ӘУЕЗОВ МҰРАСЫ ҒАСЫР ЖҮГІН АРҚАЛАП ТҰР

834 көрілім

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айтулы тұлғалардың өмір жолын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Біз бүгін қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазған қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мұхиттай терең білімі, дариядай тасыған ой-өрісі, артына қалдырған эпикалық мол мұрасы туралы сөз өрбітеміз.

Қыркүйектің 28-інде қазақтың біртуар ұлдары Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев дүниеге келген күн. Шерхан мен Оралхан туралы әлі де айтыла жатар. Ал, Мұхтар Әуезовтің мұхиттай терең білімі, дариядай тасыған ой-өрісі, артына қалдырған эпикалық мол мұрасы туралы қысқаша сөз өрбітсек.
Мұхтар Әуезов ХХ- ғасырдың құрдасы деп айтуға әбден болады. Себебі, ол өз шығармашылығында қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің ең бір түйінді тұстарын ашып көрсетті. Оның бай көркем әдеби, ғылыми және публицистикалық мұрасы шығармашылық қуатының тұрақты ізденістер мен тынымсыз ауыр еңбекпен ұштасқан ғажайып ойларының жемісі деуге болады. Мұхтар Әуезовтің қазіргі заманғы қазақ әдебиеті, кәсіби прозаның қалыптасуы, ұлттық драматургия мен театрдың, отандық фольклор мен әдебиет зерттеуін дамытудағы атқарған негізгі ролін жалпы халық аса жоғары бағалады.
М.О.Әуезовтің шығармашылығы мен қоғамдық қызметі бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы республикаларда ғана емес, алыс шетелдерге де та-нымал болды. Ұлы қазақ жазушы-сының романдары, повестері мен әңгімелері әлемнің 50- ден астам тілдеріне аударылды. М.Әуезовтің шығармалары таяу және алыс шетелдерде, әртүрлі құрылықтарда да миллиондаған данамен басылып жатты. Көптеген шетелдік сыншы-лардың пайымдауынша, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпикалық романы қазақ халқының өмірі мен тұрмысын баяндаған энциклопе-диялық шығарма ғана емес, әлем әдебиетінің жауһарына айналды.
Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы әдеби көктегі жарық жұлдыздың туғандығын айғақтады. Ол көркем-эстетикалық шеберлігі, поэтикалық образының бай екендігін, жетілген әдеби композициясын, батыс пен шығыс көркем әдеби дәстүрінің жібек жіптей жіңішке синтездік үйлесімділігін, жалпы адамзат құндылықтарының ең жоғарғы шыңына жеткізіп, философиялық таным-түсініктің далалық кең байтақ ұғымын асқан пайым-парасатымен суреттей білді.
Бұл көпжақты көркем полотно тарихи, биографиялық, философиялық, әлеуметтік романдар мен «шығармашылық туралы роман», «суретші туралы роман», «тәрбиелеуші роман» сынды әлем әдебиетінің үздік дәстүрін бойына сіңірді. Оның сыртында, Мұхтар Әуезов бұл әдеби-зерттеу еңбегі арқылы тағдырдың тәлкегіне көп ұшыраған туған халқының тарихын толығымен қалпына келтірді. Тарихи жадын адасқандардың түрлі болжамдары мен жаңсақ пікірлердің қалың тұманынан аршып, арылтып, ұлы ақынның өмірі туралы естеліктер мен мәліметтерді ел аузынан бір түйірлеп жинап, ұлттық батырымыз – Абайдың өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын толығымен қалпына келтірді.
Мәселен, Мұхтар Әуезов басты кейіпкердің өмірі, ойы және талғам-түйсігі мен түсінігі арқылы қазақ халқының бір ғасырлық тарихы мен дәстүрлі тұрмысын, адамгершілігі мен рухани даму үдерісін жарқырата көрсетті. Осы шығарманың арқасында жер шарының көптеген халықтары қазақ деген ел бар екендігін танып, біліп, оның қилы өмір тарихымен танысты.
Қазақстан ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтпаев жазушының аса зор еңбегін жоғары бағалады. «Терең шабыт пен ауыр шығармашылық еңбектің нәтижесінде XIX -ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі мен тұрмысының сан алуан қырларын тамыршыдай тап-басып, асқан шығармашылықпен энциклопедиялық шынайы тарихын жасады, соның нәтижесінде «Абай» романы дүниеге келді…».
Сонымен қатар, әлемнің көптеген елдері қазақ халқымен танысып қана қоймай, осы халықтың үздік өкілі Абай образы арқылы қазақ халқы туралы таным көкжиегін кеңейтті. Осы арқылы Мұхтар Әуезов эпопеясымен әлемдік қоғамдық таным-түсінігін сол кездің өзінде Қазақстанның тәуелсіздігін тануға әзірлей бастаса, қазіргі таңда да, ғаламшарлық идеологияда үлкен рөл атқарады. Эпикалық тақырыптың тамаша шешімін табуы Мұхтар Әуезовтің романының танымалдығын одан сайын танытып, даңқын асыра түсті. Автордың көзінің тірісінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, әдеби сыншылардың және жазушылардың ерекше қызығушылығын туғызып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
М.Әуезов көптеген шетелдік жазушылар мен әдеби сыншылармен, ғалымдармен достық, шығармашылық және іскерлік қарым-қатынас орнатты. Ол ұзақ жылдары Франциялық Луи Арагон, Германиялық Анна Зегерс, АҚШ-тан Артур Миллер, Жапониядан Масахаро Танако секілді жазушылармен жеке байланыстар орнатып, хат-хабар алмасып отырды. Мұны Алматыдағы «Әуезов үйі» Ғылыми- мәдени орталығының мұрағатындағы хаттар мен жеделхаттар растайды. Оның шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуы белсенді қоғамдық жұмыспен айналысуынан да байқалды. М. О. Әуезов СССР Жазушылар Одағының Президиумы, Лениндік сыйлық комитетінің, Бейбітшілікті сақтау советтік комитетінің, Азия және Африка елдері жазушылары ынтымақтастығының Советтік комитеті, Қазақстан ғылым Академиясы Президиумының мүшесі болды. Қазақстан Жоғарғы Советінің екі мәрте депутаты атанды. Оның сыртында басқа да қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына, жазушылар одағының съездеріне, пленумдарына, халықаралық форумдарға белсене қатысты.
Әуезов шығармашылығы феномені оның мұрасына оқырмандар мен әдебиетшілер тарапынан тұрақты қызығушылықты өсіріп қана қоймай, олардың қатары күн санап арта түсуде. Бұл өз кезегінде оның шығармашылығының уақыт сынынан сүрінбей өтіп, әлем әдеби мұрасының жауһарына айналып, алтын қорына енгендігінен көрініс тапты.
Қазіргі таңда Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алған тұсында әлемнің көптеген елдерімен тікелей, тұрақты ғылыми және мәдени қарым-қатынас орнатуға байланысты әлемдік шығармашылық үдерістегі жаңа ағымдарды пайымдау мақсатында халықаралық деңгейдегі танымалдыққа ие М. О. Әуезовтың шығармасымен танысуға мол мүмкіндік ашылды.
Соңғы жылдары «Әуезов үйі» қолжазба қоры мен мұрағатында М. О. Әуезов өмірбаяны мен шы-ғармашылығын зерттеуге маманданған АҚШ, Ұлыбритания, Фран-ция, Жапония және басқа да мем-лекеттердің көптеген ғалымдары мен әдебиетшілері жұмыс жасады.
Әуезов шығармашылығының халықаралық танымалдыққа ие болуының жарқын көрінісі 1997 жылы М. О. Әуезовтің 100-жылдық мерейтойының ЮНЕСКО аясында әлем бойынша тойлануы. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Академиясының Жалпы жиналысының көптеген шетелдік мамандардың қатысуымен (Франция) Парижде ЮНЕСКО штаб пәтерінде халықаралық коллоквиумы, ТҮРКСОЙ ұйымдастыруымен (Түркия) Анкарада халықаралық конференция, Индияның әдебиет пен өнер Академиясы ұйымдастырған (Индия) Делидегі ғылыми конференциясын ерекше атап өтуге болады. Осы және басқа да мерейтойлық іс шараларда шетелдік ғалымдардың жасаған баяндамалары, әдеби-сын мақалалары, шетелдік авторлардың пікірлерін бір жүйеге келтіріп, отандық ғылымның айналымына енгізетін уақыт келді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы