Кітаппен келген арман әлемі

277 көрілім

Ұлттық кітап күніне орай Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында өткізілген кітап апталығы аясында балалар әлеміне жаңа шабыт, тың серпін сыйлаған айтулы шара – «Менің армандарым» атты күнделік кітаптың тұсаукесері өтті. Жас оқырманның арманын аялап, қиялын қанаттандыратын бұл кітап балаларға өзіндік бағыт-бағдар сілтеп, олардың жүрегіне үміт отын жағатыны сөзсіз.                                                                                 

Кітапхана төрінде ерекше дайындықпен ұйымдастырылған бұл кеш – көркем инсталляциялық көрмелермен әрленіп, қонақтардың жүрегінен орын алған жылы атмосферамен есте қалды. «Менің армандарым» кітабынан арнайы дайындалған бейнеролик те көрерменге терең әсер қалдырып, кітаптың мазмұны мен мәнін ашып берді.                                                                   

Шараның модераторы – Оңтүстік Қазақстан газетінің тілшісі, ақын Бауыржан Ерман көрермен мен спикерлер арасындағы байланысты шебер жүргізіп, мазмұнды кештің мәнін аша түсті. Ал ұстаз, «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева кітаптың туу тарихы мен авторлардың шығармашылық жолы туралы баяндап, балаларға шабыт сыйлай білді. Жүргізілген сұқбат форматындағы бөліс – көрермендермен жүрекке жеткен әңгімеге айналды.                                                                                                  

Кештің қадірлі қонақтары – ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Сарасөз» журналының бас редакторы Гүлжаз Қарыбек, №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Жанәліқызы және ақын Арқалық Әмәлият сынды зиялы қауым өкілдері жас буынның кітапқа, арманға деген құштарлығын арттыратын осындай жобалардың маңыздылығын атап өтіп, «Менің армандарым» кітабының балалар санасына сәуле шашатын, тәрбиелік мәні зор еңбек екеніне ерекше тоқталды. Әдеби кешті шырайландыра түскен Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің жас өнерпаздары арманға толы жүректерінен шыққан жырларын оқып, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады. Бұл — арманына сенетін, арманына ұмтылатын балалардың поэзиясы еді.

Кеш соңында кітапхана директоры Рысбек Ермекұлы шараны қорытындылап, кітаптың жас оқырманға берері мол екенін атап өтті. Ол кітаптың тек оқылатын дүние ғана емес, бала жүрегіндегі үмітке айналатынына сенім білдіріп, кешке атсалысқан барша жандарға алғыс айтты.                                                                                                                     

Бұл кеш – жай ғана кітаптың тұсаукесері емес, бала арманының мерекесі, балғын болашақтың беташары болды. «Менің армандарым» – әр балаға арман құсын самғатуға мүмкіндік беретін, өмірлік бағыт нұсқайтын кітап екені анық. Ал біз, кітапхана қызметкерлері, осындай рухани жобалар арқылы әр баланың ішкі әлеміне үңіліп, оларды арманға жетелейтін жолда демеу болуға әрдайым дайынбыз.  

Бағила АБЗЕЙТОВА,

Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы