Түркістандық Тұрсынбек Тойлыбаевты Алматы қаласының прокуроры биылғы сәуірдің 6-сында ақтады. 35 жылға созылған қуғын-сүргін басылды.
Басынан бастап баяндасақ, Тұрсынбек Тойлыбаев 1960 жылы 25 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Жүйнек ауылында дүниеге келді. Абай ауылындағы Абай атындағы мектепті 1978 жылы бітірді. 1980-1982 жылдары әскери азаматтық борышын өтеді. Әскерден келген соң Кентау құс фабрикасына жұмысқа орналасты. Содан 1985 жылға дейін жылжымалы өндірістік құрылыс кәсіпорнында жұмысшы болып істеді. Осы жылы С.К. Киров атындағы университеттің заң факультетінің дайындық бөліміне оқуға түсті. 1986 жылы осы оқу орнының заң факультетіне бірінші курсқа студент болып қабылданды. Желтоқсанның 16-18 күндері болған оқиғаға байланысты ұлтшылдар деген жаламен №4-611 бұйрықпен оқудан шығарылды. 1989 жылы қайтадан осы аталған оқу орнына №4-539 бұйрықпен оқуын жалғастырды. Осы аталған оқу орнын 1994 жылы бітіріп, заңгер мамандығын алды. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын- сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабы негізінде Тұрсынбек Тойлыбаев саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады.
Мен өзімді қызыл империяның сұрқия саясатының құрбанымын деп есептеймін. 1986 жылы 17- желтоқсанда Пушкин атындағы кітапханада курстық жұмыс жазып отырғанмын. Сыртта айғай шу болып кеткесін шықсам, жастар легі орталық алаңға қарай шұбырып барады. Алаңның шетіне келіп қарасам, жастар мен мұздай қаруланған әскер мидай араласып, қырылысып жатыр екен. Бір қызды шашынан тартып, ішінен теуіп, арқасынан қолшоқпармен ұрған кезде, жеңіл күртесі қақ айрылды. Жетіп бардым да, ештеңеге қарамай солдаттарды шашып үлгердім. Армияда жекпе -жектен екі мәрте чемпион атанған едім. Соным жүзеге асты. Сол-сол ақ екен солдаттар қызды тастай салып, бәрі маған жабыла кетті. Әлі күнге дейін таң қаламын. Жап-жас жігіттерде не деген ашу-ыза! Үстімдегі киімімнің дал-дұлын шығарды. Жақын маңдағы субұрқақтың ортасына қарай қашып үлгердім. Субұрқақтың ішінде мұз болып қалған судың ортасында тұрып қалдым. Олар суды кешуге батпады. Сол кезде басқа жақтағы топқа қарай тұра жүгірген сәтін пайдаланып қашып үлгердім, – дейді Тұрсынбек Тойлыбаев.
Жатақханаға қайтып келген соң, жігіттерді жинап алып: «Ана алаңда қазақ қыздарының шашын жұлып, сабап жатқанда, қарап тұруға болмайды. «Жүріңдер» деп өзі бастап, түнгі бірде сыртқа шығуға ұмтылады. Жатақхана есігі сыртынан жабулы. Екінші қабаттан секірген студенттердің бәрін полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері түгел ұстап алып, түні бойы тергеп, 17 желтоқсанда бәрін оқудан шығарып, көрпе-төсектерін жиып алып, жатақханадан да қуып шықты.
Содан қуғын -сүргін басталған. Қазақстандағы ең озық бір ғана университеттің 25 жастағы зіңгіттей болашақ заңгері туған жеріне де сыймай, Қарт Қаратаудың Жылаған ата әулие маңындағы шоғыр-шоғыр орманды төрт жыл паналап, түздің тағысына айналды.
Айтуға ғана оңай. Төрт жыл тау-тасты паналап, адамның әсіресе ауылдастарыңның көзіне түспей, қамығып, ағайындарыңды сағынып, жаныңды шүберекке түйіп жүрудің азап екенін екінің бірі түсіне бермейді.
Орманшылар ғана менің жанымды түсінді. Қаратау орман бөлімшесінің бастығы Бимахан Оразбақовтың қолында орманшылар шаруашылығына мінетін жылқыларды бақтым. Аздап көмектесіп тұрды. Бір күлше нанды он күндей талғажау еткен күнім болды. Сақал-шашым әбден өсіп кеткен. Төрт жылдан кейін ауылға келгенімде балалар диуана шал деп үрпиіп қарағанда, туған апам ғана құшағына басып өксіп жылады.
Отыз бес жыл жүрегіме шемен болып қатқан шерімді шығарып, Алматы қаласының прокурорының орынбасары Н. Ракишев 2021 жылғы сәуірдің 6-сында ақтады. Онда былай деп жазылған. «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен 23.02.2021 жылы берілген №Т-127 жт мұрағаттық анықтамасына сәйкес, Т. Тойлыбаев С. М. Киров атындағы университетінің 23.12.1986 жылғы №4-611 бұйрығымен Алма-Ата қаласындағы 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оқу орнынан шығарылған.
1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының 10-бабы негізінде 25.09.1960 жылы туған Тұрсынбек Тойлыбаев саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады.
Ал, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі Ерлан Әукеновтен келген хатта былай деп жауап жазады.
«ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сіздің «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңы аясында жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұсынылатын әлеуметтік жеңілдіктер бойынша ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың атына жазған өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды.
Жоғарыда көрсетілген Заңның 24-бабы аясында саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының, сондай-ақ аталған Заңға сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдар:
қамауда болған, жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеген, айдауда болған, арнайы қоныстарда бостандығын шектей отырып, мәжбүрлеп еңбекке тартылған және психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емделген уақыттарын зейнетақы алу үшін еңбек стажына – үш еселенген мөлшерде есептеуге;
кезекті еңбек демалысын өздеріне қолайлы уақытта алуға, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуға;
жекешелендіру купондарын сақтай отырып, тұрғын үй-жайды меншікке тегін алуға;
бірінші кезекте телефон орнатуға;
бау-бақша қоғамдарына және тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне бірінші кезекте кіруге;
қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлерге бірінші кезекте орналасуға, олар ҚР заңдарына сәйкес толық мемлекеттік қамсыздандыру жағдайында тұруға;
протез –ортопедиялық бұйымдарымен жеңілдікті қамтамасыз етуге;
ақталуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқылы.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, мүгедек болып қалған және зейнеткер болып табылатын, саяси қуғын-сүргіндер салдарынан зардап шеккен адамдарға «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес, тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерге, жанармайға, телефонды пайдалануға, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, оптикалық көзілдірікке, барлық көлік құралдарымен жүруге, жергілікті мерзімді басылымның біреуіне жазылу шығындарын төлеуге арналған шығындарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Қазіргі таңда саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға басқа әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдерге қарамастан ай сайын 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2021 жылы -3121 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Жоғарыда аталған жеңілдіктерді алу үшін Қазақстан Республикасының прокуратура органымен берілген ақтау туралы анықтама негіз болып табылады.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың әкімдері құзыреті шегінде және тиісті қаражатты тарта отырып, азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсынады. Мереке және атаулы күндерге, оның ішінде 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында, бір реттік әлеуметтік көмек және көмектің басқа да түрлерін ұсына алады.
Бұл ретте ұсынылатын әлеуметтік көмек тізбесі және оның мөлшері әр аймақта жергілікті өкілетті органның (мәслихат) шешімі бойынша бюджеттің мүмкіндігіне байланысты белгіленетінін хабарлаймыз».
Ал, енді осы заңды құжаттарды қолтықтап қала әкімдігі мен мәслихатқа барған Тұрсынбек Толыбаевтың маңдайы тасқа тигендей болды.
Сонда, қала әкімі мен мәслихат Президент Тоқаевтың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шешімдерін, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңын неге орындамай отыр деген заңды сұрақ туады. Қазіргі таңда Түркістанда 16 адам Желтоқсан оқиғасының құрбандары тұрады. Олардың 12-сі әлі күнге дейін ақталған жоқ.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай осы қиындықты көрген боздақтардың бәріне республика бойынша кешірім жариялауға да болады деп ойлаймыз.
Ескендір ЕРТАЙ