КӨМІР ТАПШЫЛЫҒЫ ҚОЛДАН ЖАСАЛЫП ОТЫР МА?

1  073 көрілім

    Өткен жылы желтоқсанда қала әкімдігі мен құзырлы органдар Түркістан қаласы толығымен көгілдір газға қосылды деп жариялады. Алайда, тұрмысы төмен отбасылары мен құжаттары өз дәрежесінде реттелмеген қала тұрғындары амалсыз көмір отынына көз сүзіп отыр.

    Қалаға жеткізілген «Шұбаркөл» мен «Майкөбе» көмірлерінің арасы жер мен көктей. Жақын маңдағы елді мекендерге жеткізіп беруші көлік иелері әр тоннасына 23-25 мың теңгеге дейін апарады. Жаз айларында қимылдамаған қала тұрғындары осындай қиындыққа тап болып отыр. Оның сыртында орталық базар маңындағы бөлшек саудаға шығарып, қапшықтап сататындар да бағаны көтеріп жіберген. Былтыр ірі көмірлері 1500 теңге болса, қазір екі мың теңгеге жеткен. Сапасыз Майкөбенің ағаш көмірінің бір қапшығы 1200 теңгеге сатылуда. Оны бақылап отырған ешкім жоқ. Себебі, алушы мен сатушының арасындағы келісім тек ауызша жүргізіледі. Ол үшін фискальды чек атаулыны талап етіп жатқандар да жоқ.

    «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС атқарушы директоры Нұржан Келбұғанов көмір тасымалдау тарифтерінің көтеріліп кетуіне ұлттық компанияның қатысы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, баға жыл сайын инфляцияға байланысты бір рет қана өсіп отырады. Ол жылдың басында өсті. ҚТЖ тарифі көмір бағасының 8%-ын құрайды. Мәселен, көмір 8 мың теңге тұрса, нүктеге дейін 9 мың теңгемен жетеді. Яғни, 1000 теңге қосылады. Тағы 1000 теңгені вагон иелері қосады. Сөйтіп шамамен 10 мың теңгемен жетуі керек. Алайда, мұндай баға көмірлі өңірлерге жақын маңдарда да жоқ. Дегенмен, көмір тасымалдауға қатысатын басқа да операторлар мен локомотив иелері де бар. Одан бөлек, кірме жолдары да өздерінің қызметіне ақы қосады. Бұдан кейін автокөлікпен жеткізіп берушілердің бағасы қосылады.

    «Осыдан баға бүгінгі күні 13 100 теңгені құрап отыр. Бұл «Шұбаркөлдің» бағасы, ал «Майкөбенің» көмірі Нұр-Сұлтанда 13 мың теңгеден тұр, – деп түсіндірді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» өкілі.

    Нұржан Келбұғанов осы жерде бір мәселе туындап отырғанын жасырмады. Мысалы, көлікпен көмірді таситындар бір рейске 20-25 мың теңге алады. Олар көмір өткізу орнынан 13 мың теңгеге алып, оны 25 мың теңгеге жеткізіп отыр. Яғни, темір жол 2 мың теңгемен әкелсе, 5 мың теңгені көлікпен таситын жекеменшік кәсіпкерлер қолдан жасап отыр. Бұл бағаларды тексеру біздің құзыретімізде емес. Яғни, көмірдің тұтынушы үйіне барғанға дейінгі баға неліктен 18 мыңға өсіп кететініне мониторинг жасау қажет, – деп түсіндірді ол.

    ҚТЖ-ның көмірді жеткізу құны көмір бағасының 8%-ынан аспайды. Яғни көмір бағасына қарай, 1000-1200 теңгені құрайды. Оның сөзінше, барлық кірме жолда көмір жеткілікті. Оны мониторинг топтары, оперативтік штаттар қадағалап отыр. Көмір тапшылығы бар дегенге қарсымын. Көмір бар, уақытында жеткізіліп жатыр. Халықтың қысқа дайындығының аздығы бар. Неге көмірді тамыздан бастап алмасқа? Себебі, көмір тамызда да, қыркүйекте де болды. Күн суытқанда ғана барлығы көмір алуға барады. Осылайша сұраныс аяқ астынан өсіп кетеді. Негізі жалпы вагонның тасымалы уақытылы жүргізіліп жатыр, – деп айтты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» өкілі. Оның сөзінше, «ҚТЖ» қысқа дайындық жұмыстарын мамыр айынан бастайды. Аймақтардың жергілікті биліктерімен жылыту маусымына дайындық жұмысы ерте пысықталған. Жаз айларынан бастап көмір түсіру жұмыстары басталып кеткен.

    Түркістанда жылу маусымы қарашаның 1-нен басталады. Ал, үйлерінде кішкентай балалары бар отбасылары қазірдің өзінде от жағуға мәжбүр. Газға қосылмағандары биыл да сапасыз көмір отынымен түтіндетіп, қаланың экологиясына зардап келтіруде.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы