ҚОҒАМДАҒЫ ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – МҰҒАЛІМДЕРГЕ ТЫҢ СЕРПІЛІС ӘКЕЛДІ

801 көрілім

Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық. Ондай мамандық иесі әрқашан да өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан маржандай тізілген ілтипат пен парасаттың өрнектері, әсемдік әлемі көрінетін, көкірегі жақсылыққа тола, мейірімді, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары адам болу керек.
Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте болсын, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне ¬рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді жауап бере аламын.
Сонымен қатар, Заңға сәйкес педагог білімін жетілдіріп отыруға, қайта даярлау курстарынан өтуге, біліктілігін мерзімінен бұрын көтеруіне болады. Екіншіден, Заңда педагогті материалдық ынталандыру көзделген. Заң аясында педагогтерге адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады. Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергі¬лікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді.
Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының мұғалімнен алған білімі. Білім саласындағы реформалар осыған басымдық бергенде ғана мұғалімнің шынайы мәртебесі анықталады. Қазір жалпы орта білім сапасы мұғалімнің оқушыны тоқсандық бағалауына негізделген статистикалық мәліметпен өлшенеді. Бірақ бұл жерде субъективті әртүрлі әсерлер болғандықтан оны нақты шынайы мәліметке жатқызуға келмейді. Дегенмен, мұғалімнің қазіргі жағдайы бұрынғыдан көп жақсарды деп айтуға болады.
Мұғалім толық мәртебеге білім саласындағы білім мен біліктілік сапасы шынайы анықталған уақытта ғана ие болады.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдерге серпіліс әкелді. Мұғалімнің құқы арнайы заңмен қорғалатын болды деген ақпарат мұғалімнің қоғам алдындағы еңсесін бір көтеріп тастағаны анық. Ал, заңда көрсетілген мұғалімнің құқығы «Білім туралы заңда», «Еңбек кодексінде», т.б. заңдарда да бұрыннан бар болатын. «Педагог мәртебесі туралы» Заң да осы заңдар қатарында жатып қалмауы үшін мұғалім өз құқығын заңмен қорғай білуі маңызды. Ол үшін мұғалім мектептегі басты тұлғаға айналып, мұғалімнің оқушыға сапалы білім беруіне барлық жағдай жасалынуға тиіс.

Жандос ТАСЫБАЕВ,
А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-
лицейі КММ-нің информатика пәнінің мұғалімі,
кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы