АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ

630 көрілім

Денсаулықты бірінші байлық десек, жанымызды дерттен жазып, саулығымызды тілейтін сол медицина саласының қызметкерлері. Дүние жарығына 1956 жылы Шорнақ ауылында келген ақ халатты абзал жан Мария Сәденқызы  өз ісінің білікті маманы атанған ардагер мейірбике.

Орта мектепті бітірісімен Түркістан медицина училищесіне оқуға түсіп, 1976 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын осы жылы  балалар емханасында мейірбике болудан бастап, одан кейінгі жылдары жұқпалы ауруларға қарсы ауруханада, реанимация  бөлімінде жалпы 21 жыл Түркістан қаласында  еңбек еткен.

Бір ауылда туып-өскен, бір мектепте  бірге оқыған құрдасы Дүйсенбек Өтенов  екеуі бір-бірін ұнатып, 1976 жылдың 31 желтоқсан күні отау құрған.  Құдай қосқан қосағы Дүйсенбек Өтенов аудандық емханада шофер қызметін атқарыпты. Ерлі –зайыптылар  2000 жылдан бастап туған ауылында еңбек ете бастаған. Мария Сәденқызы Шорнақ ауылындағы емханада мейірбике ісін жалғастырып, құрметті еңбек демалысына осы жерден абыройлы еңбегімен шыққан. Үздіксіз, аянбай қызмет еткен мейірбикенің әрбір ісіне халық дән риза. Кіршіксіз көңілімен балтыры сыздап, басы ауырған адамдарға көмектесуге алып-ұшып тұратын елгезек мінезі де емделушіге жұғымды. Қызмет барысында үлкен жетістіктерге жетіп, денсаулық сақтау саласының алғыс хаттарымен марапатталған.

Мария Сәденқызы мен Дүйсенбек Өтенов екеуі  Нұрғали, Болат, Күлайым, Асылзат есімді екі ұл мен екі қызды өмірге  әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген. Қырық жылдан аса отандасқан өмірлік серігі Дүйсенбек Өтенов 2018 жылы өмірден озыпты. Бұл өмірде анаға бала қасіретін тартқаннан ауыр азап жоқ шығар, сірә. Атпалдай екі азаматының бірі 25, екіншісі 27 жасында бірінен кейін бірі өмірден озып, бүгінде қайтыс болғандарына 10-14 жыл өтсе де  ауыр қайғыдан еңсесін тіктей алмай отырған Мария апаның  өн-бойынан  мұң көрініп тұрғаны біздің де көңілімізге қаяу түсірді. Осы орайда, Мария апаға еңсеңізді көтеріңіз, қалған ұл-қыздарыңыз өмірлі-ғұмырлы болсын, осынау ұл-қыздарыңыздың рахатын көріңіз,-деген тілегімізді жеткіздік. 

Әңгіме арасында Мария ападан мейірбике мамандығының қыр-сыры мен  есте қалған оқиға туралы сұрай отырдық.

–  Осыдан біраз жыл бұрынғы оқиға әлі есімде.  Бекетте кезекшілікте тұрғанымда судіргі алған жеті айлық  сәбиді ата-анасы қолдарына көтеріп алып келді. Дереу тексеріп жатырмын. Сәбидің тамыры соқпайды, пульс жоқ. Дәрігер келгенше емдеуге кірістім. Балалар емханасында алған көп жылғы еңбек тәжірибемнің көмегі осы сәбиге тиді. Дәрігер келіп, тексеріп дәрі-дәрмектерін жазып берді. Сол кезде мейірбике болғаныма, кішкентай жеті айлық сәбиді аман-есен алып қалғаныма қатты қуанған болатынмын. Ал,  ата-анасының қуанғанын көрсеңіз. Жақында сол сәбидің бойжетіп, үлкен қыз болғанын көріп, еңбегімнің елдің игілігіне жарағанына масаттандым.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына  сай,  қолжетімді және сапалы медициналық қызмет    көрсету   жолында бар мүмкіндіктер  жасалуда.  Осы  орайда  айтарым, халықты  уақытылы скринингтік  тексеруден  өтіп, салауатты  өмір  салтын ұстауға  шақырамын.  Қазіргі  таңда  зейнет  жасында болсам да тұрғындардың денсаулығын жақсарту өз қолдарында тұрғанын айтқым келеді. Дер кезінде уақтылы дәрігерге көрініп тұрса, барлық аурудың алдын алуға болады, – дейді ардагер мейірбике.

Бүгінде үлкен шаңырақтың ақ жаулықты анасы атанып, ұл-қыздарынан 15 немере көріп отырған Мария Сәденқызы Өтенова тамырын кеңге жайған бәйтерек.

Қолдағы ұлы Болат пен келіні Ақбөпеден 4 немере сүйіп отырған Мария апа еңбегінің зейнетін көріп отырғанына да 13 жылдан асып қалыпты.  «Келін ененің топырағынан жаралады» деген қанатты сөзді қайран бабамыз қалай тауып айтқан десеңізші. Олай деріміз, келіні Ақбөпенің сырт келбеті ғана енесіне ұқсап қалмай, екеуінің де мамандықтары мейірбике болғаны сүйсіндіреді. Бүгінде  Ақбөпе   Айтжанов атындағы жалпы орта мектепте мейірбике болып еңбек етеді.  Мария апа көп жылғы еңбек тәжірибесінен келіні Ақбөпеге айтып, ақыл-кеңесін беріп отырады.  Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.  Елімізде осындай мейірімді абзал жандардың адал еңбек етіп жүргені келешек ұрпаққа үлгі боларлық ұлы іс.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы