Қазіргі кезде қашықтан көрсетілетін қызметтерді пайдалануды үйреніп, заманауи цифрлық құрылғылар арқылы банктық операцияларды телефонмен басқара алатын жағдайға жеттік. Пайдасы уақытыңызды үнемдейсіз. Қатты қажет болып тұрған уақытта үйден шықпай-ақ кредит ала аласыз. Бұл істің «бірағы» да бар. Жақсы мен жаман қатар жүреді демекші, қара ниетті адамдар да мүмкіндікті жібермеуде.
Жұмысқа күнделікті қоғамдық көлікпен келемін. Жұмысқа жеткенше біраз адамның басындағы оқиғасын естіп отырасың. Арасында пікір де алмасып қаласың. Биыл ұмытпасам наурыз айы болар, автобуспен келе жатқанмын қасымда отырған келіншек сөз бастады. Уайымдап отырғаны дауысынан білініп тұрды. Ол кісіге түнде банктің атынан хабарласып, «Сіздің банктық карточкаңызға қауіп төніп тұр, болдырмау үшін пароліңізді айтып жіберіңіз» деген соң түнгі уақытта қайда барады, амал жоқ асып-сасып отырып паролін айтып қойыпты. Таңертең тұра салып банкке бара жатқан беті екен. Көлік ішіндегі адамдар келіншектің сөзінен кейін, соңғы кездері алаяқтар осылай банк қызметкері болып телефон соғатын жағдайлар көбейіп кеткендігін айтып жатты. Ұрылар да психолог, адамдарға түнге қарай хабарласады.
Тағы бір болған жағдай, «сіздің шотыңызға менің ақшам түсіп кетті, қайта жіберіңізші» деп түскен сумманы телефонмен хабарласып, карточкасының немесе телефон номерін айтып аудартып алып, адамдарды қарызға батырып кеткенін де естіген едік. Адамдар алданғанын банктен кредитіңізді неге төлемейсіз дегеннен кейін ғана біліп жатады. Ақкөңіл адамдар өте көп екендігін осыдан-ақ білуге болады. Біреу хабарласып менің ақшам сізге түсіп кетті десе ойланбай аударып жіберетіндердің бірі мен шығармын.
Осы орын алған жағдайларға байланысты «Halyk Bank» банк қызметін пайдаланушыларды сақ болуға шақырды. Осы ескертуден кейін өз басым сақтанып жүретін болдым.
Бір кездері адамдар процентке ақша беріп, пайда табу кең етек алған еді. Біреулер пайдасын көрсе, біреулер пайызы түгілі өз ақшасын ала алмай қалған болатын. Дұрысы депозитке салу.
Өзім көптен «Halyk Bank» қызметін пайдаланып жүрмін. Банктің «стандартты» немесе «универсалды» деп аталатын депозиттері көңілімнен шығады. Бұл депозиттерге белгілі бір қаржы саласыз да, үстіне толықтырып отыруға, керек кезінде алып отыруға болатын артықшылығы бар. Оның үстіне қаражатты үйде сақтау тиімсіз. Қолыңызда тұрған қаражатты керек-жараққа жаратып жібересіз. Қалтаңызда жүрген ақшаның жаратылып кеткенін байқамай да қаласыз. Сондықтан менің түйгенім «ақша ақшаны шақырады» дегендей сенімді банктердің депозитіне салып отырсаңыз үстіне үстеме ақша қосылады, әрі уайымсыз отырасыз. Қаржылық сауатымыздың төмендігінен келеңсіз жайттарға тап болып жатамыз. Эльмира АРТЫҚБАЕВА