- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Елтай Бимаханбетұлы түркістандықтарға белгілі есім. Ол көп жылдардан бері қала көлемінде басшылық қызметпен қатар, шығармашылық жолында қалам тербеп келе жатқан оқырмандарына кеңінен танымал қаламгер, 17 кітаптың авторы. Елағаң – әдебиеттің төрт жанрында (поэзия, проза, драма, публицистика) қатар алып келе жатқан қаламгер. Оның шығармашылығы адамгершілік, тәрбие, отансүйгіштік тақырыптарына арналған. Елағаңның өлеңдері, мақалалары әрдайым республикалық баспасөз беттерінде кеңінен жарияланып тұрады. Шығармалары тартымды, оқылуы жеңіл, тәлім-тәрбиелік мәні зор, оқиғалы болып келеді.
Елтай Бимаханбетұлы 1932 жылы наурыз айының 13-і күні Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы кешегі кеңестің кезіндегі «Өзгент» кеңшарының мал жайылымында ауқатты отбасында дүниеге келген. Сол жылдары әкесі – Өмірұлы Бимаханбеттің бар мал-мүліктері тәркіленеді де, өзін 1932 жылдың күзінде бай-кулак атандырып, кейін «халық жауы» дегізіп, ұстатып жібереді. Болашақ қаламгерді етжақын-туыстары 1935-1936 жылдары 23-разьездегі балалар үйіне өткізеді. 1939-1940 жылдары сол кездегі «Талап» ұжымшарында тұратын үлкен шешесі Айсұлу іздестіріп, Елтайды өз қолына алып тәрбиелейді. Күн көрістері қиындап кеткен соң, 1946 жылы 30-разьезде тұратын үлкен ағасы (Бай-кулак әрі «халық жауының» баласы болып, қашып жүрген жері – Өзбекстаннан келген кезі) Сейіт шешесі мен інісін өз қолына көшіріп алады.
Елтай көке Түркістан ауданына қарасты Шорнақ елді мекеніндегі Фрунзе атындағы орта мектептің жанындағы интернатта жатып, осы мектепті 1951 жылы бітіреді. 1957 жылы Алматыдағы Абай атындағы пединститутының филология факультетін тәмамдап, Түркістан ауданы мен қаласында оқу-ағарту және мәдениет саласында 30 жылдай басшылық қызметінде жұмыс атқарады. 1992 жылы жерлесіміз Саттар Ерубаев мұражайын ашып, оның атына мектеп пен бір көшенің атын беруге ықпал жасайды. Өзі ашылуына ұйытқы болған Саттар Ерубаев мұражайының алғашқы директоры және Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде Түркістан қаласының барлық көшелері мен мектеп аттарын қазақшалауды қолға алып, ұйымдастырады. Мәдениет саласын басқарып жүрген кезінде 1978 жылы Түркістан қаласының Халық театрын ашады. Ал, 1982 жылы «Қаратау» халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып және «Победа» колхозының мәдениет үйі жанынан өзбек халық театрын ашуға ықпал жасайды.
Елтай Бимаханбетұлы 1962 жылы белгілі драматург Ә.Әбішевтің «Сәт сапар» тілеуімен алғашқы туындысы – «Қарақұрт» атты бір актілі комедиясы жарық көреді. Ал, 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі атеистік тақырыпқа конкурс жариялап, «Тасаттық» атты бір актілі комедиясы осы жабық конкурста бірінші орынды иеленеді. 1984 жылы «Жалын» баспасынан «Оралу» повесі, 1986 жылы осы баспадан «Тарғыл мысық» атты әңгімелер жинақтары жарық көрді. Ал, 1985 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 5-санына «Тасыған төгілер» атты бір актілі комедиясы жарияланды. 1989 жылы «Жұлдыз» журналының 11-санына «Сағыныш» атты көлемді әңгімесі, 1992 жылы «Қос қуаныш» атты бір актілі және 1993 жылы «Зауал» атты бір актілі комедиялары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Біздің сахна» атты жинаққа енді. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған аймақтық (Кентау мен Түркістан қаласы, Отырар және Түркістан аудандары) шығармашылық байқауға «Көмекбайдың күнделігі» атты әңгімелер топтамасымен қатысып, І-орынды жеңіп алды.
Соңғы кездері Елтай көке поэзиямен де айналысып келеді. 1996 жылы әдебиетші әрі жазушы, фиология ғылымының докторы Құлбек Ергөбектің алғы сөзімен Түркістан баспасынан «Арнау», 1997 жылы осы баспадан филология ғылымының кандидаты жазушы Бекен Ыбырайымовтың алғы сөзімен «Тағдыр» атты өлеңдер мен дастандар жинақтары жарық көрді. Ал, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығына арнап, «Тойға тарту» атты өлеңдер мен дастандар жинағы және «Пьесалар жинағы» Алматыдағы «Дәуір» ЖАК «Кітап» өндірістік бірлестігінен жеке кітап болып шықты.
Елтай Бимаханбетұлы 2001 жылы Түркістан қаласында республиканың 10 жылдығына байланысты өткен батагөй ақсақалдардың «Батаменен ел көгерер» атты республикалық бірінші байқауына қатысып, 12 облыстан келген 42 ақсақалдың арасынан үздік шығып, Бас бәйгенің жеңімпазы атанды. Түркістан қаласының намысын ойдағыдай қорғап шыққаны үшін осы қаланың сол кездегі әкімі Өмірзақ Әметұлы Елтай Бимаханбетұлының «Көзқарас» атты тіл мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы толғаныстарын 2002 жылы Алматы қаласындағы «МерСел» баспасынан демеушілік жасап, шығарып берді.
Қаламгер кейінгі кездері тынымсыз еңбек етудің арқасында 2000 жылы «Тойға тарту» мен «Пьесалар жинағы», 2002 жылы «Көзқарас» атты кітабы, 2003 жылы «Бесін ауған шақ» атты әңгімелері мен хикаяттары, 2004 жылы «Түркістаным-Отаным, киелісің» атты өлеңдері мен дастандары жарық көрсе, 2005 жылы «Соңғы арбакеш» атты жан-жақты жанрда жазылған кітабы жарық көрді.
Ал, соңғы кездері «Қырсық келін», «Сізге үй дайын», «Әкімнің қызы», «Біз де пендеміз», «Соңғы сөз», «Ажалға араша», «Күтпеген кездесу», «Соңғы сөз», «Қос қуаныш» сияқты қазіргі заманның кейбір қайшылықтары мен жағымсыз көріністерін нақты да өте нанымды етіп жеріне жеткізе әшкерелеп, таза адамгершілік қасиеттерді де қапы жібермей, барынша әсерлі етіп көрсеткен пьессалары мен жалпы шығармалары 5 том болып шықты.
Елағаңның еңбектері еленіп, «Құрмет» орденімен, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, Социалистік жарыстың жеңімпазы медальімен 3 рет, Ұлы Жеңістің 40,50,60,65,70 жылдығы медальдары және көптеген «Алғыс хаттармен» марапатталған. Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Сондай-ақ, ҚР Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың арнайы жарлығымен қолға алынған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының 2014 жылғы тұңғыш жеңімпазы атанды. Бүгінде Елтай көке 90-ды алқымдап қалса да, қалалық қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, әлі қаланың тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. Қазірдің өзінде қалалық «Қ.А.Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің, ономастикалық комиссиясының, ардагерлер ұйымы пленумының белсенді мүшесі қызметтерін атқарып жүр.
P.S. Елтай көке жоғарыда айтып өткеніміздей ағарту және мәдениет саласында басшылық қызметтте жүргенде қасиетті мекенді түлету оған мәртебе беру жөніндегі көптеген мәселелерді көтеріп, тиісті орындарға хат жолдаған. Атап айтсақ, кезінде Түркістанды рухани және туризмнің орталығына айналдыру, көгілдір отын мәселесін алға тартып, мемлекеттік деңгейде көтеріп, сол жылдарда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде Түркістан қаласына қатысты көптеген мәселелерді көтеріп, оның оңды шешілуіне ұйытқы болғанын біреу білсе, біреу білмес.
Кезінде абыроймен қызмет атқарып, Түркістан ауданы мен қалалық Кеңестерінің бірнеше рет депутаты болған Елағаң өмірлік жары Елена Төлеуліқызы екеуі – сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, 35 немере мен 27 шөбере сүйіп отырған өнегелі үлкен шаңырақтың иелері. Сонымен қатар, Елтай көке сурет салып, музыкалық аспаптарда ойнап, әнді де керемет айта білетін қария. Осындай өнерлерін ұлдары мен немерелері үлгі тұтып, атасының жолын басып келеді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ,
«Түркістан».