ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…

1  204 көрілім

Мектеп – білім ошағы.
Білімнің алтын діңгегін мығым ұстаған ол – ұстаз. Мен шындықты шынайылықпен мойындар болсам, ұстаз алдында өмір бойы борышты екенімді мойындар едім. Білім әлемінің сырын ашқан, білім бұлағының көзін ашқан, тарау – тарау тарихқа куә болған теңдесі жоқ мамандық – ол мұғалім.
Білімнің қайнар көзінен нәр беріп, сол бұлақтан тараған әрбір білім шырағының сөнбес сәуле, жарық жол сілтеген – ол да ұстаз. Ұстаз – ұлағатты есім.
Ол өз еңбегінің жемісін, еткен еселі еңбегінің, маңдай терінің рахатын кештеу көретін қарапайым мамандық иесі бола тұра, әр шәкіртіне зор сеніммен, үлкен үмітпен қарап, соның жемісі мен жеңісіне сабырлы түрде өз рахатын сезінетін парасат иесі. Баланың жан дүниесін түсініп, сабырлы ақылмен қателігін сездіре білу ол нағыз маманның қолынан келеді. Білімділік, ұстамдылық, мейірімділік, қиындығы мен қызығы қатар келетін, сыры мол мамандық иесі ұстазға тән. Шәкіртті мәңлігік білім нәрімен сусындату парасатты, ұлағатты ұстаздың бойынан табылатын қасиет.
Ұстаз алдында бойында иман, жүрегінде жалын нұры бар, санасында ой, жалынды жас, ақылды қария да тағзым етері ақиқат.
Өйткені, ұстаз сол қасиетті шырындай жинап, балдай етіп беретін ерекше мамандық. Ғұлама ғалым да, ақиық ақын да, қоғам қайраткері, қарапайым шаруа да ұстаздан нәр алған, білімін өз бойына сіңіре білгендер.
Ұстаз өз шәкіртіне сенім артады, үміт күтеді – бұл өмір заңы.
Өз Отанын сүюге, анасын ардақтауға, жер ананы сақтауға, жақсыны жарасымды етуге, болашаққа мейірім шапағатын төгетін ұрпақ тәрбиелеу тек сіздердің ғана бойларыңызда бар қасиет, ұлағатты ұстаздар.
Сол үшін мәңгілік шәкірт жүрегінде жазылатын есім – ол ұстаз.
Қалдырған ізің мәңгілік…
Ұрпақ тәрбиесінде, әдептілікті, имандылықты, қайырым мен ізеттілікті ұстаз ғана парасатты оймен жеткізе алады. Адамзатты теріс іс-әрекеттен жақсы ұстаздың жүрегінен шынайы сөйлеуі, мейірімді жанары, ақылы қайтара алады. Оған ұстаздың құдіреті ғана жетеді.
Ата – дәстүр, салт-сананы, адамгершілікті, аталы сөзден ғибрат алуды ұстаз аузынан құлағына құйған шәкірт – бүгінгі егеменді елдің болашағы. Тәлім – тәрбие нұрын сепкен шәкірттеріңіз тәуелсіз елдің көк байрағын әлемге танытар талантты жастар. Өмір деген өзенде білім кемесі жалындаған жастары, білімді ұрпақпен, еліміздің ертеңіне нық қадам басып, ұстаз берген білім дәнін сеуіп, биік асулардан асып жатса бұл ұстаз мерейінің биіктегені, жемісінің жеңісін көргені, еңбегінің жанғаны.
Еңбегі уақытында еленіп жатса, ұстаз үшін одан артық бақыт бола қоймас. Өкінішке орай еңбек жемісі кейде кешеуілдеп жатады…
Қадір мен қасиеттің иесі, асылдың киесі ұлағатты ұстаздар төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздерден бойына білім нәрін алған, мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын баланың болашағы үшін еткен еңбектеріңізді, ақыл – парасаттарыңызды бағалай білетін, ұстазын ұлықтаған шәкірттеріңіздің атынан мәңгілік тағзым.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға баянды бақыт тілеймін.

Дін-ақ тегі Құрманғазы ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» режиссері әрі көркемдік жетекшісі. ҚР Мәдениет қайраткері.
ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері».
Актер-режиссер

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы