«ФАРАБ» ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНІМДЕРІ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМСАЛАДЫ

653 көрілім

    «Фараб» зауыты ел нарығын он бес жылдан бері медициналық мақта және дәкемен қамтамасыз етіп келеді. Қажетті шикізат осы маңдағы жергілікті шаруалардан алынады. Ол зауыт ішінде тазалаудың 4 сатысынан өтеді. Қажетті құрылғылар Италия мен Германиядан әкелінген. Бір жарым жылға созылған тәжтажал індеті кезінде түркісандықтарды ғана емес, жақын маңдағы елді мекендерді де сапалы залалсыздандырылған мақта мен дәке секілді медицинада қат тауарларды жеткізді. Халық асып-сасқан тұста ауруханаларға тегін де жеткізіп берді. Қазіргі таңда 96 түрлі өнім шығарады.

    «Фараб» комбинатының басшысы ретінде танымал болған Абдурасул Құрбанәлиев «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені бойынша комитет төрағасы ретінде егін шаруашылығының басы-қасында жүрген жандардың жанына батып жүрген мәселелерді ту етіп көтеріп, ел аманатын түбегейлі орындап отырған халық қалаулыларының бірі әрі бірегейі.

    Осы тұрғыда, кәсіпорын басшысы һәм халық қалаулысының аталмыш бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде сұрап білген едік.

    – Абдурасул Жантілесұлы, биылғы жылдың қорытындысын жасайтын уақыт та болып қалды, қараша айына аяқ бастық. Жалпы биылғы жылғы көрсеткіштеріңіз қандай?     

    – Жалпы биылғы көрсеткішіміз жаман емес. Қалыпты. Бірақ енді өздеріңізге де белгілі ковид індетінің зардабы өндіріске әлі де тиетіні белгілі болып отыр. Соған қарамастан өнім түрлерін көбейтіп, сапасын жақсарту жолында жұмыстар жасап жатырмыз. Бірақ, бізге кедергі келтіріп отырған жағдай соңғы жылдары мақта талшықтары бағасының екі есеге өсіп кетуі. Былтыр мақта талшығының тоннасы 1300-1400 доллардан аспайтын. Қазір тоннасы 2400-2500 доллардан болып тұр. Орташа есеппен 80 пайызға қымбаттады. Соған қарамастан әзірге ескі бағаны ұстап тұрмыз. Алайда, жақында жаңа өнімді пайдалана бастаған кезде, бізге де бағаны өсіруге тура келеді. Су тапшылығына және мақта өсіруге қажетті минералды тыңайтқыштар, тауарлар мен дизел отынының қымбаттауына орай, мақташылар егіс алқаптарын екі есеге дейін қысқартуға мәжбүр болып отыр. Мұның себеп салдарынан біздің де өз өніміміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз.

    – Сіздің зауытыңызға өнім бағасын көтермеу үшін субсидия –қайтарымсыз қаржы бөлінбей ме?

    – Біздің зауытқа субсидия бөлінбейді. Біздің зауытымыз жекеменшік болып табылады. Бүкіл жұмыстарды өз қаражатымызбен өз еңбеккерлеріміздің күшімен атқарып отырған жайымыз бар. Мемлекеттен осы уақытқа дейін ешқандай жәрдем алған емеспіз.

    – «Атамекен» ҰКП тарапынан да жасалып отырған көмек жоқ па?

    – «Атамекен» ҰКП тарапынан да жасалып жатқан көмек жоқ. Бұрындары мақта егетін шаруашылықтарға субсидия бөлінетін. Қазір екі жыл болды мақташыларға қайтарымсыз қаржы бөлінбейді. Осыған байланысты былтыр осы өңірдегі мақташылар 20 мың тонна мақта жинаса, биылғы жылы 10 мың тоннаға зорға жетейін деп тұр. Былтырғының жартысына жете алсақ жақсы. Мақта аз егілді. Субсидияны алып тастаған соң, мақташылар қимылдай алмай қалды. Мақта ұзақ уақыт алатын, әрі көп күтімді қажет ететін, мемлекетке бірден-бір валюта кіргізетін өнім.

       –  Сіз өзіңіз «Ақжол» партиясының атынан Түркістан облыстық мәслихатының депутатысыз. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасысыз. Осы мақташылардың мәселесін неге жоғарыға жеткізбейсіз?

    – Мен «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі,Түркістан облысының мәслихат депутаты, агроөнеркәсіп кешені бойынша комитет төрағасы ретінде жақында жиын өткіздім. Оған Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған жүзден астам шаруа-фермер қожалықтары мен кәсіпкерлер, салалық қауымдастықтар мен бірлестіктер, сонымен қатар қаржы институттарының бірінші басшылары қатысып, 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның тұжырымдамасына ұсыныстар әзірлеу және көктемгі дала жұмыстарына қаржының тапшылығы туралы мәселелері талқыланған еді.  Сол жерде ауыл шаруашылығы басқармасына облысымыздың табиғи климаттық ерекшеліктерін ескеріп, көктемгі егіс жұмыстары республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда біздің облыс аумағында бірнеше ай бұрын ерте басталатынын алға тартып едім.

    Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Мәселен, бізде қаржы институттары тарапынан несиелер, жылда дәстүрлі түрде тек наурыз айынан бастап құжаттар қабылдап, мамыр, сәуір айларында беріліп келген. Бұл уақытта шаруаларымыз егістік алқаптағы қызу жұмыстарында жүреді. Осы ретте ерте пісетін дақылдар бойынша қаржыландыру мерзіміне сәйкес келмейтіні және оның осы уақытқа дейін ескерілмейтіндігіне назар аудару қажеттігін алға тарттым. Себебі, ерте басталатын көктемгі дала жұмыстарына шаруалар жоғарғы пайызбен екінші деңгейлі банк пен микроқаржы ұйымдарынан тұтынушылық несиелер алуға және үйдегі бар малы мен астындағы көліктерін сатуға мәжбүр болады.

   – Негізі, Түркістан облысында көктемгі далалық жұмыстар ерте басталатын болғандықтан жылдың басында осы мәселені шешіп қойған жөн емес пе?

    – Әрине, республикалық бюджеттен көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаржыны әр облыстың табиғи климаттық ерекшеліктеріне байланысты қаңтар айынан бастап беру қажет. Соған қол жеткізу үшін «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан барлық деңгейдегі жиында көтеріп келеміз. Аталған отырыста осы мәселе қаржы ұйымдарының қатысуымен егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті ұйымдарға нақты ұсыныс беріліп, оның шешу жолдарын қарастыруды талап еттік десем болады.

   – Бұл енді көптен бері келе жатқан диханшылардың басына түскен «созылмалы ауру» ғой. Шаруаларды толғандырған мәселе шешімін тапса, меніңше, ол тек енді Парламент төріндегі «Ақжол» партиясы депутаттары мен «Атамекен» ҰКП  бірлескенде ғана қолынан келетін шаруа болса керек.

    – Иә, бұны несібесін жер анадан күткен жандар үшін жылдағы бас ауру десе болады. Күзгі жиын-терімнен соң шаруалар келесі жылға әрекет ететіні белгілі. Алған өнімдері бір жылдары жақсы табыс әкелсе, кей кезде шығынға ұшырауы мүмкін. Осы сәтте күн көзі жылынғанда іске кірісетін шаруалар үшін ең бірінші қаржы қажет. Несиені наурыз айында аламын деп күтіп отыра берсеңіз, «жаздың бір күні жылға азық» дегендей Түркістан өңірінің климаты жылы болғандықтан қыс мезгілінде егіс егуге әрекет етпесеңіз кеш қалатыныңыз белгілі. Міне, шаруаларымыздың қиналатын уақыты осы сәт.

    Соған байланысты Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өндірісі комитетінің төрағасы, Түркістан облысының мәслихат депутаты ретінде «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламалық ұстанымы ретінде оны толық бақылауға алғанбыз. Нәтиже жаман емес. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалының директоры Файзулла Байдуллаев 2021 жылдың 15 ақпанынан бастап көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаржыға байланысты өтінімдер қабылдай бастайтындығын айтты.

    Одан бөлек, шаруалар үшін қуанышты жаңалық – Есеп комитетінің нұсқауларын орындау үшін 2021 жылғы 28 маусымдағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқармасының шешімімен Стандарттар мен өнім бағдарламаларына қойылатын талаптар өзгертілді.

     2021 жылдың желтоқсан айынан бастап көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімдерін қабылдауға талаптар белгіленді. Сонымен бірге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының 2021 жылғы 26 шілдедегі бұйрығымен бюджеттік заңнаманың  талаптарына сәйкес бюджеттік несие қаражатын тарату тәртібі туралы «жол картасы» бекітілді. Бұдан былай қаңтар-ақпан айларында бюджеттік несие берілетіндігі айтылды. Осылайша егіс алқабында жүрген жандардың негізгі мәселелерінің бірін шешуге қол жеткізіп отырмыз.

  – Жақында «Отырар» шағын ауданындағы №18 үйден шу шықты. Сізді депутат ретінде соның басына барып, халықпен сөйлесіп, осы мәселені тиянақты шешті деседі. Ол оқиға қалай болды?

  – Өткен аптада 18-ші үйдің тұрғындары менің қабылдауымда болып жағдайларын айтты. Қазанның 22-сінде үйге жылу берілуі керек болса, одан кейінгі үш күн бойына да берілмеген. Соның салдарынан күн күрт суытқан кезде, бала-шағаларымен ауырып, мектепке, балабақшаға бара алмай қалған. Барып жағдайларымен таныстым. Шынында қиналып жатыр екен. Үйлеріне кіріп көрдім. Бала шағалары тұмауратып жатқандарына куә болдым. Пәтерлерінде ешқандай жылу жоқ. Сол жерге Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басшысы, әкімнің құрылыс жөніндегі орынбасары, басқа да құзырлы органдардың басшыларын шақырып,  сол жерде жылу беру мәселесін түпкілікті шештік.

    – Жақында «Қазтрансгаз» АҚ жаңадан жұмысын бастаған кәсіпкерлік нысандарды газға қосу мәселесіне уақытша мораторий жариялапты. Бұл қаулы кәсіпкерліктің аяғына тұсау салмай ма?

   – «Қазтрансгаз аймақ» АҚ Түркістан облысы бойынша кәсіпкерлік нысандарға техникалық жағдайын жасау мен газға қосу мәселесіне уақытша мораторий жариялапты. Оның не себепті жасалып отырғандығын интернет арқылы қарасаңыз, орысшасында 24 пункт бар, бірақ ашылмайды. Қазақшасында жоқ.

    Менің қабылдауыма бірнеше кәсіпкерлер келді. Айтатындары: «кәсібімізді енді бастайық, газға қосайық десек бұлардың жасап отырған кереғар әркеттерін түсінбей отырмыз»,- дейді.

     Не жылуы қосылмаса, газы қосылмаса, Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне бірден -бір қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерлер емес пе? Бұл қалай болды? Осы сұрақпен газ саласының басшылығымен сөйлесіп көрсем, алдында желтоқсанға дейін мораторий жарияласа, енді көктемге дейін ұзартыпты. Себебі неге екендігін ешкім де айтпайды. Осыған байланысты «Қазтрансгаз» АҚ президентіне,Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке, Парламенттегі «Ақжол» партиясының республикалық фракциясына хат жолдадым. Осының анық-қанығына жетуді мақсат етіп қойып отырмын. Шындығында Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне бірден -бір қолдау көрсетіп отырған осы кәсіпкерлерге қиянат жасасақ арты не болады? Қазір жылу беру маусымы басталды. Алдымызда қыс. Бұл әдейі кәсіпкерлерге жасалып отырған қастандық па не екенін түсінбей отырмын.

     – Тәжтажал індетінің жалғасып жатқанына бір жарым жыл болды. Алғашқы күндерден бастап халыққа үлкен көмек көрсетіп жатырсыздар? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

   – Былтыр тәжтажал басталған тұста, ауруханаларда дәрі түгілі мақта, дәке де болмай қалды. Сол кезде жұрттың бәрі басымен қайғы болып, тентіреп кетті. Бастапқы толқын өте ауыр тиді. Мен өзім де ауырған кезімде мақта, дәрі бәрінің тапшы екенін көзбен көрдім.  Сол кезде мен орталық ауруханаға залалсыздандырылған мақта, дәкелерді өз қолыммен тегін тараттым. Ол кезде ақша сұраудың өзі ыңғайсыз болатын. Елдің игілігі, халық үшін тегін таратуымызға тура келді.

     – Сіз өзіңіз Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде сайлауалды тұғырнамаңыздағы аманаттарды қаншалықты орындай алдыңыз?

   – Сайлауалды бағдарламамда елге, халыққа қолымнан келгенше көмектесуге уәде берген болатынбыз. Бүгінгі таңда барынша соны орындауға кірісіп жатырмыз. Жаңа ғана айтып өттім. Бүкіл облыстың диқандарына қажетті қаржыны желтоқсанда шешетін еткеніміздің өзі үлкен қызмет. Мен осы күрделі мәселені  бастағанымда, құдай аузыма салған шығар, ақырына жеткізбей тынбаймын деп өзіме уәде бердім. Әйтеуір, «Ақжол» партиясы мен «Атамекен» ҰКП біріге отырып кіріскендігінің нәтижесінде оң шешімін тапты.  Бұйырса, биылғы желтоқсаннан бастап шаруаларға несие берілетін болады.

   – Қазір енді өзіңіз басқарып отырған кәсіпорынға қайта оралаайық. Қазір қанша адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың біліктілігін көтеру, заманауи технологияларға бейімдеу ісі қалай жалғасуда?

   – Бізде қазіргі таңда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың дені жастар деуге болады. Біз алғаш кәсіпорынды ашқан кезімізде Оңтүстік Кореяға бес адамды жіберіп оқыттық. Олардан жеті маман осында келіп, алты ай бойына біздің жұмысшыларымызға үйретті. Қазіргі таңда бізде ешқандай шетел азаматы жоқ. Тек өзіміздің қала мен осы маңдағы ауылдардың адамдары.

   – Кадр мәселесінде тапшылық жоқ па? Қаладағы колледждермен тапсырыс негізінде жұмыс жасайсыздар ма?

   – Ия, кәсіпорын ашылғалы бері тығыз жұмыс жасаймыз. Бізге механик, дәнекерлеуші, электрик, бағдарламашы секілді мамандық иелері керек болады. Оқу орындарымен тығыз байланысымыз болғандықтан «Білім саласына қосқан үлесі үшін» деген марапатымыз да бар. Алдағы кешенді жоспарларымыз көп. Оның орындалуын уақыт көрсетеді.

    – Салиқалы сұхбатыңызда үлкен рахмет!

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы