ҚҰРАҚ – ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР

1  633 көрілім

Құрақ өнердің қайнар көзі дейді дана халқымыз. Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің карапайым да қайталанбас түрі қиыстырып құрақ қию және одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйым жасауы. Қасиетті қазақ халқымыздың, соның ішінде, әйел адамдардың қолдарынан шыққан қолөнер туындыларының тарихы өте тереңде жатыр. Қазақтың ісмер әйелдері құрақ көрпе, құрақ бөстек, құрақ кеудеше және құрақ ойыншықтарға дейін жасап, керемет нәрселердің қарапайым тәсілмен-ақ жасалатынын ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп келеді. Негізінде құрақтың екі жүзден аса түрі бар. Соның ішінде, төртбұрыш, сегіз ай, мүйіз құрақ, қиықша құрақ, үшбұрыш, аққу, жұлдызша, гүл құрағы, сегіз жапырақ, тұмарша түрлері ел ішінде кеңінен тараған.

Құрақ көрпе дүрия, батсайы, тоғын, шағи, шәлі, жібек, сәтен, атлас т.б матадан жасалып, сырты кестеленеді. Құрақ құрау оңай іс емес, ол білім мен шыдамдылықты, табандылықты, көзбен жақсы шамалауды, сан алуан түстердің бір бірімен жарасым тауып, бояулар сырын білетін жан болу керек. Құрақтың тағы бір бағалы болуының дәлелі – қазақ қыз жасауының құрақ көрпесіз елестету мүмкін еместігінде. Ұзатылатын қыз жасауын ажарландырып, көздің жауын алатын өте бағалы бұйымдардың қатарында құрақ көрпе, құрақ жастықтың да өзіндік орны бар. Дәстүрлі қолөнер заманауи жаңа заманға сай жаңа технологиялармен тығыз сабақтасып, дамып келеді. Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазынасының бірі. Ол келер ұрпақ тәрбиесінде баланың ой санасына жаңа заман талаптарымен үндесе тарап, ақыл ойды асқарға, қиялды-қияға жетелейтін киелі мұра.

Гүлнұр ТОРЖАН

«Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы