Мәртебелі кітап – руханияттың мәртебесін көтерген апталық.

365 көрілім

Түркістан облысында рухани өрлеудің, кітапқа деген құрметтің айғағындай болған ауқымды мәдени іс-шара – «Мәртебелі кітап» апталығы облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық кітапханаларда салтанатты түрде бастау алды. Кітап апталығында 16-23 сәуір аралығында түрлі шаралар өткізу жоспарланған. 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған бұл апталық оқырман мен кітапхана арасындағы алтын көпірді одан әрі нығайтып, кітапсүйер қауымның жадында ұзақ сақталатын тағылымды да әсерлі шараларға толы болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтай сессиясында қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға қатысты айтқан бастамалары аясында, 2024 жылдың 16 шілдесінен бастап елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде бекітілгені белгілі. Осыған орай облыс аумағындағы 387 кітапхана жүйесінде (орталықтандырылған кітапханалар) апталық кең көлемде аталып өтті. Ашық есік күнінде ұйымдастырылған апталықтың ашылу салтанатына 5500-ден аса оқырман қатысып, бұл мәдени шараның ауқымын, қоғамдағы кітаптың беделін айшықтап берді.

Апталықтың басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін дәріптеу, ұлттық руханиятты насихаттау, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты жандандыру. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылып, жас ұрпақпен еркін сұхбаттасты. Қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер кітапхана қорына кітап сыйлап, жас оқырманға өнеге боларлықтай жылы лебіздерін білдірді. Бұл кездесулер – жас буынға әдебиетке деген құрметті арттырудың, болмыс пен танымды тереңдетудің тың тәсіліне айналды.

Апталық аясында өткізілген мазмұнды шаралардың бірі – Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияда өткен «Сөз өнеріндегі өлкетану» атты кездесу кеші болды. Өлке әдебиетін насихаттауға арналған бұл кештің қонақтары – жас ақын, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі, «Галактикадағы ғұмыр» кітабының авторы Бауыржан Ерман және ұстаз, ақын, «Құдай жайлы ойланатын қала» жинағының авторы Арқалық Әмәлият. Ашық сұхбат форматында өткен әдеби кеште оқушылар мен ұстаздар ақындардың шығармашылық ізденісі, өмірлік ұстанымы, көркем сөзге деген құлшынысы туралы сырлы әңгімелер тыңдады. Әдебиетке ынтық жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, әсерлі жауап алды.

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған ерекше жобалардың бірі – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтар күнімен үндестік тапқан «Махаббат деген біз» атты поэзия кеші болды. «Фараб» кітапханасында өткен бұл әсерлі кеш түнгі кітапхана жобасы аясында ұйымдастырылып, махаббат пен сенімді, отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналды. Түркістан облысының әр түкпірінен келген кітапхана қызметкерлері – ғашықтар жұбы кештің басты кейіпкеріне айналды. Болат пен Назерке (Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы), Ержан мен Ақерке (Сауран ауданы), Ғазиз бен Ұлбала (Созақ ауданы), Қуаныш пен Оразкүл (Жетісай ауданы) – махаббат жайлы естеліктерімен бөлісіп, поэзия мен шынайы сезімнің симфониясын әсем жеткізді. Жас ақындар мен зиялы қауым өкілдері кештің көркін келтіріп, жырдан шашу шашты. Кітапхана махаббат тақырыбындағы кітаптар көрмесімен, жүрек бейнелі шарлармен және қызыл кілеммен ерекше безендірілді.

Апталықтың тағы бір тың форматы – 19 сәуір күні өткен «Weekend. Book. Vibes» атты ашық аспан астындағы әдеби іс-шара болды. «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен өткен бұл жоба – «Оқырман Дәмханасы» деген атаумен қала тұрғындары мен қонақтарын кітаппен достастыруға бағытталды. Жайлы ортада өткен кездесуде кітапсүйер қауым сүйікті туындыларын оқып, әдеби шолулар мен викториналарға қатысты. «Оқырман Дәмханасы» – оқырман мен кітап арасындағы рухани байланысты жаңа қырынан көрсеткен, ерекше бастама ретінде көптің көңілінен шықты.

20 сәуір күні Жеңіс саябағында «TalkLike» оқырмандар клубының ұйымдастыруымен «Абайдың асылы – Байғұттың бейнесі» атты әдебиет талқысы өтті. Ашық аспан астында өткен бұл пикник-талқылау – Абай Құнанбайұлы мен Мархабат Байғұт шығармашылығына арналды. Қазақ руханиятының қос алыбының туындылары талқыланып, оқырмандар өз ойларымен еркін бөлісті. Абайдың даналығы мен Байғұт прозасының өміршеңдігі шараға қатысқан жастарды терең ойға жетелеп, әдебиетке деген қызығушылығын арттырды.

«Мәртебелі кітап» апталығы – жай ғана мәдени шара емес, бұл – оқырман мен руханияттың тоғысқан алтын дәуірі. Түркістан облысының кітапханалары ұйымдастырған ауқымды іс-шаралар легі – ел болашағын тәрбиелеудегі, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызды мәдени оқиға болды. Кітап – тек ақпарат көзі ғана емес, ол – ұрпаққа жол сілтейтін рухани компас. Осы апталық соны тағы бір мәрте дәлелдеді.

Балнұр ПЕРНЕХАН,

Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы