ЖЕҢІСКЕ – 80 ЖЫЛ: ТАРИХ ТАҒЗЫМ ЕТУДІ ҰМЫТПАЙДЫ

331 көрілім

2025 жылы бүкіл адамзат баласы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуын атап өтуде. 1945 жылдың 9 мамыры – тарих бетінде мәңгілікке жазылған күн. Бұл күн – адам ерік-жігерінің, төзімділігі мен батырлығының фашизмге қарсы күресте жеңіске жеткен сәті. Жеңіс – миллиондаған адамның қаны мен жанын қиған күрестің нәтижесі. Сондықтан бұл күн – тек күнтізбедегі дата емес, ол – әрбір жүрекке орнаған естелік, терең тағзым мен шексіз алғыс күні.

Қазақстан халқы бұл ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосты. Соғыс жылдарында Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңға жуық жауынгер аттанып, олардың жартысынан астамы туған топырағына оралмады. Майдан даласында шайқасқан жауынгерлермен қатар, тылда қалған халық та жанкешті еңбек етті. Аштық пен жоқшылыққа қарамастан, олар Жеңіс үшін күн-түн демей жұмыс істеді. Қара қағаз келген әр үйде көз жасы мен үміт қатар өрілді, ал ерлікпен оралған жауынгерлер – елдің жүрегінде мәңгілік орын алды.

Қазақ жауынгерлерінің ерлігі – тарихта өшпес із қалдырды. Мәскеу түбіндегі ерлік шайқаста генерал-майор Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының қаһармандығы ел есінде. Оның құрамындағы батыр командир Бауыржан Момышұлы – әскери тактикалық шеберлігімен де, ұлт рухын асқақтатқан ерлігімен де тарихта қалған тұлға. Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған ұшқыш Талғат Бигелдинов, жаудың техникасын көк аспанда жойған Нұркен Әбдіров, жау дзотын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов – халқымыздың маңдайына біткен ұлдары.

Жеңістің 80 жылдығы – тарихқа тағзым ғана емес, сонымен қатар бейбіт өмірдің, еркіндіктің, тыныш таңның мәнін ұғынатын ерекше күн. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – батыр бабалар рухына тағзым, ерлікке бас ию, өткенге құрмет пен болашаққа сенім білдірудің символы.

Елімізде биыл Жеңістің 80 жылдығына орай бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың өмір жолы жастарға өнеге ретінде насихатталуда. Ескерткіштер мен мемориалдар қайта жаңартылып, жаңа ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор әскери-патриоттық кездесулер, тақырыптық көрмелер мен әдеби кештер ұйымдастырылып жатыр. Бұл – тарихты ұмытпай, оны саналарға сіңірудің бір жолы.

Ұлы Жеңіс – тек өткеннің естелігі емес, ол – бүгінгі бейбіт өміріміздің негізі, ұлттар арасындағы бірліктің, халықтар достығының, елдіктің, ерліктің символы. Соғыс өртіне шарпылған ұрпақтың аманаты – тыныштықты сақтау, өткенді ұмытпау, болашаққа сеніммен қарау.

Отан үшін от кешкен ардагерлерге мың тағзым! Ерлік – ұмытылмайды, тарих – өшпейді.
Балнұр ПЕРНЕХАН,

Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы