрген ауылдастары да ардақтап, алғысқа бөленді. Өз өмірінің мәнін қоғамға адал қызмет ету деп түсінген абзал жан жұрттың ақжарма тілегін естіген сайын көңілі марқайып, бойына қуат алатындай. Сондықтан, жаздың аптап ыстығы, қыстың ызғарлы суығы демей, өзіне жүктелген міндеттерді мұқият, ұқыпты атқарыпты. «Адам жанының арашашысы» деген атқа лайық болған ол әріптестерінің құрметіне ие болды.
Жүрекке де жүйкеге де салатын салмағы көп жұмысты уақытпен санаспай атқарса да әманда сабырлылық пен парасаттылық қасиет-қадірінен ажырамаған Жаннат апа келін болып түскен еліне, жарына да адал қызметімен, мінсіз мінезімен жағып, үлкендердің батасын алған ардақты ана.
Жаннат апаның өмірлік қосағы Мансұр Құрбанғалиұлы Шаймарданов көп жылдар колхозда бригадир, мақта зауытында жетекші болып еңбек еткен елге сыйлы азамат. Екеуі Бахадыр, Ықтияр, Махадил, Жалалиддин есімді 3 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған. «Жанұяның ұстыны ер болса, әйел – есігі» дегендей, осы алтын босағаның табалдырығын жарқыратып, бір қолымен бесігін тербетіп, ұл-қыздарын еңбек ете жүріп жеткізді. Құдай қосқан қосағы Мансұр Құрбанғалиұлының бұл фәни өмірден өткеніне 15 жылдың жүзі болыпты.
Бүгінде осынау ұл-қыздарынан 12 немере, бір шөбере көріп отырған Жаннат Үсенова базарлы шаңырақтың иесі. Қиын заманның тезінен өтіп, көп тағдырға куә болған Жаннат апаның көкірегіне сақталған көп сырдың тиегін ағыта қалсаңыз, талай тарихқа қанығарыңыз анық. Өмірден көргенін көңіл сүзгісінен өткізіп, кейінгіге өсиет етер өнегелі әңгімеге айналдыра білетін қазыналы қария ұрпағына сыр сандығын жиі ашып, адастырмас даналығын дарытып келеді.
Ләззат САРЫБАЕВА.