ВАЙНЕР ДЕГЕН КІМ?

494 көрілім

Жалпы, «Вайнер» деген кім? Олар қандай мамандық иесі. Осы сұрақтың төңірегінде тарқатып айтып көрейік. Бүгінде вайнер, блогер, тиктокер, ютубер, пранклер секілді қазіргі жастардың «диалект» сөздерін аға буын да, орта жастағылар мен жасөпірімдер де көріп те, біліп те көздері үйренген. Соңғы жылдары ақпарат заманы қарыштап дамығанда Қазақстанда бірнеше «вайнерлердің» қатары көбейді. Қазіргі жастардың қалжың негізі желісінде ең өтімді таралып жүрген ол «вайн». Бүгінде «вайн» шағын роликтері әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинайды. «Вайн» деп отқанымыз 15 секундық видео.
Ал, вайнер деген сол видеоны түсіруші адам. Образға кіре отырып, авторлар парик, орамал, жасанды мұрт пен көзілдіріктерді жиі қолданады. «Вайн» термині соңғы екі жыл бұрын әлеуметтік желіде қолданысқа енгізіле бастады. Әзілі жарасқан жастар бүгінгі күні қолындағы ұялы телефонымен-ақ вайндарды кез келген жерде түсіре береді. Вайн түсірушілердің шағын роликтері тек қана әзіл аясында шектеліп қалмай, ел ішіндегі өзекті мәселелерді де келеке ететіндері бар.
Инстаграм әлеуметтік желісінде @instaazizgram болып бастап, қазір лақап атпен (ужас әйел) кейіпкерін сомдау арқылы танылған жерлесіміз блогер-вайнер Азизхан Аюпов Батыржанұлы Сарыағаш ауданында 1992 жылы 24 сәуірде дүниеге келген. Түркістан қаласындағы Әл-Фараби мектебін тәмамдап, «Болашақ» колледжінде қаржыгер мамандығын бітірген. Бүгінде әлеуметтік желіде төбе көрсетіп, өзінің вайны арқылы өтімді әзілімен көпшіліктің үдесінен шыққан түркістандық Азизханмен сұхбаттасқан едік.

Азизхан алғашқы сұрақ-инстаграм әлеуметтік желісіне дейін қай салада жұмыс жасадың?

Менің өз мамандығым- қаржыгер. Алайда өз салам бойынша жұмыс жасаған емеспін. Дегенменде бос жүрген кезім болған жоқ. Көбінде пойыз жолдарда сауда-саттық жасап нәпақамды табатын едім. Анам осы саудамен айналысқан соң мен де қолғабыс етіп жүрдім. Әрі анамның жалғыз перзентімін. Бүгінде отбасылымын. Екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырған әкемін.

Инстаграм желісіне соның ішінде вайн түсіру ойыңа қалай келді?

Жалпы өнер саласынан құр алақан емеспін. Жастайымнан мектеп қабырғасында, студент кездерімде түрлі іс-шараларға қатыстым. КВН деп аталатын құрама ойындарда топ жардық. 2020 жылы карантин басталғанда барлық жерде жұмыстарға шектеу қойылды. Сол карантиннің қиындықтарын менде көрдім. Ашығын айтқанда кәсібім уақытша тоқтады десем де болады. «Бір қиындықтың артынан бір жеңілдік бар дегендей, карантин талабымды ашқан екен. Бір күні өзім секілді құрдастарымның инста әлемінде болсын, тикток желісінде болсын әзілі жарасқан видео роликтерін көріп қызыға бастадым.
Содан бір күні үйде зерігіп, тикток желісі мен инста парақшамды ашып күн сайын көңілді көтеретін контенттер салып тұрдым. Ол кезде оқырмандарым шағын ғана болатын. Сол тұстан-ақ ә дегеннен қаралым көрсеткіші жаман болмады. Әзілдерімнің көпке ұнай бастағанын байқадым. Инстаграм желісінде оқырмандарымның қатары көбейіп, олардың қолдауы да демеу болды. Содан кейін инста әлемінен бөлек түркістандықтарға да танылып, мені көшеде көрсе танитын дәрежеге жеттік. Менің 1 минуттық қалжыңдарым, пародияларым халыққа ұнаған секілді. Бірнеше айларда қаралым саны артты.
Жалпы менде плагиат деген дүние жоқ екен. Барлық контентім өз идеямнан келеді. Қарапайым тіршілікте болып жатқан дүниелерді әзілін араластырып жеткізуге тырысамын. Жалпы вайндағы түсірілім өмірімізде болып жатқан оқиғалар ғой. Ал біздің мақсат әрбір оқиғаның әзілін келтіріп, оқырман жүрегінен жол табу.

Сен үшін вайнерлер кәсіби өнер иесіне жата ма?

Негізі вайнерлер дегенді толыққанды өнер иесіне жататынын білмеймін, бірақ инстаграм деген платформада, өз-өздерін ешқандай таныссыз, ешқандай ақшасыз қаншама вайнер-блогер әзілдерімен төбе көрсетіп жүр. Ал, инстаграм бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Былайша айтқанда бір тәуелсіз өнер иелеріміз. Вайнның авторы болу кез-келген адамның қолынан келетін іс. Түсірілім үшін арнайы техника мен жарық көзі талап етілмейді. Вайнер болсаң өз бетінше түсіріп, видеожазбаны монтаждап, басқалармен бөлісесің.

Инстаграм желісінде вайнер-блогер болып жүргеніне бір жарым жыл болып қалыпты. Қандай жақсы тұстарын көріп келесің? Табыс бар ма?

Аллаға шүкір осы инстаграм платформасынан табыс таппаймын десем өтірік болар. Табыс табамын. Әр кезде әр қалай. Алла берекесін берсін деп отырамын. Көпшілігі ойлауы мүмкін. Инстаграмда блогерлердің бәрі табысты немесе жүрекше басқаны үшін болмаса қаралымы үшін инстаграм оларға ақша төлейді деп. Жоқ мүлдем олай емес. Инстаграм бір тиында төлемейді. Қанша жүрекше мен миллион қаралым болып тұрсада бұл көрсеткіштер үшін айлық түспейді. Тек статистика үшін қаралым саны қажет. Статистика деп отқанымыз қанша қаралым болса сонша аудитория сізді бақылады деген сөз. Бүгінде әрбір оқырмандардың өздері сүйіп қарайтын блогерлері бар.
Сториз деп аталатын функциядан яғни (күнделікті телефоннан тыныс-тіршілігін) бақылайтын оқырмандар ақпараттар мен пайдалы дүниелер болсын ұсынатын кез-келген тауарларды сол блогерлерден біле алады. Қаласа тұтынады немесе сатып алады. Ал табыс блогерлерге жарнама ұсынушылардан, марафон, курс, гив өткізу арқылы келеді. Мен оқырмандарыма бірнеше рет әділ түрде байқаулар өткіздім. Ақшалай да, сый-сияпат түрінде де тарқаттым. Сондай-ақ қаламызда түрлі фаст-фуд, сущи секілді дәмханаларға кез келген ойын сауық орталықтарына жарнама түсіремін. Бұдан өзге қайырымдылық шарасын да ұйымдастырамын. Қор жинап, аудиторияммен бірлесіп, қаншама жанға қол ұшын созған күндерде болды. Оған оқырмандарым куә дер едім.

Қандай әлеуметтік желі табыспен қамта-масыз ете алады? Қазіргі таңда инстаграмдағы жазылушыларыңның саны қанша?

Бүгінгі күні Инстаграмда 188 мыңға жуық оқырманым бар. Тиктокта 700 мың оқырманға жетті. Жалпы әр платформаның өз ерекшеліктері, оқырмандары болады. Негізінде «инстаграм» ақша әкеледі. Бүгінде сол үшін әртүрлі салада блогерлердің қарасының көптігі де сол. Ал «Ютубер» деген термин Қазақстанға енді ғана еніп жатыр. Вайнер дегенді де екі-үш жыл бұрын ел не деп сұрайтын еді. Қазір біле бастады. Мысалы 2-3 жылдан кейін ютубер дегеннің не екенін білетін шығар. Көзін тапқан адамға ютуб жүргізсе де болады. Қазір түрлі үйретуші марафондар бар. Бұлай деуім ютубта табыс көзі бар. Ютубтың бір ыңғайлысы – қалай түсіремін десе де адамдар өзі біледі. Инстаграмда бар-жоғы әзіліңді минутқа сыйғызуың керек. Ал ютубта мұндай шектеу жоқ. Содан кейін ютубта көптеген әдістерді қолдануға болады. Өте ыңғайлы.

Азизхан жақында @aiufood.tur деп аталатын өзіңнің жеке кәсібінді аштың? Жалпы кәсіп ашу қиын ба?

Сөзің орынды. Әрине жеңіл еш нәрсе жоқ. Әр істің өз қиындықтары болады. Ал өзіңнің жеке кәсібіңді ашу кез келген пенденің арманы деп білемін. Осындай арман менде де болды. Шүкір, армандадым, мақсат қойдым және кәсібімді аштым. Бұл кәсіптің ашылуына инстаграмның да тиген үлесі бар. Алғашында осы инста желісінен табыс түсе бастағанда ойыма ең бірінші кәсіп ашуды мақсат тұттым. Қазір жаһандану заманында кез келген кәсіпті меңгеріп, түрлі жолдармен қол жеткізуге болады. Өзімнің @aiufood.tur деп аталатын шағын кафемде фри, крылышки, твистер, бургер секілді ас мәзірлері бар.
Кафенің ашылу күнінен бастап-ақ тұтыншылардың қарасы көбейді. Бір жағынан инстаграм әлеуметтік желі парақ-шамда мені бақылап отыратын аудиториям бар емес пе? Оқырмандар сториз функция-сынан (күнделікті телефонның арғы бетінен қарайтын) менің жаңалықтарымды бақылап отырады. Аудиториямның 70 пайызы түркістандықтар.

Ендігі кезекте қандай жоспарды көздеп отырсың?

Алдағы уақытта ютубқа көптеп жазылушы жинап, қолға алсам деймін. Әрі кәсібімнің аясын кеңейту болып отыр. Бұдан өзге Алматы қаласында да вайнер-блогер достарым бар. Алматыға барған сайын бірігіп, өтімді қызықты вайндар түсіреміз. Жақында ғана достарымызбен «Не план» деп аталатын сериалға түсіп қайттым. Көрсетілімін ютуб арнасынан тамашалауға болады.

Болашақ жастарға қандай кеңес бересің?

Жастарға тек пайдалы дүниемен айналысып, білім алсын деймін. Заманына сай өмір сүріп, ақпарат көздерін меңгеру керек. Вайнер-блогер болмай-ақ таргетолог (жарнама жасаушы), мобилограф (видио түсіруші), SMM (инстаграм парақшаны сауатты жүргізетіндер) т.б. секілді табыс әкелетін мамандықтарды меңгере білсе өздері үшін үлкен азық болмақ.

Арманың орындала берсін Азизхан! Сұхбат үшін көп рақмет!

Балдәурен ЖҰМАБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары