ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ

540 көрілім

  Түркістан өңірінде саналы ғұмырын   мәдениет саласына арнағандардың арасында Ирисқұл Аббазовтың есімі ерекше аталады. Өн бойынан  адалдық, әдептiлiк, инабаттылық, мейiрбандық, кiшiпейiлдiлiк, қарапайымдылық, қайырымдылық әсіресе ұқыптылық  қасиеттері есіліп тұратын Ирисқұл  қарияны көптен танимын. Қазақ және өзбек тілдерінде шығатын газетімізге бір жылға  жазылып,  екеуін де алдырып оқиды.  Газет редакциясына да жиі бас сұғып, келерінде   өзі мүшелік ететін қоғамдық кеңестердің тыныс-тіршілігі мен  өткен іс-шаралар туралы мағлұматтар дайындап, екі газетке де жазған мақалаларын әкеліп тұрады. 1966 жылдан бері қаламыздың 91 жылдық тарихы бар қарашаңырақ  «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің оқырманы болғанына  55 жыл болыпты.

Ендеше,  Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылындағы өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Ирисқұл ағаның өміржолына тоқталсақ.

Ирисқұл Аббасұлы Аббазов соғыстың қызған шағы 1943 жылы маусым айының 15 жұлдызында Ескi Иқан ауылында дүниеге келiптi. Ауылдағы орта мектептi үздiк бiтiрiп, Ташкент мемлекеттiк мәдени ағарту техникумын ойдағыдай тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын ауылдағы мектепте қызмет етуден бастапты. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, бiр жылдық кешкi партия мектебiн бiтiреді. Бұдан соң Ташкент мемлекеттiк мәдениет институтын, 1980 жылдары Қазақстан Компартиясы Марксизм – Ленинизм университетiн үздiк бiтiрген.
Ирисқұл аға туған жер төсiнде сан-салалы қызметтерге араласып, атқару, әкiмдiк басшылық салада, өндiрiстiк жалпы кәсiпкерлiк iстерде, мәдениет саласында абыройлы еңбек етті. Әсiресе, жастайынан қоғамдық жұмыстарға жаны құмар болып өстi. Нақтырақ тоқталып өтсек, 1966 – 1976 жылдары Иқан СРК (совхоз жұмысшылар кооперациясы) да түрлі лауазымды қызметтерде болды. 1976 – 1987 жылдары Партия XXIII съезі атындағы совхозына қатысты Миртемир атындағы мәдениет сарайының директоры, 1987 – 1993 жылдар аралығында Ескі Иқан ауылдық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1993 – 1999 жылдары Ескі Иқан ауыл әкімінің орынбасары, 1999 – 2002 жылдары «Ұлы қақпа» өндірістік кооперативі басқаруы төрағасының орынбасары, 2002 – 2007 жылдар аралығында мәдениет сарайының директоры лауазымдарында қызмет атқарды.
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дегендей, өзі туып өскен елдi мекеннiң мәдениетiне қосқан үлесі елдің есінде. 2002-2007 жылдар аралығында мәдениет сарайының директоры болып қайта қызмет атқарған кезі еңбекжолының ұмытылмас бiр белесi болды. Өйткені, сол тұста ауылдағы жалғыз мәдениет сарайынан айырылып қалу қауiпi күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдырып, жанына қатты батты. Жанына батпай қайтсін, Ирисқұл аға 1976 жылдан 10 жылдан аса көлемiнде Мәдениет сарайының басшысы болып қызмет еткен. Сол жылдар iшiнде талай мәдени iс-шаралар өткен. Бiрнеше өнерпаз жастар қанаттанып шыққан. Яғни көзге де, көңiлге де ыстық орта. Жалғыз ғимаратты қалайша көз алдында құрдымға кетiрмек. Сондықтан ұйқысыз түндер мен күлкiсiз күндердi бастан кешiруi заңды да. Елдің қамын ойлаған басшы сол тұстағы қала әкіміне ұсынысын қаймықпай жеткізеді. Бұл әрекетi нәтижесiз болмады. «Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына» дегендей, сол кездегi қала әкiмi М.Әлиев азаматтық танытып, қомақты қаржы бөлдi. Міне осылай, өзі жанашырлық танытуының арқасында қарбаласқан құрылыс жұмысы басталып, аз уақыттың ішінде мәдениет сарайы қайта түрленіп, жанданды. Бұл жағдай бүгінгі тілмен айтуға оңай болғанмен, сол кезде осындай игі тірлікті атқару ерлікке пара пар іс болатын. Бұл ағаның көптiң алғысын алып, мәртебесi өсiп, бақытқа бөленген шақтарының жарқын кезеңiнiң бiрi едi. Осылай елдің алғысына бөленіп, мәртебеге кенеліп, ел ағасы атанды.
Қаламыздың мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі алғыс хаттар мен мақтау грамоталарына ие болды. Әсіресе, 2006 жылы мәдениет саласындағы аса зор табыстары және жоғары ұйымдастырушылық қабілеті үшін «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағына ие болуы еңбегінің орынды бағаланғаны деуімізге болады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына ұзақ жылдар бойы сіңірген жемісті еңбегі үшін «Алтын күз – 2012» төсбелгісі, «Дустлик» ҚР өзбектері ассоциациясының ең жоғары атағы – «Жамоат фахрийси» медалі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағы, «Өнегелі азамат» төсбелгісі, Түркістан қаласының «Құрметті ақсақалы» медалі ел ағасының омырауында жарқырап тұр.
Ирисқұл Аббазов зейнеткерлікке шықса да елмен етене араласып, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, Ескі Иқан ауылындағы өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы қоғамдық жұмысын атқарып келеді. Айта кетейік, облыстық ақсақалдар алқасы қала жұртшылығы арасында сауапты iстерге мұрындық болып, қайырымдылық, ел болған соң ағайын, туыстар ренжiсiп қалатын жағдайлар да кездесiп жатады, сондай жағдайда ушықтырмай бiтiмгерлiкке шақырып татуластырып жiберудi де дұрыс жолға қоя бiлуде. Бүгінгі таңда облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде көптеген іс-шараларға қатысып, болашағымыз жастардың тәрбиесі, ұлтаралық достық жайлы тұшымды ойлары мен келелі әңгімелерін айтып келеді.
«Тіл көзіміз тасқа» дейік, жасы сексеннің сеңгіріне жақындап қалған қария түркі халықтарының ортақ ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаидың көптеген ғазалдарын (өлеңдерін) нақышына келтіре жатқа оқиды. Әсіресе, «Келмади», «Топмадим», «Дилоромимға айт», «Булғун санга» сияқты ғазалдарын тебіреніспен оқығанда, жүректерге жеткізіп оқитынына көзіңіз жетеді. Одан бөлек, Әлішер Науаи драмасынан «Науаи монологы», «Бай мен батрак» драмасынан Ғафур монологын, «Отелло» трагедиясынан Отелло монологын, «Гамлет» трагедиясынан Гамлет монологын, армян ақыны Исаакянның «Ана жүрегі» өлеңін, Еркін Вахидовтың «Ымдо» поэмасынан үзінділер, Миртемірдің «Қазағым», Абдулла Ариповтың «Муножатты тыңдап» өлеңдерін, Хафиз Шерозийдің «Ае сақий…» атты ғазалын, Өзбекстан халық әртісі Еркін Камиловтың «Ешкім таңдамас ата-ананы…» атты өлеңін жатқа мәнерлеп оқығанда тыңдаушының құлақ құрышы қанады.
Ирисқұл аға отбасына да қамқоршы, тiлеуқор әке, асыл жар бола бiлдi. Құдай қосқан қосағы Минтоха Мұхаммадинқызы екеуi алтын асықтай 5 перзентке тәлім-тәрбие беріп, өнегелі отбасын құруларына жағдай жасады.
-Қазақ еліне, қазақ жеріне, қазақ халқына алғысым шексіз. Сонымен қатар, осындай пейілі кең халықтың ортасында өмір сүріп жатқаныма, бірге қоғамдық жұмыстарды атқарып жүргеніме шүкіршілік етемін. Мен осы киелі Түркістан қаласында дүниеге келдім. Менің отаным – Қазақстан. Жерім, халқым, отбасым, Отаным үшін 50 жылдан астам адал еңбек етіп келемін. Құдай қосқан қосағым, марқұм Минтоха Мұхаммадинқызының өмірден өткеніне 4 жылдан асты. Өмірімнің жалғасы бес ұлым мен бес келінім бар. Олардан тараған 13 немерелерім мен 5 шөберем бiрiнен-бiрi тәттi.
Біз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың дана, көрегенді саясатының арқасында ұлтына, нәсіліне, дініне қарамастан қазақ халқымен ағайын, жора-жолдас, құда-жегжат, әріптес болып өмір сүріп жатқанымызды ұрпақтарымызға да насихаттап отырамыз,- деп өзінің ыстық ықыласын, жылы лебізін жеткізді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деп атап көрсетті. Сол себепті де өркениетті ұлт тарихымен, өнерімен, мәдениетімен бағаланады. Қасиетті өлкенің мәдениет саласының өркендеуі мен елдігімізді, рухани қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында атқарылған ауқымды жұмыстар қатарында Ирисқұл Аббасұлының да қосқан үлесі бар.
Осындай өз iсiне берiлген азаматтарды бүгiнгi және кейiнгi ұрпақтарға үлгi етуiмiз керек. Сондықтан болар, Елбасымыздың «Алдыңғы толқын аға буын! Сiздердiң көрегендiктерiңiз бен өмiрлiк тәжiрибелерiңiз кейiнгi буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септiгiн тигiзедi» деп айтқан сөзі осындай көптi көрген, көкейге түйген ағаларға айтылса керек.
Ендеше, осынау 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесінде қазыналы ағамызға тамыры терең бәйтеректей болып, ортамызда аман-сау жүре беріңіз демекпіз.

Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы