«СІЗ ЖАҚСЫ АДАМСЫЗ» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУ КЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

889 көрілім

Қаламыздағы «Ұлы Дала Елі» орталығында түркістандық жас ақын Санжар Ғұламаның алғашқы тырнақ алды «Сіз жақсы адамсыз» атты аудио-поэзия кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Айтулы кеш Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді. Шараны ақын Санжар Ғұламаның шығармашылық жолындағы апасы Әлима Пашанова ашып жүргізіп отырды.
Шарада «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директор-редакторының орынбасары Ләззат Сарыбаева кеш иесіне шығармашылық табыс тілеп, сый сияпат жасады. Бұдан соң ақын Айдар Сейдәзім «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың алғыс хатын оқып, табыстады. «Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров пен «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің бөлім меңгерішісі Райымжан Әлібаев інісіне жүрек жарды игі тілектерін білдірді.
Кешке сонау Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Қызылорда, Тараз, Шымкент қалаларынан Санжар ақынның өлеңіне құштар аға-әпкелері, әріптестері келді. Әдеби кешке ақынның әріптестері яғни Түркістан қаласындағы Ататүрік атындағы №17 мектеп-лицейдің директоры Рахила Үрімова бастаған мұғалімдер ерекше қолдау білдірді. Кеш барысында Санжар Ғұламаның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, поэтикалық оқылымдар жұрт назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек, танымал композитор Құралай Сатмұхамбетова екі өлеңіне ән жазып, өзі шырқаса, асаба, ақын Құрманай Бақтиярқызы, Алматыдан арнайы келген Тоты Беркімбаева өлеңдерін оқыса, 8 жасар ең жас оқырманы – көркем сөз оқу шебері Дархан анасымен бірге келіп, ақынның өлеңдерін ерекше тебіреніспен оқып, көпшілікті тәнтті етті. Алматылық ақын Қайрат Тілекқабылұлы, Қызылордадан танымал ақын, мәдениет үйінің директоры Жанар Болатбекова, аудио поэзия кітабындағы 100-ге жуық өлеңінің барлығын өз дауысымен оқып шыққан Жәнібек Әшімжан келіп, кешке ортақтасты. Шара соңында елімізге танымал, сазгер әпкеміз Құралай Сәтмұхамбетова асаба, ақын Құрманай Бақтиярқызы, сазгер, профессор, ұстаз Бекжігіт Сердәлі, қызылордалық ақын Асылзат Арыстанбектер кітаптың тұсауын кесіп, Санжар ақынға ақ тілектерін арнады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы