- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Медициналық қызметтің сапасы жоғары болса, оған емделушілер тарапынан сұраныстың арта түсері сөзсіз. Әрине, жаныңызға жайлылық сыйлап, дертіңізден айықтырып, лайықты ем-дом жасауға талпынатын медициналық орталықтар саны артып келе жатқаны баршамызға аян. Қаламызда да осы бағытқа бетбұрыс байқалады. Алайда, бүгінде әлеуеті жеткендер арасында шетел асып тісін емдетіп жүргендерді құлақ естіп, көз көріп жүр. Бірі ол жақтың медициналық қызметін жоғары бағаласа, келесілер қызметімен бірге, еңбекақысының да қолжетімділігін алға тартады. Бұл ретте аузын айға білеген алпауыт мемлекеттер емес, іргеміздегі Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкенттің дәрігерлері біздер үшін орны бөлек жандай көрінеді. Өңіріміздегі ағайынның айтары осы. Қадірлі оқырман, не айтпағымызды бағамдап отырған боларсыз.
Әлемде мұнайдан кейінгі табыс көзі саналатын туризмнің бір тармағы осы медицина саласына тиесілі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қаражатыңыз жетсе жаныңызды қинамай жоғары деңгейде шипа жасайтын медициналық орталықтардың жарнамасы қаптап тұр. Жанымыз қиналса шетелге қарай аңсарымыз ауатынын да мойындауымыз керек. Бірақ, көп жағдайда қалта шіркін ел кезіп, ем алуға мұрша бермейді. Не істемек керек? Лаж жоқ, үйде отырып кезегі ұзын-сонар «порталды» (жоспарлы ем) күтеміз. Билік те бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуға барын салып жатыр. Десе де, оған әлі уақыт керек секілді.
Кейбіреулер әлгі «порталға» иек артпай, жеке ауруханалардың қызметін пайдаланғанды жөн санайды. Түркістанда ақысын төлесеңіз ондай орындар да бар. Бірақ, қызметі қаншалықты сапалы, оларға деген сұраныс деңгейі қалай? Міне, көлденең тартқан осындай сауалдарға журналистік көзқараспен зерделеу жүргізіп көрдік. Қаламызда аты көпшілікке танымал үш жекеменшік медициналық орталық бар. Осы орталықтардың жауапты тұлғаларымен жүздесіп, аталған мәселелер төңірегінде аз-кем сұхбат құрдық. Әлеуметтік желі арқылы оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Ендеше, аталмыш мекемелер қызметіне тоқтала кетсек.
«ТАЛҒАТ» КЛИНИКАСЫ
Алғашында орталық қалалық аурухана болып жұмысын бастаған «Талғат» клиникасы қазіргі таңда 185 төсек-орынды және 10 бөлімшелі көпбейінді аурухана. Мұнда терапия, неврология, эндокринология, урология, ЛОР, гинекология, жүкті әйелдер потологиясы, босану, реанимация, хирургия және қабылдау бөлімдері мейлінше қызмет етуде. Клиника жанынан 2016 жылы емхана ашылып, 28 мыңға жуық адам тіркелген. Бүгінде кез келген тұрғын өзі қалаған емханаға тіркеле алатындығын ескерсек, тіркелушілер саны да ауысып тұрады екен. Самал, сауран мөлтек аудандарымен қатар қаланың жан-жағынан тіркелушілер көп. Жалпы ауруханада 460 қызметкер жұмыс істейді. Зираш Жарымбетова басқаратын клиника заман талабына сай заманауи құрал-жабдықтармен ұдайы толығу үстінде. «Клиника «Талғат» ЖШС» жекеменшік болғанымен, мемлекеттік ауруханалар сияқты тегін қызмет көрсетеді. Себебі, мемлекеттік тапсырыс та жоғары. Жоспарлы түрде ем алатындар (портал арқылы) және жедел көмекті қажет ететін науқастар да ақысыз қаралады. Ал, сыртқы туризм бойынша шетелден туристер келетін болса, оған алғашқы көмек тегін көрсетіледі. Ол кезде кімге тіркелген, қайдан келген деген сұрақтар қойылмайды. Егер емді ары қарай жалғастырар болса ғана ақылы болады. Бұл тек шетелден келгендерге ғана қойылған талап», – деді бас дәрігер Алдияр Алтынбеков.
Клиниканың жеке екі жедел жәрдем көлігі мен 3 операциялық залы бар. Сонымен бірге, стационар яғни, күндіз жатып ем алу мүмкіндігі де қарастырылған. Жалпы, қабылдау бөліміне күніне 30-40 адам келіп, көмекке жүгінеді екен.
Алдияр Баратұлының айтуынша бүгінде клиникада жүргізіліп жатқан халықаралық стандарттарға сай «Триаж» жүйесінің (жедел медициналық қызмет көрсету) сапалы медициналық қызметті жандандыруға маңызы зор. Кіреберіс қызыл, жасыл және сары үш жолаққа бөлінген. Қызыл – өте шұғыл қарауы тиіс науқастар. Сары – тез арада көмек көрсетпесе, жағдайы асқынуы мүмкін науқастар. Ал, жасыл – жоспарлы, яғни, бүкіл тексерулерден өтіп, сонда жатып қаралуға келетін науқастар. Тіпті, бұл жүйені қарқынды іске асыру мақсатында қабылдау бөлімінің қызметкерлері үшін арнайы маман шақыртып дәріс алған.
«АҚМАРАЛ» АУРУХАНАСЫ
Қаламыздағы «Ақмарал» ауруханасы 2012 жылдан бастап 50 терапиялық, 20 неврологиялық және 10 эндокринологиялық төсек-орын болып ұлғайған түрде қызмет көрсетуде. Шаһардағы бірнеше мөлтек аудандардан бөлек іргелес жатқан Кентау, Арыс қалалары мен Отырар ауданының да тұрғындары тіркелген. Бұл дегеніміз ішкі медициналық туризмнің дамып келе жатқандығын көрсетеді. Демек, аурухананың емдеу жүйесіне, қызметіне, дәрігерлердің біліктілігіне жоғары баға беріп, арақашықтыққа қарамастан, ем мен сапаға баса назар салатын жандардың бар екендігін аңғартады емес пе? Яғни, қала бюджетіне алыс-жақын аудан-қалалардың тұрғындары медициналық туризм бойынша салым салуда. Сондықтан, әрбіріне ыңғайлы болуды көздеп, қаланың үш бөлігінен қосымша ғимараттар ашылған. Онда балмен емдеу, скипидарлы-кремль ваннасымен емдеу, инфракүлгін сәулемен емдеу, фитованна бөлмелері және массаж жасау мен жаттығу залы орналасқан. Сонымен бірге, инемен, шөппен, сүлікпен емдеу, компьютермен диагностика қою кабинеттері, клиникалық, биохимиялық лаборотория жұмыс істейді. Жалпы, бір жылда 2500-3000 адамды емдеу жоспарланған.
2016 жылы аурухана жанынан емхана ашылды. Мұнда тіркелгендер толықтай тегін ем алады. Күндізгі ем де қаралған. Қазіргі таңда емханада 26521 адам тіркелген. Мұнда рентген аппараты, флюро аппараты, УЗИ аппараты, көз ауруларын емдейтін аппарат барлық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал, 2018 жылы үшінші филиалы ашылып, онда өкпе ауруын емдейтін тұзды шахта бөлмесі, ревматология, пульмонология, кардиология, терапия, жүгіру алаңы мен веложаттығу бөлімшелері жұмыс істеп тұр.
Ауруханаға күніне көп дегенде 50 адам жүгінеді екен. Бүгінде жалпы төсек-орын саны – 185. Халилаева Мархабад Нұрлаққызы басқаратын мекемеде 130 қызметкер жұмыс істейді. Басшының оларға қоятын талабы бір: келушілермен кішіпейіл әрі мейірімді болып, жарқын жүзбен қарсы алу. Бұл аурухананың абыройының жоғары болуы мен емделушілердің ілтипатына сеп болады дейді.
«САНИТАС» ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ
«Шавгар» мөлтек ауданында орналасқан «Санитас» емдеу-сауықтыру орталығы (ЕСО) 1998 жылы темір жол маңындағы тұрғындардың денсаулығын бақылау, жақсарту, сонымен қатар колледж оқытушы-дәрігерлердің тәжірибелік жұмыспен айналысуы мен студенттердің клиникалық тәжірибелерден өтуіне жағдай жасау мақсатында ашылған. «Sanitas» – латын тілінен аударғанда – «денсаулық» деген мағынаны білдіреді. Ділнұр Абдумажитов басқаратын орталық 2017 жылдан бастап стационарлық қызметпен қатар мемлекеттік тапсырыс бойынша емхана ретінде де қызмет көрсетуде. Мұнда бастапқыда 8000 тұрғын тіркелсе, қазіргі таңда 12500-ге жеткен.
Санитас ЕСО – стационарлық қызмет бойынша есепте тұрған жандарға терапиялық, неврологиялық, ЛОР және басқа да емдеу жұмыстарын жүргізеді. Күндізгі ем бойынша 13 төсек-орын бар. Сонымен қатар, ЕСО құрамындағы «Жан дауа» остеопатиялық-медициналық орталығында емдік массаж, емдік дене шынықтыру, омыртқа созу сынды бірнеше емдер қарастырылған.
«Санитас» – 2009 жылы құрылған «Джи-Ай» білім беру және сауықтыру холдингінің құрамына енген. Холдингтің мақсаты – білім алуға қажетті жағдайларды қалыптастыру үшін тұрғылықты азаматтарды оқыту, медицина мамандарын дайындаудың сапасын арттыру мен халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Жалпы, аталған емдеу-сауықтыру орталығында 80 қызметкер (дәрігер, мейірбике) жұмыс істейді. Күніне қабылдау бөліміне 150-200 адам келіп, қажетті емін алады екен.
Атап өткеніміздей, қала халқының шетел асып ем іздеуінің себебін әлеуметтік желіде талқыға салдық. Көпшілік жергілікті жерде маман тапшылығын, енді бірі қызмет көрсету сапасын сынға алған. Ал, біз жоғарыда толыққанды ақпарат беріп өткен үш аурухананың қызметі мен сапасына жүргізген сауалнама нәтижесіне оқырмандарымыз «Ақмарал» ауруханасына жоғары бағасын берді. Осыдан соң іргелес орналасқан аудан, қала халқының да бұл ауруханаға тіркелгені текке еместігін аңғаруға болады. Демек «Ақмарал» тұтынушылардың көңілінен шығып, нәтижелі жұмыс атқаруда деп бағамдай аламыз.
Енді Ташкенттен ұлына шипа тапқан азаматтың пікіріне құлақ түрсек. Соңғы екі-үш жыл көлемінде Түркістан мен Шымкенттің көптеген медициналық мекемелерінің табалдырығын тоздырған жан ұлының нақты диагнозын Ташкенттен тапқан. Олардың қойған диагнозы бойынша ем алып, баласының жағдайы күн өте жақсарғанын айтты. «Ташкент медицинасының айырмашылығы қандай?» дегенімізде, онда тек орта және егде жастағы дәрігерлерді ғана көргенін, сондай-ақ, науқасқа диагноз қояр кезде негізінен анализдерге жүгінгенін айтты. Ал, анализдермен арнайы институттар айналысатын көрінеді. Біздегідей соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары аса көп болмаса да, медицина қызметі жүйелі жолға қойылған. Әрине, Түркістан мен Ташкенттің айырмашылығы үлкен. Мақсатымыз – салыстыру емес. Десе де, ел көлемінде және мемлекеттік мекемелерді сараптар болсақ, Нұр-Сұлтан мен Алматы сынды мегаполистерде медицина саласының даму қарқыны жоғары. Бұл қызметті тіпті шетел азаматтары да тұтынуда. Біз көздеген мәселе – туризм саласын дамытуды, аймағымызда осы бір медицина саласының қызметін тұтынушылардың есебінен де арттырса болмас па еді деген ой…
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».