ҚАЛАМЫ ЖҮЙРІК ҚАЙРАТКЕР ЕДІ

1  205 көрілім

Балтекең жайлы естелік жазу біраздан бері ойымда жүр еді. Ол кісімен алғашқы таныстығым, кейіннен ағалы-інідей араласып кетуіміз көз алдымда тұр. Асыл ағамның артынан естелік жазам деп ойладым ба?.. Қанша уақыт өтсе де қадірлі ағама деген сағыныш сезімі қолыма қалам алғанда түйдек-түйдек шығып жатты. Өткен күндердің естеліктері көңілді толқытып, көкірегімді сағыныш сазы кернеді.
Алғашқы кездесу. Түркістан. Төлегетай.
2006 жылдың мамыр айында Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» шипажайында демалып жатқан кезінде «Қазақстанның Халық қаһарманы», батыр ағамыз Қасым Қайсенов ниет етіп, Төлегетай бабасының зиратына барып, зиярат етіп қайтқан. Сол уақытта Төлегетай бабаның кесенесін жаңғыртып, жаңарту туралы көптен бері айтылып келді. Үкімет деңгейінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл игілікті іс қолға алына бастады.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Төлегетай бабаның көне кесенесін қайта жаңғыртып, тарихи-сәулеттік кешенге айналдыру мақсатындағы жиынға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков, Астана циркінің негізін қалаушысы – Балтабек Жұмағұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, ҚР Мәдениет қайраткері, «Төлегетай ұрпақтары» қорының басшысы Қонысбек Ақжасар сынды қонақтар мен жергілікті ағайындар – Әбдіғани Ташқараев, Сұлтан Атыхаев, Мұхан Омарбекұлы бастаған топ киелі Түркістан шаһарына жол тарттық.
Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Бұл, ең алдымен Ислам дінін таратушыларының бірі, сопылық ілімнің негізін қалаушы, ғұлама дегдар, әулие тарихатшы, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жерленген өңір. Тарихта аты қалған қазақтың хандары мен билеріне де осы жерден топырақ бұйырды. Қазақтың үш биінің бірі – Қазыбек бабамыз Сыр бойында туып, осы жерге жерленді. Қабанбай батыр жоңғарлардан Түркістанды қорғауға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналды. Ал, Тілеулі Аллабергенұлы болса, II Мемлекеттік Думаға Сырдария облысынан сайланған депутат. Думаның мұсылмандар фракциясының мүшесі болған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Сондықтан да алқалы жиын Түркістан қаласындағы «Ақбаян» мейрамханасында өтетін болды.
Ел басқарып жүрген азаматтар – Әбдіғани Ташқараев, Әбдіғаппар Шаймерденов, Нәлібай Дәрібаев ағаларымыз отырысты жүргізіп отырды. Ұлы баба Төлегетай кесенесін көне түп нұсқаға сәйкес қайта жаңғырту мақсатында белгілі академик-сәулетші Бек Ибраевтың жобасы қолдау тапты.
Балтабай ағаммен алғаш рет осы жерде кездесіп, таныстым. Бір көргеннен арқа-жарқа әңгімелесіп, шүйіркелесіп кеттік. Балтекеңнің сабырлы-салиқалы түр-тұлғасы, сөйлеу мәнері, ашық-жарқын мінезі мені өзіне тәнті етті. Ол кісіні көптен бері білетіндей жақын тартып калдым. Сол жерде Балтекеңді ортаға алып, түркістандық Мұхамедрайым Ыбрайым, Сәкен Тәженов бесеуміз естелікке суретке түстік.
Балтабай Нұржанов Түркістан төрінде өтіп жатқан үлкен жиынның бел ортасында жүрді. Балтекең мұндайда алдына жан салмайтын. Ұйымдастырушылық қабілеті ерекше дараланып тұратыны осы жиында белгілі болды. Алқалы жиынның өз деңгейінде өтуіне барынша ат салысып, үлес қосты. Бұл біздің таныстығымыздың беки түсуіне, ағалы-інілі байланысымыздың орнауына ықпал еткені анық. Себебі, Балтекеңді танып, білген сайын бір табан жақындай бердім.
Мен 1996 жылы «Айғақ» апталық газетін ашып, басшылық еттім. Балтабай ағам 1998 жылы «Түркістан» қалалық газетіне бас редактор болып тағайындалды. Осылайша қызметте әріптес, өмірде аға-іні ретінде қарым-қатынасымыз нығая түсті. Араға жылдар салып, 2002 жылы әлем қазақтарының екінші Құрылтайы болды. Құрылтайға әлемнің 33 елінен барлығы 470 адам келді. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған қазақтар күллі түркі әлемінің алтын бесігі, қасиетті Түркістан қаласында бас қосты. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайы ашылды. Осы құрылтайда тарихи отанына оралуды аңсап жүрген қандастарымыздың қатарының толығуы жайында сөз болды. Алқалы жиында оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды. Құрылтай қарсаңында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Жезді Тау-кен және балқыту музей директорының орынбасары Рүстем Төрегелдин «Камаз» автокөлігімен Тайқазанның көшірмесін Түркістанға жеткізді. Арқада құйылып, рухани астанаға жеткен Тайқазанды Есімхан алаңына қойды. Риза болған түркістандықтар Жұмамәди Ибаділдин ағамызға «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағын берді.
– Тайқазанды көргенде жүрегім тулап, қатты толқыдым,– деп, Балтабай аға қуанышымен бөлісті. Тарихи жәдігерді қайта жаңғыртқан ұлытаулықтарға деген ризашылығын айтып, ақ тілегін білдірді. Бұл – асыл азаматтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі еді.
Мерейтой қарсаңында Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлының басқаруымен қала абаттандырылып, жаңартылды. Сол кезеңдегі жасалып жатқан ауқымды іс-шаралар туралы «Түркістан» газетінде мақалалар топ-тобымен үздіксіз жарияланып отырды. Бұның барлығының басы-қасында Балтекең жүргенін білеміз. Жақсылықты жария етуге асығатын Балтабай ағам өзінің іскерлігімен, басылымның алға ілгерілеуіне бар күш-жігерін салды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы №993 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі Қоғамдық Кеңестің мүшесі болдым. Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойынан кейін қасиетті шаһарда той дүбірі жалғасып жатты.
2003 жылғы ақпанның 5-7 күндері Қазақстан Журналистерінің ІІ Конгресі өтті. Оған республиканың барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, танымал журналистер, билік өкілдері мен бақылаушылар, бас-аяғы 400-ге жуық қонақ қатысты. Үлкен жауапкершілік жүктеген жиынды өткізуге барынша атсалысқан жандардың қатарында Балтабай ағамыз жүрді. Сырт қараған адамға біртоға көрінгенімен, жаны жайсаң, мейірімді әрі қандай істі болса да аяғына дейін жеткізетін іскер азамат еді. Бұл ретте түркістандық БАҚ өкілдері де республика өміріндегі маңызды оқиғаға айрықша назар аударып, үлкен дайындық шараларын жасап жатты. Бұл жерде тағы да Балтакең басқарған «Түркістан» газеті ұжымының іс-әрекетін ерекше айтуға болады. Басылым Қазақстан Журналистер Конгресінің өтуіне орай, тұшымды материалдар жариялады. Шаһардың айнасы болып отырған басылым қаланың тарихын таныстыру мақсатында Түркістанның арғы-бергі тарихынан бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндайтын деректі мақалаларды үздіксіз шығарып отырды.

Медиафорум. Алматы
2008 жылдың 24-25 сәуір күндері Алматы қаласында VII Еуразиялық Медиа форум өтетін болды. Форум халықаралық болғандықтан, әр облыстан бір БАҚ өкілі ғана қатысатын. Осы жолғы Медиа форумға Оңтүстік облысынан жиырмадан астам осы саланың мамандары бардық. Сапар алдында сол кездегі облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің қабылдауында болдық. Өңір басшысы орынбасары Дархан Мыңбаймен бірге бір топ журналистермен кездесіп, ақ жол тілеп, сый-сыяпатын табыстаған еді. Мұндай ілтипаттан соң, Шымкент –Алматы бағытындағы пойызбен жолға шықтық.
Халықаралық маңызды шараға қатысып, оның делегаты атану – екінің бірінің қолы жете бермейтін үлкен мәртебе. Әлемнің жетекші медиа майталмандарымен жүздесу, пікір алмасу журналистер шеберлігінің шыңдалуына үлкен үлес қосатыны белгілі.
Оңтүстіктің үздік журналистері қатарында «Түркістан» газетінің бас редакторы Балтабай ағамыздың жүруі орынды. Делегациялық топта «Арыс ақиқаты» газетінің редакторы Әбдімәлік Ағыбаев, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Жұмабек Мұқанов, «Шаян» газетінің редакторы Абзал Әділбеков, «Созақ үні» газетінің редакторы Есенбек Кенжеқараев, «Сарыағаш» газетінің бас редакторы Кенес Балықбаев, «Жетісай жаңалықтары» газетінің редакторы Талғат Ақтөреев, Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінің бас редакторы Ердаулет Тұрапбеков, «Сайрам ақшамы» телеарнасының директоры Еділбай Беркінбаев, жазушы, журналист Захардин Қыстаубайұлы, жазушы Серік Жәнәбіл, ақын Нұрхан Сұлтанбай, төлебилік ардагер журналист Сыдық Құмарұлы, «Қазығұрт айнасы» газетінің редакторы Райымбек Айтубай, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Сабырбек Олжабай, «Мақтаарал» газетінің тілшісі Мұхаметәлі Бегалиев, «Айғақ» телеарнасының дикторы Маржан Омарова, журналист Тұтқабай Фазылбек, леңгірлік Алдаберген Ахметовтер болды.
Медиафорумға келген журналистерді оңтүстікқазақстандық кәсіпкер, елағасы Нұрлан Сейітжаппаров пен кәсіпкер Әділхан Арғынбеков арнайы күтіп алып, Нұрлан ағамыз «Мадлен» сауда белгісімен танымал болған өзінің дәмханасында қонақ етті.
Делегация құрамындағы журналистердің басым көпшілігі – Алматыда оқып, қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тамамдағандар. Студенттік кездерді еске алып, Алматы көшелерін арнайы автобуспен аралап, Медеуге де барған едік. Осы сапарда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер Еуразиялық Медиафорум аясында бас қосып, арқа-жарқа болып, пікір алысты. Балтекеңнің де алқалы топтың бел ортасында жүрген сәттері күні кешегідей көз алдымда.
Еуразиялық медиафорумға әлемнің 40 елінен 600-ге жуық адам қатысты. Атақты журналистер, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Форумды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, ашты. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Збигнев Бжезинский, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перин де Бришамбо сынды шетелдік беделді тұлғалар қатысты. Талқыланған тақырыптар: «Екінші «суық соғыстың» әсері», «Жылдағы сайлау оқиғалары және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі», «ТМД елдерінің топтық портреті», «Кеңестік кезеңнен кейінгі көшбасшылар – олар кімдер?» сынды өзекті мәселелер қамтылды. Форумның жабылуында Еуразия медиа форумы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева сөз сөйлеп: «Біздің форум әлдеқашан-ақ барлық құрлықтың өкілдері кездесіп, болымды бәтуа, сүбелі шешім іздейтін, бәрімізге ортақ түйткілді талқылайтын мінбеге айналды» деген болатын.
2012 жылы Астана қаласында кезекті дәстүрлі Медиафорум болды. Әр жылғы өткен әлемдік БАҚ өкілдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, қызықты кездесулер, тың ақпараттар, өзекті тақырыптар. Форумға әлемнің жетекші 40 елінен 430-ге тарта делегаттар, беделді сарапшылар, журналистер қатысты. Мұндай форумның журналистерге берер пайдасы зор.
Бұл жолы да Оңтүстіктен бір топ журналистерді бастап бардым. Олардың қатарында Балтабай ағамыз да бар. Балтекең қашан көрсең де белсенділік танытып, әріптестерін мағыналы, мәнді әңгімеге тартып, жанына жинап алатын. Өмірде көрген-білгенімен, тоқыған ойларын ортаға салып отырудан жалыққан емес. Осындай сәттерін көріп, ағама іштей риза болып отырушы едім.

Жаны жайсаң, жүрегі жомарт болатын
Балтабай Нұржанов әріптестерінің жеткен жетістіктеріне шын көңілмен қуанатын. «Айғақ» газетіне 2008 жылы 13 мамырында Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдызы» табыс етілгенде, ол алғашқылардың қатарында құттықтады. Балтекең осылай қашан да тілеулес болып, қолдауын білдіріп отыратын.
2008 жылдың 17 қыркүйегінде менің қызметтік көлігім өртеніп, жүргізуші ауруханаға түскенде Балтабай ағам: «Бауырым, амансың ба?» деп хабарласып, амандығымды сұрап, жанашырлығын білдірді. «Айғаққа» жасалған қастандыққа түркістандық журналистер де алаңдаулы», – деп ыстық ықыласын жеткізді.
Бұл оқиғаға бір топ журналистер қол жинап, үндеу жариялаған болатын. 2008 жылдың 26 қыркүйегінде «Шымкент келбеті», 30 қыркүйекте облыстық «Жастар дауысы», «Интерфакс-Казакстан», «Казахстан сегодня», «Литер» секілді біршама БАҚ-тарда жарияланған мәлімдемеде Балтекеңнің де қолы тұрды. Әріптестерімнің сол кезеңдегі қолдауы мен үшін маңызды болды.

Астана. «Құлагер» ескерткіш
2008-ғы 7-қазанында Түркістаннан Әбдіғаппар Шәймерденов ағамыз қоңырау шалып:
– Дулат, тез жинал! Астанаға жол жүреміз! – деді.
Бұл – Елордамыздың жанында «Астана – Көкшетау » тас жолының бойында Ұлы дала тұлпары – «Құлагерге» ескерткіш салып жатқан кез.
Әбдіғаппар аға осы айтулы іс-шараға бірге барып қайтуға ұсыныс жасады. Бұл сапарда да Балтекеңмен бірге жүріп, ескерткішті көріп, қуандық. Осындай жақсы істердің басы-қасында жиі бас қосып, кездесіп, Балтабай ағам жаныма жақын болып кетті.
Бүгінде Астанадан алты шақырым жерде Бурабайға барар жолдың бойында төрт аяқтының пырағы, Ақансері бабамыздың дүлдүлі – Құлагердің ескерткіші тұр.
Құлагер ескерткішін салу идеясының авторы, ұйымдастырушысы, қаржылай демеушісі – Республикалық «Қазанат», «Құлыным» журналдарының Бас редакторы, ҚР Ұлттық Ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел мырза. Сәкеңді мен бұрыннан танитынмын.
1998 жылдың сәуірінде Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев Алматыдан Ақмолаға сапарға шыққан бір вагон журналистерді бастап барған еді. Бұл – болашақ Бас қаланың келбетін көруге арнайы ұйымдастырылған журналистік сапар болатын. Сонда алматылық тілшілермен бірге аймақтан барған жалғыз журналистің өзім екендігін мақтан етемін.

Балтекең жеті әкіммен қызметтес болды
1998-2013 жылдар аралығында қаламы қарымды журналист, тәжірибелі басшы Балтабай Нұржанов «Түркістан» газетінің редакторы қызметін абыроймен атқарды.
Түркістан қаласын басқарған жеті бірдей әкіммен қызметтес болып, басылымның басты миссиясын сеніммен алып шықты. Әрине, билік басындағылармен қоян-қолтық жұмыс істей білу – үлкен іскерлік! Ауданға келген әр әкімнің өзіндік басқару стилі бар. Сонда да Балтекең журналистік еңбек жолында жеті бірдей әкіммен бірге жұмыс істеп, ақпарат айдынында еркін қалықтады. Байсалды мінезі мен кәсібилігі ешқашан оның артынан сөз ерткен емес. Түркістанда қанша әкім ауысса да, Балтекең «Түркістан» газетін басқарып отырды. Бұл – оның білікті басшы, қарымды қаламгерлігінің тағы бір айғағы.
Балтекең «Түркістан» газетінің Бас редакторы қызметінде жүрген кезеңде қаланы басқарып отырған сол кезеңдегі әкімдер жайында азын-аулақ тоқтала кетейін.
1997–1998 жылдары Түркістан қаласын Уәлихан Қайназаров басқарды. Орыстілді, бұрынғы Шымкент облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған. Сайрам ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Балтабай ағамыз осындай іскер азаматпен қатар жүріп, қаланың үні – «Түркістан» газетінің жандануына өз үлесін қосты. Сол жылдары Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталған еді.
1998-2000 жылдары облысты Өмірзақ Әметұлы басқарды. Түркістан қаласының 1500 жылдық дүбірлі тойы кең көлемде аталып өтті. Бұл тұста Балтекең Өмірзақ Әметұлымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Қаланың тыныс-тіршілігінің айнасы болған «Түркістан» газеті өз миссиясын жоғары деңгейде атқарды.
Сондай-ақ, төрткүл дүниені таңдандырған Бекзат Саттархановтың олимпиада шыңын бағындыруы да осы жылдармен тұспа-тұс келеді. Бұл – қазақ тарихында алтын әріптермен жазылатын кезең. Балтабай аға басқарып отырған басылым жерлестерінің әлемді дүр сілкіндірген биік жетістігін алғашқылардың бірі болып оқырманға жеткізді және жақсылықты жария етуде өз қолтаңбасын қалдырды деп ойлаймын.
Қасиетті шаһарды 2003-2006 жылдары Мұхит Әлі басқарды. 2005 жылы «Түркістан» газетінің 75 жылдығы қарсаңында аудан әкімі газет ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Ол өз қызметін абыроймен атқарып, киелі өңірдің өркендеуіне үлкен үлесін қосты. Иманжүзді азамат ретінде түркістандықтардың есінде қалды. Бұл ретте әкімнің ой-пікірлерімен санасып, бірге еңбек еткен Балтекеңнің шоқтығы қашан да биік тұрды.
2006-2008 жылдары Түркістанды Әли Әбдікәрімұлы Бектаев басқарды. Ол 2000-2002 жылдары Қазығұрт ауданының әкімі, 2002-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. 2014 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.
Бейбіт Сыздықов 2008-2009 жылдары Түркістан қаласының әкімі қызметінде болды. Салық саласының маманы. Экономика ғылымының кандидаты.
Түркістан қаласына 2009-2012 жылдары Қайрат Молдасейітов, 2012-2013 жылдары аралығында Әліпбек Өсербаев басшылық жасады. 2010 жылы «Түркістан» газетінің 80 жылдығы қарсаңында қала басшысы газет журналистерімен кездесіп, бір топ қызметкерлерді марапаттады.

Бас редактордың қолтаңбасы
Балтабай Қаратайұлы «Түркістан» газетін басқарған 1998-2013 жылдары аймақта орын алған елеулі оқиғалардың барлығы басылым назарынан тыс қалмайтын. Қарамағындағы қызметкерлеріне: «Алдымен жұмыс, одан кейін – отбасы» деп темірдей тәртіп орнатып, талап қоюының арқасында газетке жаңашылдық әкелді, сапасын арттыру мақсатында көп еңбек етті. Нәтижесінде, 2003 жылы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы спортакиадада II орынды иеленді.
2008 жылы «Түркістан» газеті «Ең үздік аудандық, қалалық газеттер» номинациясымен марапатталды. Мұның барлығы – басшының қажырлы еңбегінің нәтижесінде келген дүниелер еді. «Балтабай Қаратайұлының нұрлы бейнесін, жалынды сөздерін ешқашан ұмытпаймыз» дейді бір ұжымда шығармашылығын шыңдаған шәкірті Ләззат Сарыбаева.
Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында Балтекеңнің баспасөздегі еңбегі айрықша болды. ЮНЕСКО көлемінде тойланған ұлы тойда «Түркістан» газеті ұжымының қосқан үлесі ерекше. Мынадай сәйкестікті қараңыз, сол жылы аймақтағы аға басылым – «Түркістанға» 70 жыл толған еді.
Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы кезінде Балтекең алыста жүрген бауырларын сағынған, жүрекжарды тілегін газет бетіне шығарып, көлемді мақала жазды. «Тағдыр салған тауқымет арқасында тарыдай шашылып, жер шарының әр жерін мекендеген бауырларымыз бағы жанып, атажұртында қауышты. Дүниежүзіндегі қазақтардың басын қосқан құрылтайдың тәуелсіз қазақ елі үшін орны бөлек болды. Ақжолтай үміт қандастарымыздың туыстығының бұрынғыдан да беки түсуіне ықпал етті. Қош келдіңіздер, қандас бауырлар» деп ақжарма тілегін ақтарған еді.
Иә, бір-бірімен табысқан бауырлардың, қауышқан құшақтардың шынайы бейнесін боямасыз келтірген Балтекеңнің туындысын оқыған оқырмандардың ризашылығы есімде.
Араға он жыл салып, түркі жұртының рухани мекенінде Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайы өтті. Шаһардың 1500 жылдық тарихымен тұспа-тұс келген бұл Құрылтайдың сән-салтанаты ерекше болды. Ұлы даладағы дүбірлі тойды жер-жаһанға таратуда Балтабай
Нұржанов басқарған «Түркістан» газеті күн-түн демей қызмет жасады.
Ал, Түркістанда 2003 жылы өткен республикалық бұқаралық ақпарат өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған Қазақстан журналистерінің ІІ конгресіне Балтабай Нұржанов бастаған газет ұжымы қатты дайындалды. Басқосуға келген қонақтарды редакциямен, оның тарихымен таныстырып, мұражай ашып, осы кезге дейін шығарған газеттерін аса ұқыптылықпен жинады. Өзі өңірдің өткенімен таныстыру мақсатында бұрынғысы мен бүгініне қатысты материал әзірлеп, газеттің бір нөмірін соған арнады. Сол кездегі қала басшысы Өмірзақ Әметұлымен «Ғасыр қала, жаны мәңгі жас қала» тақырыбында ашық сұхбат жасады. Түркістанда өткен келелі жиындар мен айтулы оқиғалардың тарихи беттерінде Балтабай Нұржановтың қолтаңбасы бар.

Таулар алыстаған сайын биіктей түседі
Жас кезінен қолына қалам алып, жазуға ынталы болған Балтабай аға мектепте оқып жүргенде газетке мақалалар жазып жүрген. Жазғандарының басым бөлігін «Түркістан» газетіне басылған. Осылайша бала кезден бастап Балтекең мен «Түркістан» газетінің арасында байланыс орнады. Балтабайды қаламынан таныған газеттің сол кездегі редакторы Тұрабай Мырзахметов қызметке шақырады. Осылайша алғашқы қызметін корректор болып бастап, уақыт өте қаламы ұшталып, шығармашылығы шыңдалып, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың бірінші орынбасары, редактор қызметіне дейін көтеріледі.
Балтекеңнің мінезі салмақты. Әрбір сөзін ақыл таразысындағы сүзгіден өткізіп барып айтатын, ойы орамды азамат еді. Асыл ағам менің көз алдымда осы кейпінде сақталып калды. Бүгінде «Түркістан» газетін Балтабай Нұржанов арқылы танитын түркістандықтар сыпайы, бауырмал, біртуар тұлғаны тек жақсы қасиеттерімен еске алады. Заманның қиын-қыстау сәттерін бірге көрген, үзеңгілес достары ағамызды бүгінде сағынышпен еске алады.
Әдемі естеліктерді есімізге алғанда, жанымызда жүргендей сезінеміз. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз Балтекеңе арналып айтылғандай. Қызметте әріптес ретінде сыйласып, өмірде бір атаның баласындай араласқан абзал ағамыздың бейнесі мәңгілік жадымызда тұрады. Ақселеу Сейдімбек ағамыздың Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының орталығы –Атасу кентінің іргесіндегі Қарауылтөбедегі кесенесіне жазылған мына сөздері есіме орала берді:
Көктегі күнге
Жердегі еліме
Мейірім қанбады.
Дөп айтылған сөз. Балтекеңнің жас журналистерге беретін тәлім-тәрбиесі көп болатын, айтылмай қалған ақыл-кеңесі қаншама еді… Балтабай ағаның ұлтжандылығы, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті керемет болатын! Халық арасында: «Адамның қасиеті өзінде емес – сөзінде» деген аталы сөз бар. Әр айтқан сөзінде ұлтына деген жанашырлықтың лебі есіп тұратын. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген сөздің мағынасын уақыт өте келе ұғынады екенбіз. Әттең, ағалық қамқорлығын білдіріп, өзіне баурап жүретін азамат ортамызда аман-есен жүргенде ғой, шіркін! Қаламынан әлі талай толғанысқа толы шығармалар туар еді, «Жазмыштан озмыш жоқ». Мезгілсіз көз жұмды…
Өкініштісі, жаныңа жақын тартып, жүзінен ізгілік нұры төгіліп тұратын Балтабай аға киелі мекен – Түркістанның облыс орталығы – Рухани астана болғанын көрмеді, ол туралы тебіреніп, шабыттанып, қалам тарта алмай кетті…
Нар тұлғалы, қаламы қарымды азамат едіңіз, асыл ағам! Алла алдыңыздан жарылқап, нұрыңыз пейіште шалқысын!

Дулат ӘБІШ,
Қазақстан Журналистика
академиясының
академигі,

Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы