АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ БАСТАПҚЫ ҚАЛПЫН САҚТАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

1  791 көрілім

Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстан және Орта Азия тарихы мен сәулет өнерінің ең таңдаулы жәдігерлерінің бірі. Күллі Орталық Азия көлемінде оған ауқымы мен көркемдік деңгейі тұрғысынан тең келетін бірде-бір сәулет ескерткіші жоқ деуге болады. Бұл Әмір Темір тұрғызған орасан үлкен төрт құрылыстың бізге аман-сау жеткен бірегейі. Әмір Темір жарлығымен тұрғызылған алып құрылыстар Самарқанд және өзінің ата-бабасы-барлас көсем-дерінің мазараты орналасқан Шахрисябз қаласында болды. Алайда, олар құлап, бізге тек ғимараттардың қалдықтары не болмаса бөліктері ғана жеткен. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарап, сол бізге жетпей қалған Орта Азиядағы алып құрылыстардың қандай болғанын жобалауға, олардың жалпы нобайын көзге елестетуге болады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемдік деңгейдегі ескерткіш талаптарына жауап беретін ғимарат ретінде ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Қазақстанның тұңғыш тарихи жәдігері. Алып құрылыс аса атақты әулие, дін таратушы, түркілердің сопылық бірлестігінің негізін қалаушы, ақын Қожа Ахмет Ясауи қабірі үстіне тұрғызылған.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының киелі орны, оған мыңдаған зияратшылар тағзым етеді. Қазақ халқы мен барлық қазақстандықтардың рухани құндылықтарының қайта өрлеуі Қ.А.Ясауи есімімен байланысты болып отыр. Сондықтан да ескерткіштің жағдайы көпшілік қауымды, қоғамдық ұйымдарды және зиялы қауым өкілдерін алаңдатады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жөндеу жұмыстары және оның тәсілдері туралы ең көне материалдар жариялаған маман Л.Ю.Маньковская. Өкінішке қарай, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан кейінгі уақытта кесенеде жүргізілген реставрациялық жұмыстар мен оның тәсілдері, кесененің жалпы жағдайы туралы басылған ғылыми талдаулар жоқтың қасы. Тек ХХІ ғасырдың басында «республикалық материалдар мәдени ескерткіштерді ғылыми-зерттеу және жобалау институты» мамандары ғана Қ.А.Ясауи кесенесінің сақталу мәселелері жөнінде ғылыми мақалалар жариялады.
Аталған зерттеулердің өзі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы өзгеріп отырғанын көрсетеді. Бір таңғаларлығы, Қазақстанның Түркиямен жасаған келісімі бойынша 1993-1995 жылдары түрік мамандары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесін бекіту жұмыстары барысында белгісіз себептермен алып кесене қабырғалары мен бетон тіреулері арасына гидроизлояция жасалмай қалған. Бұл мәселенің жобалық шешімге қаншалықты сәйкес келетіндігін анықтау ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің 2010 жылғы 14 мамырдағы №11-17/3082 санды арнайы тапсырмасынан соң да, сол тапсырманы орындау мақсатында ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы І.Қозыбаевтың бұйрығымен (23.07.2010 ж) арнайы комиссия құрылса да мүмкін болмай отыр. Себебі, 2010 жылдың 23 тамызы күні І.Қозыбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласында өткен арнайы комиссия отырысының шешіміне сәйкес, «Қазқайтажаңғырту» РМК-ы 10 күн ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайына кесене іргетасына қатысты жобалық шешімді тапсыруға міндеттенгеніне қарамастан, арнайы комиссия шешімін де Премьер-министрдің тапсырмасын да әлі күнге дейін орындамай келеді.
Кесененің қазіргі жағдайы қалай? Осы мәселені анықтау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы әкімшілігінің тапсырысы бойынша бірнеше аса маңызды жұмыстар атқарылды. Реставрация саласындағы белгілі маман, техника ғылымдарының кандидаты Л.В.Дубровская ескерткіштің 2010-2011 жылдары жағдайын тексерді. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мамандары техника ғылымдарының докторы И.С.Бровконың жетекшілігімен 2011 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыс құрылымдарындағы температуралық-ылғалдылық режимін зерттеуі аса маңызды жұмыс болды.
Ғалым реставратор Л.В.Дубровская ескерткішіне ылғалдылықты күшейгенін көрсететін белгілерге тап болды. Ең өкініштісі, ылғалдылықтың зиянды көріністері алғаш рет Қабірхана бөлмесіндегі сталактиттерде көрініс бере бастаған. Мұндай жағдай бұрын болмағанын көп жылдар бойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зерттеулер жүргізіп келе жатқан маман реставратор айшықтап жазып отыр.
Л.В.Дубровская 2010 жылы жүргізген зерттеуінде ескерткіште жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстарының елеулі бөлігі ғылыми реставрацияға қайшы келетінін анықтады. Атап айтқанда, кесенедегі бес жылға жоспарланған қалпына келтіру жұмыстары барысында 2005 жылы жасалып, бекітілген реставрациялық жоспарға қайшы, ескерткішке зиянды ангидриттік раствор пайдаланылған. Ал, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төл растворы – гипс ангидритпен салыстырғанда, ылғалға төзімді болатын. Кесене күмбезінде зиянды тұздардың көбеюін ғалым дәл осы орынсыз құрылыс растворын көреді. Сонымен қатар, Л.В.Дубровская зерттеу жүргізу барысында реставрациялық жоспарда белгіленбеген басқа да бірнеше жұмыстардың атқарылып жатқанын анықтады. Мысалы, кесененің шығыс фасадында үлкен көлемде сыртқы қаптаулар алынып жатқан. Ал, жоба бойынша тек кейбір мүжілген қаптау плиткалары ғана алынуы тиіс. 2002 жылмен салыстырғанда, көптеген бөлмелерде сылақ бетінде сарғайған ылғал белгілері көбейген. Қазандық күмбезінің қалауындағы тұздар алынбаған. Олар көне кірпіштер мен растворларды бұзатыны анық.
Келесі 2011 жылы Л.В.Дубровская ескерткіштің жағдайын қайта тексерді. Және нақты бағыттармен жүргізеді. Кесененің бөлшектерінен тұздар алып олардың химиялық құрамын анықтайды. Зерттеушінің есебінде көрсетілген мәліметтер бойынша күмбездердегі ылғалдық күшейе түскен. Мешіттегі сталактиттерде ылғалдықтан сарғаю ауданы ұлғая түскені көзбен қарағанда-ақ байқалған. Л.В.Дубровская кесененің кейбір бөліктеріне ескерткішке жат сұр түсті раствор қолданғанын жазады. Реставратор-ғалым бұл есебінде нақты ұсыныстар мен тұжырымдарын ұсынады.
Жоғарыда атап өткеніміздей М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мамандарының т.ғ.д. И.С.Бровко жетекшілігімен 2011 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыс құрылымдарындағы температуралық-ылғалдылық режимін зерттеу нәтижелері өте маңызды болды. Университет ғалымдары өз жұмыстарында бұрын-соңды Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеуде қолданылмаған жаңа құрал-саймандарды пайдаланды. Соның нәтижесінде зерттеушілер кесененің бүгінгі жағдайына қатысты келесі қорытындыларға келді. Біріншіден, реставрациялық жұмыстар барысында бірнеше есіктер мен терезелердің орынсыз бітеліп кетуі кесенедегі вентиляцияға көп кедергі келтіріп, бастапқы жобада, яғни ХІV ғасырда жоспарлаған және алты ғасыр бойы бір қалыпты болып тұрған ауа айналымы өзгеріп кеткен. Ал, алып кесененің жағдайы температуралық ылғалдылық режиміне тығыз байланысты болатыны белгілі.
Соңғы кезде реставраторлық жасаған жасанды қаңылтырлы жабу вентиляциялық каналдармен ауа жүруіне кедергі келтіріп отыр. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің байырғы температуралық-ылғалдылық режимін бұзып тұрған тағы бір фактор. Кесененің шағын күмбездерінің вентиляциясына олардың үстеріне реставрация барысында төгілген түрлі жөндеу жұмыстарынан қалған қалдық үймелері кедергі келтіруде.
Университет ғалымдары кесене қабырғаларындағы ылғалдылық «Қазқайтажаңарту» мамандары айтып жүргендей жоғарыдан төмен қарай емес, негізінен төменнен жоғары қарай көтеріліп келе жатқандығын зерттеулер арқылы анықтап берді. Сталактиттер орналасқан күмбез арасы аралығында ауа ауысуы жоқтың қасы деп көрсетеді зерттеушілер. Осыдан конденсация жүріп, күмбез бетінде ылғал пайда болып отыр, осының нәтижесінде сталактиттер ауырлап, опырылу процесі (жүруі) мүмкін екенін ескертеді. Осыған орай, Қазандықтың күмбезіндегі бұрынғы ойық-тесіктерді ашу қажеттілігі және күмбез бен сталактит арасындағы аймақта жинақталған құс тезегін тазалау ұсынылған.
Бір қызығы осы ұсыныстар 1955-1959 жылдары кесенедегі реставрация жұмыстарының жетекші куратор болған Л.Ю.Маньковскаяның мына пікірімен сай келеді. «Использование памятника как музея повлекло бы нежелательное отопление и герметизацию проемов, что нарушит режим проветривования и поставит под угрозу своды». Яғни атақты реставратор Л.Ю.Маньковская кесенесі музей ретінде пайдалану – оны жылыту және ойық тесіктерді бітеуге алып келеді, ал бұл жағдай бөлмелердің желденіп, ауа ауысу тәртібін бұзады және күмбездерге қауіп төндіреді деп ескерткен болатын. Л.Ю.Маньковскаяның 1974 жылы жария еткен осы аса құнды пікірін кейінгі реставрация басшылары мүлдем ескермеді. Күмбездер басындағы ойықтар бекітіліп, ойықтар мен тесіктер тарыла түсті. Соның салдарынан, басқасын айтпағанда кесене күмбездері шектен тыс ылғалданып, ең алдымен, қазандық бөлмесінің үстіңгі сталактиттер қатары опырылып құлады. Ал, қабірхана күмбезінде бұрын болмаған ылғалдылық пайда болды.
Жоғарыда айтылған ғалымдар жасаған тұжырымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күтіп ұстау және жөндеу үшін аса маңызды жаңалық. Кесенесінің жағдайына нақты диагноз қойылып отыр. Аталған тұжырымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХХ ғасырдың аяғы – ХХІ ғасырдың басында жүрігізілген жөндеу жұмыстары барысында реставраторлық тарапынан көптеген қателіктер кеткенін көрсетіп берді.
Жоғарыда аталған қателіктермен қатар, біз Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жөндеу барысында реставрацияның негізгі қағидасы – ескерткіштің түпнұсқасын қатаң сақтау деген ереже бұзылғанын анық көріп отырмыз. Түпнұсқаға өзгеріс енгізуге реставраторлардың қақысы жоқ. Өкінішке қарай, соңғы кезеңдерде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жұмыс жүргізген реставраторлар осы қағидаға баса мән бермеген. Сонымен қатар, олар кесененің кескін-келбетіне де айтарлықтай өзгерістер жасап жібергендігі және ескерткіштің құнды бөлшектерін, кейбір нақыш-өрнектерін алып, орнына көшірмелерін қойғандығы белгілі болып отыр. Ал, баға жетпес түпнұсқа бөлшектердің қайда екендігі белгісіз. Мәселен, реставрациялық жұмыстардан соң қазандық бөлмесіндегі қабірхана алдындағы ойық бұрышында орналасқан аса құнды майоликалық ұстынның бір бөлігі жоғалып кеткен. Қас шебердің қолынан шыққан бұл ұстынның кескін-келбетін 1980 жылы шыққан «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» альбомынан көруге болады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі соңғы реставрациялық жұмыстарға қарап отырып, біз оны түзеу емес күзеу деп бағалаймыз.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен-жанашыры, атақты реставратор Л.Ю.Маньковская мен соңғы сараптама жүргізген ғалым-мамандардың пікірлеріне және қолда бар тағы басқа құжаттарға, айғақтарға сүйене отырып, ұлттық мақтанышымызға айналған қасиетті ескерткіштің бүгінгі жағдайын жақсарту, кескін-келбетін қалпына келтіру үшін төменде көрсетілген жұмыстарды атқаруымыз қажет деп есептейміз:
І.Пештакқа қатысты

  1. Абдолла хан ойығында кейінгі кезде қосылған, 1980 жылғы альбомда жоқ сылақтарды алу, бұрынғы сылақтарды қалпына келтіру, жоғарылатылған кірпіш парапетте алып тастау.
  2. Төменгі ойықтағы гүлдаста нақыштарын қалпына келтіру.
  3. Ескі ағаш торларды қалдырып, қалған терезелерді ауаны көбірек жіберетін торлар орналастыру.
  4. Пештактың артқы жағында, оңтүстік-шығыс мұнарасы қабырғасындағы жасанды ойықты қайта қалап тастау.
    ІІ. Қазандыққа қатысты
  5. Қазандық күмбезіндегі еш негізсіз бекітілген ойық-тесіктерді ашып, вентиляциясын жақсарту, шектен тыс ылғалданған күмбезді, сталактиттерді құрғату, тұздан тазарту жолдарын қарастыру.
  6. Сталактиттерді күмбезбен байланыстырып ұстап тұрған ағаш бөренелерді (1970 жылдары еш негізсіз араланып тасталған) қалпына келтіру немесе басқа материалдармен қайта байланыстыру.
  7. Қазандық бөлмесіне қабірхана алдында ілулі тұрған, реставрация кезінде алынған қола шырағданды өз орнына қайта жайғастыру.
  8. Қазандық бөлмесіндегі қабірхана алдындағы ойық бұрышында орналасқан аса құнды майоликалық ұстынның жоғалып кеткен бөлігін іздестіру.
    ІІІ. Қабірханаға қатысты
  9. Қабірхана күмбезінің сталактит қабаттарындағы ауа айналымын тоқтатып, тұншықтырып тұрған, «реставрация» кезінде еш негізсіз қышпен қаланып, жұмыр ағашпен тығындалып, бекітілген терезе мен сталактит төбесіндегі құбырды ашып, бастапқы қалпына келтіру.
  10. Қатпарлы күмбездің ішкі жағындағы қыштан қаланған ұстындардың бұзылған жерлерін және сол ұстындардың арасын байланыстырып ұстап тұрған байырғы ағаш бөренелері қалпына келтіру.
  11. Қос күмбезді қабірханалардың ішкі күмбезі мен сталактиттерді байланысты-рып ұстап тұрған байырғы ағаш бөренелері («реставрация» кезінде еш себепсіз араланып тасталған) қалпына келтіру немесе басқа материалдармен қайта байланыстыру.
    IV. Мешітке қатысты
  12. Еш негізсіз бекітілген сталактит төбесіндегі жұмыр ағаш тығынды алып, құбырды ашып, байырғы ауа айналымын қалпына келтіру.
  13. Сталактиттерді күмбезбен байланыстырып ұстап тұрған, соңғы уақыттарда себепсіз алынып тасталған ағаш бөренелерді қалпына келтіру.
    VI. Кітапханаға қатысты
  14. Екінші қабатындағы «реставрация» кезінде қаланған ауыр салмақты кірпіш парапетте бұзып тастау және терезелерді байырғы қалпына келтіру.
    VIІ. Асханаға қатысты
  15. Екінші қабатындағы «реставрация» кезінде қаланған ауыр салмақты кірпіш парапетті бұзып тастау және терезелерді байырғы қалпына келтіру
  16. Вентилияциялық каналды ашу.
    VIІІ. Үлкен Ақсарайға қатысты
  17. Мұнда да екінші қабатындағы «реставрация» кезінде қаланған ауыр сал-мақты кірпіш парапетті бұзып тастау және терезелерді байырғы қалпына келтіру.
  18. Вентилияциялық каналды ашу.
    IX. Кіші Ақсарайға қатысты
  19. Екінші қабатындағы «реставрация» кезінде қаланған ауыр салмақты кірпіш парапетті бұзып тастау және терезелерді байырғы қалпына келтіру.
    X. Құдықханаға қатысты
  20. Екінші қабатындағы «реставрация» кезінде қаланған ауыр салмақты кірпіш парапетті бұзып тастау және терезелерді байырғы қалпына келтіру.
    ХІ. Кесененің төбесіне (3 қабатқа) қатысты
  21. Кесене төбесіндегі күмбездер арасындағы топырақ үймені (ол 1928 және 1939 жылдары жасалған) алып тастау мәселесін қарастыру.Барлық вентиляциялық құбырларды қалпына келтіру.

Біз жоғарыда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі іргетасы мен қабырғасының арасын гидроизоляция жасалмай қалғандығын айттық. Мұның жобалық шешімге сәйкестігін анықтау мәселесі күн тәртібінен түспеуі қажет. Бұл жобалық шешімге сай болған күннің өзінде ол гидроизоляция қажет емес дегенді білдір-мейді. Қайта сол жобаны жасаушылардың қателескендігін көрсетеді. Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйене отырып, осылай ой қорытуға толықтай негіз бар. Сондықтан өте қиын болса да алдағы уақыттарда сол гидроизоляциялауға қатысты кеткен кемшіліктің орнын толтыру бағытында маман-ғалымдардың ізденуіне туралы келеді.
Міне, осы атап көрсетілген мәселелер қолға алынатын болса, бұл ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Қазақстанның тұңғыш тарихи жәдігері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің техникалық жағдайын жақсартуға, сақталуын қамтамасыз етуге жасалған үлкен бетбұрыс болар еді. Сонымен қатар, кесененің бертінге дейін сақталып келген, тек соңғы кезеңдерде түрлі себептермен жоғалған бөлшектерін анықтап, іздестіру жүйелі жолға қойылуы қажет деп білеміз. Тағы бір қажетті жайт: реставраторлардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты атқарған жұмыс есептерінің бір данасы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде міндетті түрде сақталуы тиіс. Олардың барлығын аз данамен болса да жеке кітаптар етіп шығару керек. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жоспарланып отырған кез келген жұмыс баспасөз бетінде жарияланып, зиялылар, қоғамдық ұйымдар сараптауынан өтуі керек. Бұл реставраторлардың жауапкершілігін арттырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жылдар бойы жіберілген кемшіліктердің алдағы уақыттарда қайталанбауын қамтамасыз етер еді.
Ж.АЛИМОВ,
«Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркістан қаласының
Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы