- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жақында Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер қауымдастығының кеңсесінде қауымдастық мүшелері басқосты. Жиында қауымдастық төрайымы Инара Намазбаева 6 айда атқарылған жұмыстарға тоқталып, қауымдастық мүшелерімен бірге жасалған жұмыстардың қатарында қайырымдылық және жоспарға сәйкес атқарылған тірліктерді ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, басқосуда Швейцарияда өткен әлемдік Іскер әйелдер Саммитіне қатысып келген Инара Әбдіғаппарқызы мен Насиба Атаева ауқымды шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
Жиын соңында «Қуаныш» ЖШС-нің бас директоры, Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаевадан сұхбат алдық.
– Инара Әбдіғаппарқызы, әуелі Іскер Әйелдер қауымдастығы туралы айтып өтсеңіз? Бұл қауымдастықтың қатарына кімдер кіре алады?
– Қазақстанның Іскер Әйелдер қауымдастығы — Республикалық қоғамдық үкіметтік емес, қоғамның барлық саласында жұмыс істейтін іскер әйелдерді біріктіретін ұйым. Бұл ұйымның миссиясы – «Көрнекті және маңызды болу, яғни кәсіпқой және көшбасшы болу». Демек, әйел адамдардың өмірде белсенділік танытып, өз армандары мен мақсаттарына жетуге септесуді көздейді. Біздің ұйымдағы әр әйел талантты, білімді, белсенді ең бастысы өмірде өз орнын тапқан жандар.
Бұл қауымдастықтың мүшесі болу үшін ең алдымен, қоғамда белсенді қызмет етіп жүрген әйел болуы керек.
Әр әйел өз армандарын жүзеге асыруға құқылы. Сондықтан, өмірде өз жолдарын табуға ұмтылатын жандар біздің қауымдастыққа кіре алады. Бүгінде біздің қауымдастықта 18-35 жас аралығында әйелдерге кәсіп жолында, тұлғалық дамыту үшін «Жас қанаттар» бөлімі бар. Қауымдастықтың «Жас қанатын» ашу бұл дер кезінде қолға алынған шара деп ойлаймын . Шын мәнінде, бүгінде жастардан үйренеріміз және үйретеріміз көп. Мен осы қауымдастыққа тіркелгеніме, өзіме осы жолда зор жауапкершілікті алғаныма өкінбеймін.
Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының барлық өңірлерде өз филиалдары бар. Біздің Түркістан облысында да бұл қауымдастық белсенді жұмыс істейді. Бүгінде біздің өңірде қауымдастықтың мүшелігінде 50 әйел бар. Әйелдер саясат, мемлекеттік басқару, бизнес, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет секілді тағы да басқа салаларда жұмыс істейді. Әйелдердің барлығы әртүрлі салада еңбек етсе де, оларды біріктіретін – жаңашылдыққа ұмтылу, өмірді жақсартуға бағытталған. Сол себепті де біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз қоғамдық мәселелерді қамтиды.
– Қауымдастықтың 6 айда атқар-ған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
– Түркістан облысы Іскер Әйелдер қауымдастығының 6 айда атқарған жұмыстары айтарлықтай. Алдымен, менторинг жобасы бойынша 28 әйел оқыту курстарынан өтті. Тимур Бекмамбетовтың «Асыл бала» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырған акциясын қолдау мақсатында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 50 мектеп оқушысына бір күндік демалыс ұйымдастырдық. Атап айтқанда, 50 баланы кинотеатрға апарып, тамақтандырып, түрлі ойындар ойнауына жағдай жасадық. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Алаштың әні – Түркістан!» атты эстрадалық ән кеші ұйымдастырылды.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының 18 мүшесі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту әрі жастарды кәсіпкерлікке баулып, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосу мақсатында Астана қаласында өткен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының «Жас қанаттар» жастар кәсіпкерлігінің форумына қатысып, іс-тәжірибе алмасып қайтты.
Тұңғыш Елбасы қоры ұйымдастырған республикалық «Қайырымдылық керуені» іс-шарасына біздің облыстық қауымдастықтың «Жас қанат» мүшелері Шынар Омарова «Мейірім жолында» номинациясы бойынша, Ақмарал Ғаниқызы «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша қатысып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаеваның алғыс хатымен марапатталды.
Мектеп жасындағы қыздардың мінез-құлық, тәлім-тәрбиесі, ой-өрісін дамыту туралы білім басқармасымен бірлесіп, конференция, тренинг, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығы республика бойынша «Жәрдем» көп балалы аналарды қолдау бағдарламасын ұйымдастырды. Осы жоба аясында Түркістан облысы бойынша 10 көп балалы аналардың мамандық иесі болуы және қар-жылық сауатын ашу үшін оқыту жұмыс-тары жасалынды. Қоғамды ізгілендіру ісінде түрлі байқаулар, шеберлік сабақтар, тренингтер мен конференцияларды көптеп ұйымдастырдық. Осы бағытта әлі талмай еңбек ете бермекпіз.
– Швейцарияда өткен жаһандық әйелдер саммитінен алған әсеріңізбен бөліссеңіз?
– Адам оқудан, ізденуден және жаңа дүниені көруден жалықпау керек. Осы ұстаныммен өмір сүретін мен жақында Швейцарияның Базель қаласында өткен 29-шы Жаһандық Әйелдер саммитіне қатыстым. Жалпы, бұл самитке 72 мемлекеттен 1600 адам қатысып, өздеріне мол білім жинады. Ал, Түркістан облысынан Баян Балкен, Насиба Атаева және Шымкент қаласынан Құралай Бекенова осындай керемет саммиттің қатысушысы болдық.
Бүгінгі ғасырдың әйелдері тек қана ошақ басында ғана емес, олар ел тізгінін ұстап отырған билік өкілі, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген білікті кәсіпкер, ерлермен қатар ауыр жұмыстан қорықпайтын жаны нәзік бірақ, рухы мықты жандар. Біз қатысқан саммит осы сөзімнің нақты мысалы дер едім. Осы іс-шараға қатысып өзге мемлекеттердегі әйелдер қауымымен танысып, олармен өзара пікір алмастық, болашақ мақсат-міндеттерді сараладық. Біздің тіліміз, діліміз, дініміз бен ұлтымыз әртүрлі болғанымен бізді біріктіретін ол қоғамды, әлемді жақсы жаққа өзгерту болып табылады.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– «Өзiңдi жұрт сыйласын десең, алдымен өз-өзiңдi сыйла» деген даналық сөзді өмірлік ұстанымым етіп алғанмын. Міне, дәл осы принциппен өмір сүремін. Өйткені, қоршаған ортаға деген сыйластық алдымен өзімізден бастау алады. Біз бәріміз айналамызға сыйлы, құрметті болғымыз келеді. Бірақ, өкінішке орай көптеген адамдар өзгелерден құрмет күтіп, өзімен өзі жұмыс істемейді. Біздің қоғамда өзгелерді құрмет тұтып, өздеріне деген сыйластықтары мүлде жоқ адамдар бар. Ал, керісінше жетістікке жеткен адамдардың барлығы өздеріне деген құрметтері жоғары болғанын тариxтан жақсы білеміз. Тіпті, кейде ауруханаларда, дүкендерде қарапайым кезекте тұрғанда да адамдардың бір-бірімен мәдениетсіз сөйлесіп, жанындағы адамдарға ауыр сөз айтып жатады. Ал, өзін қадірлеген адам осындай төмен дәрежеге түсе ме? Әрине жоқ. Адамның киген киімі, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, жұмысын жауапкершілікпен орындауы, уәдеге берік болуы, мәдениетті болуы осының барлығы адамның өзгеге емес, ең алдымен өзімізге деген сыйластығымызды көрсетеді. Сондықтан, қоғамға сыйлы, елге абыройлы болу үшін адам әуелі өзін сыйлап,адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуы керек. Адам бірінші өзін құрметтеп, сыйлаудан бастау керек.
– Отбасында бала тәрбиесіне аса мән бересіз бе?
– Балалы болу бүкіл әлемге сүйінші сұрайтындай үлкен қуаныш. Өйткені, бала бұл біздің өміріміздің жалғасы, біздің жүрегіміздің бір үлкен бөлшегі. Сол себепті әр ата-ана үшін балалы болу зор мақтаныш. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілік. Өйткені, жаңа туған нәресте аппақ парақтай. Оның бойына туғанынан қандай қасиеттерді дарытсаң, нені үйретсең соның барлығын қабылдап алады. Сондықтан, бала тәрбиесі – жауапты іс. Баланың саналы, тәрбиелі болып қалыптасуы үшін менің ойымша әрбір ата-ана бірінші өзі сондай болуы керек. Әр ата-ана баласына үлгі. Біздің балаларымыз бізге қарап бой түзейді, бізден үйренеді.
Қазақ халқы үшін отбасында ұл баланың алар орны ерекше. Себебі, ұл ол ең алдымен шаңырақтың иесі, елінің қорғаны. Міне, сондықтан да ер балаларға артылар жүк те жауапкершілік те жоғары.
Өзім үш ұлды тәрбиелеп отырғандықтан, ер балалардың психологиясын, олардың ішкі жан әлемін жақсы түсінемін. Шыны керек, бала отбасында қандай тәрбие алса, сол алған тәрбиесіне сәйкес азамат болып қалыптасады. Сондықтан, ұлдарымызға жақсы тәрбие беріп, олардың еңбекқор, саналы болып қалыптасуында біздің яғни, ата-аналардың атқарар жұмыстары өте көп.
Р.S.: «Екі дүниең абат болсын, Екі тойың қабат болсын» дегендей, Инара Әбдіғап-парқызы қауымдастықтың 6 айда атқарған еңбектері жайлы есеп беріп жатқанда елордадан қуанышты хабар келіп жетті. «Қуаныш» ЖШС-нің директоры Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаева Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасы бойынша 2019 жылдың «Сала көшбасшысы» атанды. Жыл сайын берілетін «Сала көшбасшысы» сертификаты Қазақстан экономикасын дамытуға ерекше әлеуметтік үлес қосқан, мекемелер мен кәсіпорындарға табыс етіледі. Сондай-ақ, республика бойынша 60 ірі сауда орталықтары мен базарлары арасында жүргізілген ұлттық бизнес-рейтингте мемлекет салығына қосқан үлес көрсеткіші бойынша «Қуаныш» ЖШС орталық базары 4-інші орынды иеленсе, Түркістан облысы бойынша 1-інші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Биылғы жылдың 7 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне арнайы шақырылған Инара Әбдіғаппарқызын және ол басқарып отырған «Қуаныш» ЖШС ұжымын жеңіске толы мерейлі сәттерімен құттықтап, еселі еңбектерінің жемісін көре берулеріне тілектеспіз.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».