ТАУ ТҰЛҒА

690 көрілім

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі», деген даналық шын мәнінде асқар таудай азаматтарға айтылғандай. Елі үшін еткен еңбегі еленіп, ел аузында аңызға айналған ағаларымыз аз болмаған. Әсіресе, қоғам, халық деп жар құлағы жастыққа тимей еңбек еткен ағаларымыздың атын алтынмен жазсақ та, артық етпес. Алтынмен атын жазар болсақ, тағылымды тағдыры мен өнегелі өмірімен үлгі болған Сейдулла Садықұлының есімін атауға болады. Журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан, талай түлекті қанаттандырып, ұзтаздық етуден жалықпаған тұлғамен сұхбаттасудың сәті түсті. Журналист, қаламгер, ұстаз, қоғам қайраткері Сейдулла Садықұлымен сүбелі сұхбат.

Сейдулла аға, еңбек жолыңыз журналистикадан басталғаны мәлім, Шерханша айтқанда «жантақ жегізген» журналистикадағы сара жолыңыз туралы айтсаңыз.

Мырзашөл өңіріндегі негізінен мақта өсірумен айналысатын Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары Өзбекстанға қарайтын. Кеңестік заманда шекара болмайтын. Кеңес азаматысың ба, Одақты емін-еркін шарлай бер. Ұлтына, ұлысына ешкім де бөліп жатпайтын. Өзбекстанның астанасы – Ташкент шаһары жүз шақырымнан сәл асса керек. Автобуспен бір жарым сағаттық жол. Ал, облыс орталығы саналатын Сырдария қаласы Мақтааралдан отыз шақты шақырымдай ғана жерде. Бұл қаланың негізгі тұрғыны – ала тақиялы өзбек ағайындар. Мұнда Ғафур Ғұлам атындағы Сырдария педагогикалық институты болатын. Онда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына да студенттер қабылдайды. Мектеп бітіргеннен кейін сенделіп бос жүрмейін деп осында құжат тапсырғаным бар. Емтихан болатын күнді асыға күтіп жүрмін. Бір күндері ауылға бір бейтаныс кісі келді. Аудан орталығы – Бағарадан мені іздеп келіпті. Аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің тілшісі Дүйсенбай Андасов екен. Газет редакторы мені шақыртқан екен. Бағара біздің ауылдан жиырма шақырымдай жерде. Автобуспен отыз тиынмен барасың. Сонымен үйге келген тілші екеуміз Бағараға тартып кеттік.
Мені редактордың кабинетіне кіргізді. Артқа қайырылған шашын қырау шала бастаған егде кісі екен. Сәлемімді жылы қабылдап, бетіме күлімсірей қарады. Сол жерде алғашқы еңбек жолым басталды. Осылайша, еңбек кітапша ашылып, тұңғыш рет «Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне әдеби қызметкер болып қабылдансын» деген жазу түсті. Бұл 1968 жылдың 31 шілдесі еді. Арадан төрт жыл өткенде ҚазМУ-дің Журналистика факультетіне оқуға түстім. Қызығы мен қиыны мол кезеңдер өте берді. Жазуымды тоқтатпадым. Қаламым ұштала түсті. Арадан жылдар өткенде, Алматы облыстық «Жетісу» газетіндегі қызметімде де аудармаға бейімділігімді таныттым. Журналистика әлеміндегі жарты ғасырдан астам мерзімде осынау қасиетті жолда абыроймен жүріп келе жатқаныма шүкіршілік етемін.

Өмір дерегіңізде «Жетісу» басылымы туралы көзім шалып қалды. Айтарыңыз бар ма?

«Жетісудағы» қызмет жылдарында газеттің барлық жанрларында қалам тарттым десем асылық бола қоймас. Нөмірге баратын материал-құжаттарды орысшадан қазақшаға аударумен де айналысатын болдым. Бұл басшылық тарапының сенгені еді. Бір апта кабинетімде, бір апта іс-сапарда болу қалыптасқан дағдыға айналды. Арыз-шағым тексеру, әртүрлі салалар бойынша рейдтер ұйымдастыру, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың, ауыл тұрғындарының толғандыратын өзекті мәселелері тұрғысында «Проблема. Пікір. Ұсыныс» айдарымен проблемалық мақалалар, жер-жерде орын алып отырған келеңсіздіктер тұрғысында сын мақалалар жазу журналистік қызметімдегі қалыпты шаруаға айналған. «Ойластыратын жайлар бар», «Шешімін күткен істер көп», «Судың сұрауы үлкен», «Санта-Гертруда тағдыры толғантады», «Қағаз жүзінде қалған бұйрық», «Шаруашылыққа жанды көмек қажет» деген тақырыптармен қордаланып қалған проблемаларды көтердім. Ауыл шаруашылығы мен ауыл өміріндегі былық-шылықтар жайлы жарық көрген бірқатар сын мақалаларымның тақырыптары атойлап тұрды: «Сын сағатта серпін керек», «Кінә де, кінәлі де көп», «Шығын көп, пайда жоқ», «Жалған ақпармен іс алға баспайды», «Қауырт шақта қарқын қажет», «Шалағайлық шырмауында», «Есеп-қисаптағы былықтар», «Көрсеткіш неге құлдырап барады?», «Әзірлік ала-құла», «Тағы да дірдек қаға ма?», «Сөз көп, іс жоқ», «Комплекстегі келеңсіздіктер», «Жауапсыздық орын алған жерде», «Құлдырау сыры неде?», «Шаруаға қырсыздық белең алғанда», «Қағаз жүзіндегі халық жасақшылары». Жалынды публицистика жанымды тербеді. Орда бұзар отыздан асқан жасымда толғанып, тебіренуге хақым бар еді. Бейбіт елдің бір азаматы, журналист ретінде «Бейбітшілік жылы бол адамзатқа» деп жар салғым келді.

Жарты ғасырға жуық үздіксіз ұзтаз болып келе жатырсыз. Ұстаздық етудің өзі қиыны мен қызығы қатар жүретіні заңды. Сол мехнаты мол жылдар туралы ой бөліссеңіз.

Мен ұстазбын. 1977 жылы Журналистика факультетін бітіргеннен кейін кеңестік дәуірдегі тәртіп бойынша Қазақстан КП Орталық Комитеті Насихат және үгіт бөлімінің жолдамасымен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қалдырылып, мұнда он жылдан астам уақыт қызмет еттім. 1987 жылы өзім білім алған қара шаңыраққа оқытушылыққа қабылдандым. 1994 жылы қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне шақырылып, Журналистика бөлімін ашуға басшылық жасадым. Содан бері осындамын. Білім ордасының профессорымын. Сөз орайы келгенде, былай дегім келеді: жоғары оқу орнында жүрген оқытушы ғылыммен міндетті түрде айналысуы керек. Өзінің таңдаған саласы бағытында қаншама күш-жігер жұмсауына тура келеді. Мен мұны өз басымнан өткізген адаммын. Докторлығымды тоғыз жылдай жаздым, оны қорғауға алты жыл уақыт кетті. Бірде Ташкентте докторлық қамымен қиналып жүргенімде бір өзбек профессоры «Ака, алпыстан асып барады екенсіз, сізге докторлық неге қажет?» деп сұрақ қойған-ды. Сонда не деп жауап бергенімді айтайын: «Ия, жас емеспін, дегенмен мен де дүниеден өтемін, сонда артымда қалған ұрпағым «Атамыз доктор болған» деп мақтаныш етсе деп ойлаймын. Бұл сөзге өзбек профессоры не дерін білмеді. Осыдан кейін менің қорғауым жылдам жүре бастады. Сондықтан да, ғылым жолындағы жас әріптестеріме айтарым, қиналыс осындай болады. Қара дауылға қаймықпай қарсы тұра білу керек!..

Ғылым жолындағы толымды еңбектеріңіз, публицистикада жазған жазбаларыңыз қазақ елінде ғана емес, таяу шет мемлекеттердің де журналистикасында өзекті тақырыптардың қатарында. Кейінгі жазбаларыңыз, ғылыми еңбектеріңіз, жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз.

Ғалым ретінде де шама-шарқымша ұлтыма қызмет етіп келемін. Олай дейтінім, кандидаттық диссертациямды 1992 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде «Аграрные преобразование в Казахстане и печать» деген тақырыпта 10.01.10 – Журналистика мамандығы бойынша қорғадым. Ал докторлық диссертацияны 2012 жылы Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультетінде 10.01.10 – Журналистика мамандығы бойынша «Проблемы национальной идентификации и национальной идентичности в печатной прессе Казахстана (историко-филологические и методологические аспекты)» атты тақырыпта қорғап шықтым. Республика Білім және ғылым министрлігінің Бақылау комитетінде докторлық жұмысымның баламалылығы танылды. Журналистика мамандығы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ғылым докторы ғылыми дәрежелерім бар. Қай кезде де Журналистика мамандығыма адалдығымнан танған емеспін. 15 оқулық, монография, оқу құралдарым жарық көрді. 110-нан астам ғылыми-зерттеу мақалалардың авторымын. Кітаптарым еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында журналистика мамандығы бойынша оқытылады. Германияның академиялық баспасы көлемі 32 баспа табақ монографиямды тегін жарыққа шығарды.

«Нағыз адам» болуды насихаттайтын позицияңыздан шаршаған сәттеріңіз болды ма?

Жо, жоқ, шаршаған емеспін. Ең бастысы Азамат ретінде кеудемді тіп-тік ұстап келемін. Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Сағым сынбады. Әділет жағында болуға тырысып келемін. Өтірік айтуға, көлгірсуге қақым жоқ. Жағымпазданып, жарамсақтана алмадым. Сондықтан да болар, талай таяқ та жедім. Түңілген кездерім де болды. Ешкімді сатпадым, сырттарынан ғайбат сөз де айтпадым. Қолтығыма кіріп, жақсылығымды көргендердің өзі шімірікпестен сатқан кездер де аз болмады. Қазір де жанымда жүргендердің арасында екіжүзділердің, сатқындардың бар екенін білемін. Мұндайлар бұрын да болған, қазір де бар, ондайлардың бола беретіні де өмір заңдылығы.

Тым қарапайымсың ғой-деген еді бір ағамыз. – Докторсың, профессорсың, лауреатсың. Өзіңдей ел ағасы жасындағыларды айтпағанның өзінде қолына билік тиген, не шамалы дәрежесі бар жастардың өзі көкірек керіп, айналасындағыларға мұрнын шүйіре қарайды. Сен болсаң үлкенмен де, кішімен де жалбақтасып жатқаның….
Ағамыз білген соң айтады да. Сүтпен сіңген мінез болар. Әйтеуір кісі болу қолымнан келмей-ақ қойды. Кей-кейде «Мен де көкірегімді керіп, кісілерше жүрейінші» деп пендешілікке салынатыным бар. Көшеге шықсам болды, таз қалпыма қалай түскенімді білмей қаламын. Үлкенмен де, кішімен де шүйіркелесе кетемін. Шәкірттеріммен мәре-сәре болып жатамын. Барым осы. Аузымнан негізінен «мақұл, орындауға тырысамын, уайымдама» деген сөздер шығатынын білемін. Лексиконымнан «Жоқ, болмайды» деген сөздер сызылып тасталса керек. Өзімді өзім дәріптеп, ұпай жинағым келмейді. Бұған адал достарым, ақ моншақ шәкірттерім куә. Болашақ журналист-шәкірт тәрбиелеп жүрген біздің басқалай жолмен жүруге қақымыз жоқ. Азаматтық арымның алдында берер антым сол, шындықты, тек қана шындықты жазу және айту.

Мен журналистпін. Жоғарыда айтқанымдай, мектепте соңғы сыныптарда оқып жүргенімде аудандық газетке хабар-ошарларым шығып тұратын. Онжылдықты бітіргеннен кейін ауылда сенделіп жүрген мені газеттің редакторы арнайы шақыртып алып, бірден әдеби тілшілік қызметке қабылдады. Бұл 1968 жылдың 31 шілдесі еді. Демек, қаламды серік еткеніме жарты ғасырдан асып барады. Сол қалам қолымнан әлі де түскен жоқ!…

Сейдулла Садықұлы, Қазақстандағы ұлттық бірегейлік туралы пікіріңіз?

Ұлттық санадағы терең өзгерістер республикада ұлттық идеяны жаңғыртудың тұтас бір жүйесін қозғалысқа келтірді. Осы процесті қамтамасыз етуде баспасөз қызметкерлеріне күрделі міндеттер жүктеліп отыр. Республиканың ішкі және сыртқы өмірінің қат-қабат проблемалары бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін түбірімен өзгертуді талап етеді. Шынайы демократия туын желбірете отырып, жариялылықты барынша өрістету, ақ-адал сөйлей білу маңызды сипатқа ие. Бұл орайда, журналистің баспасөз айбындылығын танытатын жаңаша саяси ойлау машығының концепциясы ауадай қажет.
Егемен Қазақстан Тәуелсіздігі, жүріп жатқан экономикалық және саяси реформалар, ұлтаралық татулық пен өзара келісім, қазақ халқының ауызбірлігін нығайту мәселелері, қоғам өмірінің басқа да күрделі әрі өзекті проблемалары ұлттық мемлекеттік идея негізінде ғана онды шешімін табады. Осы игі істің жемісті болуы оның басы-қасында жүрген журналист-публицистердің пайымына, адал еңбегіне, азаматтығына тікелей байланысты. Алда тұрған рухани жаңғыру аясындағы міндеттердің күрделілігі, кең ауқымдылығы мен жауапкершілігі қалам иелерін халықтың рухани сұранымына жоғары мәдениетпен, елгезектікпен қызмет етуді талап етеді. Осылай десек, журналистің жеке жауапкершілігін арттыру мәселесі бұрынғы қай кездегіден болмасын өткір қойылып отыр. Өкінішке орай, республика газет-журналдарындағы көптеген материалдар жаңа қоғам құрылысының баспасөзге қойып отырған талаптарына сай емес. Негізінен алғанда облыстық және аудандық газет беттерінде көпшілікке мәлім жағдаяттарды қайталап жататын бөлімдерге, материалдарға орын беріліп жатады. Жаңа қоғамдық құбылыстардың қазіргі ерекшілігіне жете мән бермеу, жан-жақты талданбау бұқара санасын көмескілендіреді. Баспасөз беттерінде халық көкейіндегі көптеген сауалдарға шындыққа негізделген нақты жауаптың болмауы орынды кумән туғызады, болашаққа деген сенімге селкеу түсіреді. Жасыратыны жоқ, әсіресе аудандық газет редакцияларында қазіргі қоғамдағы түбегейлі өзгерістерді жете сезінбейтін саяси ойлау өрісі тар, ескі жаттандылықтан арылмаған журналистер аз кездеспейді.
Ғасырлар бойы азаттық аңсап келген қазақ халқының бағы жанды. Тәуелсіз ел болдық! Осынау ұлан-ғайыр Ұлы Даланың бүгінгі ұрпақтары өздерін дербес мемлекеттің нағыз иесі ретінде сезінуде. Әлемдік өркениет көшіне ілескен еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің бағыт-бағдарын нақты айқындады: шынайы демократия, сөз бостандығы, жариялылық, рухани жаңғыру республика баспасөзінің, радиосы мен телевизиясының күнделікті тыныс-тіршілігінің өзегіне айналды. Қазақ журналист-публицистері алты алаштың арман-мұңын жырлауға, күллі әлемге ұлтымыздың айбынын танытуға бағытталған ұлы үрдістің алғы шебіне шықты.

Еткен ерен еңбектеріңіз, ғылым көкжиегіндегі жаңалықтарыңызбен бөлістіңіз. Енді ізіңізден ерген жас журналистерге, яки түлектеріңізге айтарыңыз.

Ұстаздық қызметіме де қырық жылға жуықтап барады. Журналист-шәкірттерім еліміз бен шетелдік БАҚ-да қызмет етіп жүр. Шүкір, ізбасарлардан кенде емеспін. Біздің бөлімімізде керемет талантты шәкірттеріміз бітіріп шықты. Олар тек Қазақстанда ғана емес, түркі дүниесінің барлық елдерінде деуге негіз бар. Қазірдің өзінде өзімізден түлеп ұшқан екі шәкіртіміздің «Болашақ» бағдарламасымен Америкада білім алып жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Ғылым жолында жүрген шәкірттеріміз де баршылық.
Қасиетті топырақта білім алған ізбасарларымыздың өз орталарында дараланып тұратыны ақиқат. Бір мысал: еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» бес-алты шәкіртіміз қызмет етіп жүр. Олардың материалдары әрдайым назар аударады. Жетпістің жетегіндегі ұстаз ретінде барша шәкірттерімнің ұлт мүддесі жолында адал қызмет етіп, ұлттық бірегейлікті әрдайым мақсат еткендерін қалар едім. Тәуелсіз елміз. Тәуелсіздіктің тұғыры мықты болуы тиіс. Көп мәселе қаламгерлердің, журналистердің ой-өрісіне, мақалаларындағы отты жолдарға байланысты болмақ. Іске сәт, жас достарым!
-Аға, сырлы да мағыналы сұхбатыңызға мың алғыс!

Сұхбаттасқан:

Балзия БАЕШОВА,
«Журналистика» кафедрасының доцент міндетін атқарушы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы