ЖАҢА АУДАННЫҢ БІЛІМ САЛАСЫНДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ БАР?

868 көрілім

2021 жылдың наурыз айында Түркістан облысының құрамы Сауран ауданымен толықты. Аталмыш ауданға Шорнақ, Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Жүйнек, Жібек жолы, Иасcы, Қарашық, Майдантал, Оранғай, Үшқайық, Шаға ауылдық округтері кірген болатын. Осы аталған ауылдардың білім жүйесінде біршама мәселелер бар. Соған байланысты қазіргі таңда Саурандағы мектептердің жағдайы қалай, білім беру сапасы қай деңгейде екендігін толық білу мақсатында Сауран ауданының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековамен сұқбат құрдық.

Ақмарал Үсенқызы, Сауран ауданына қарасты мектептерді биыл қандай өзгерістер күтіп тұр?

Сауран ауданына қарасты 44 мектеп бар (оның 40 мемлекеттік мектептер). 1-қыркүйектен бастап аталған білім ордасының барлығы дәстүрлі форматта оқу жүйесіне көшті. Біздің бөлім 15 қыркүйекке дейін ауданға қарасты мектептердің жай-күйі жайлы толық мәлімет алып, жинақтады. Биыл 22 мыңнан астам бала оқуды дәстүрлі түрде бастағаны белгілі. Осы жылдың ең басты жаңалығы, Шаға ауылдық округінде 300 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бүгінде 568 оқушы Шағадағы су жаңа мектепте білім алуда. Сондай-ақ Ескі Иқан ауылында төртінші жаңа мектеп салынып, биыл қазан айында беріледі деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, апатты жағдайда тұрған мектептердің орнына жаңасын салу көзделуде. Сонымен қатар, ауданда бала санының жылдан жылға өсуіне байланысты үш ауысымға өту қауіпі бар мектептеріміз де бар. Мысалы Оранғай ауылдық округіндегі М.Әуезов мектебінде 1176 бала болса, биылғы көрсеткіш бала санының одан әрі арта түскенін көрсетіп отыр. Алдағы 5 жылдықта бұл көрсеткіш екі есеге өседі деп, жаңа мектеп сұраудамыз. Барлық мәселе қаржыға келіп тірелетіндіктен, нақты шешімін дөп басып айта алмай отырмыз. Жолдаған ұсынысымыздың ішінен кем дегенде бес мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қаралса соның өзі біз үшін үлкен жетістік болар еді.

Ауданға қарасты мектептер қаншалықты талаптарға сай? Қанша мектеп ішкі әжетхана, бейнебақылау камераларымен қамтылған?

Ауданға қарасты барлық мектепті біздің бөлім толықтай қарап, зерделеп шыққан болатын. Нәтижесінде 15 мектептің күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғандығы анықталды. Қазіргі таңда осы аталған он бес мектептің құжаттары жинақталып, қайта жөндеу жұмыстарына ұсыну әзірленіп жатыр. Ауданға қарасты 40 мектеп болса, оның отыз төрті толық бейнебақылау камераларымен қамтылған екен. Сауран ауданына келгелі барлық мектепті жіті бақылауда ұстап, жан-жақты талдау жасадық. Қазіргі таңда 12 ауылдық округ ішінде алты мектеп толық талаптарға сай болмай тұр. Бұл алты мектептің барлығы шағын-жинақты бастауыш мектептер. Бала саны да аз. Бірақ соған қарамастан бекітілген барлық нормаларды сақтауы тиіс. Осыған байланысты тиісті басқармаға модульді әжетхана орнатуды ұсынып, қаражат бөлуін сұрап отырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда бір айдың көлемінде бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

Биыл Президент Жолдауында мұғалімдердің біліктілігі мен мәртебесін көтеру жайлы бастамалар айтылды. Сондай-ақ кез келген оқытушы жаңа заман технологиясына бейімделуі керек делінді. Сауран ауданы мұғалімдері бұл талаптарға қаншалықты сай?

Жалпы педагог әр 5 жыл сайын өзінің біліктілігін арттырып отыруға міндетті. Қазіргі таңда мұғалімге көптеген талаптар қойылуда. Педагогтың біліктілігі нағыз онлайн оқу жүйесінде сыналды десем артық айтқандық емес. Былтыр індет басталған уақытпен тұспа-тұс келген оқу форматы осыны дәлелдеп берді. Себебі аудан мұғалімдерінің ішінде онлайн форматқа толық дайын болмағандары да болды. Онымен қоса, ата-ананың өзі бұл өзгерісті бірден қабылдай алмады. Аудан мұғалімдері 100 пайыз онлайн форматқа дайын болды деп кесіп айта алмаймын. Қолдарында ақпараттық коммуникациялық сертификаты барларының өзі онлайн оқытуда қиналды. Бұл қозғалыс мұғалім тек компьютерді меңгерсе болды деген ұғымды білдірмейді. Ол үздіксіз дамып отыруы тиіс. Алайда осынша қиындықтарға қарамастан Сауран ауданындағы мектеп мұғалімдері қарқынды жұмыс жасады. Былтырғы оқу жылындағы көрсеткіштер де жаман емес.

Сауран ауданында электр жүйесімен толық қамтылмаған, интернет желісі мүлдем ұстамайтын ауылдар бар. Пандемия уақытында осындай мектептер қалай онлайн форматта білім берді? Бұл мектептерді қалай бақылап отырдыңыздар?

Иә, интернет желісінің зардабын тартқан ауылдар болды. Осы жылғы індет шалғайда жатқан, кішігірім ауылдардың білім саласына көп зиянын тигізді. Біз ондай ауылдармен мобильді жүйе арқылы байланысып отырдық. Тіпті кейбір ауыл мектептері пошта арқылы тапсырма беріп, қабылдап отырды. Ал бала саны аз мектептер санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқыды. Одан бөлек ауданда білім алушы барлық бала оқуға қажетті техникалық құрал-саймандармен толық жабдықталған. Пандемия уақытында бірде бір бала сабақпен қамтылмай қалмады.

Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне басшылыққа келген бойда қандай кемшіліктер мен артықшылықты байқадыңыз?

Жоғарыда айтып өткенімдей ұстаздардың біліктілік көрсеткіші. Қазіргі таңда біздің бөлім ауыл мен қаладағы білім жүйесінің алшақтығын жоюға барлық күшін салып жатыр. Кешегі Жолдауда айтылған педагог мәртебесін көтеру, біліктілігін жетілдіру, дарынды оқушыларға арналған игі бастамалардың барлығы осы идеяға негізделген. Мысалы білім саласындағы биылғы өзгерістерді алып қарайық. Жәй ғана ҰБТ-ны жеңілдетіп, екі рет тапсыруға мүмкіндік берілгені оқушыларға оң әсерін тигізді. Нәтижесінде салыстырмалы түрде биыл көрсеткіш жақсара түсті. Енді ҰБТ-ның өзіне келер болсақ, алтын белгі иегеріне қойылар талаптар да күшейтілді. Осы мәртебені иемденгісі келетін кез келген оқушының жылдық қорытынды құжатында бірде бір төрттің болмауы бірінші кезекте ескерілетін болады. Бұл барлық жердегі білім саласындағы артықшылықтар. Ал кемшіліктерге келер болсақ, мектеп ғимаратының жай-күйі. Іске кіріскен мезетте Сауран ауданына қарасты күрделі жөндеуді талап етіп тұрған бірнеше мектепті қайта қалпына келтіруді қолға алдық. Бәрі бірден бола салмайтыны белгілі, алайда, қолымыздан келгенді жасап, тырысып бағудамыз.

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамыз! Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы