«Латын графикасына негізделген жаңа әліпби – тілдің жаңаша жаңғыруы». «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» демекші, латын графикасына көшкенді қолдаймын. Бұл біздің егемендігіміздің бір нышаны болып табылады. Қазақ ұлтының жеңісі, түркі тектес елдермен еркін сөйлесу. Сөздің түбірі мен үндестік заңын сақтай отырып, сөздерді дұрыс айтуды қалыптастыру. Осы латын графикасына негізделген ұлттық әліпбидің жаңа нұсқасы жарияланған болатын. 2019-жылғы 16-24 қыркүйек аралығында «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы тренерлерді дайындауға арналған 72 сағаттық республикалық курстан өткен болатынмын. Қазіргі таңда қала тұрғындарына, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне жаңа емлені түсіндіріп, таныстырып, қолдағдысын қалыптастыра отырып, әріптердің жазылуын, 5 диакритикалық таңбаларға ерекше тоқталып, сабақ барысында меңгерту үстіндеміз. Қызметкерлер аса қызығушылықпен, жазып меңгеріп жатыр.
Бұл жобаның тарихи негізі бар. Себебі халықтың ұлттық санасына сақталған «ескі латын» әліпбиіндегі таңбалар ескерілген. Тіл жанашырларының артында халық тұр. Халықымыздың санын да, сапасын да өсіріп тілімізді шұбарламай сақтап қалуымыз сіз бен біздің қолымызда. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ұлтқа қызмет етсек, болашақ үшін ең ауқымды мәселе. Тілге келгенде мән бермей қарап жүре берсек, ертең кеш қалып жүретінімізге кім кепіл.
Кирилл негізде жазылған шығармалар шығарылып тасталмайды. Баспаханалар IT бағдарламаларды халықтан бұрын меңгеріп, кітапты оқырманға бұрын ұсынып отырады. Қазіргі таңда мүмкіндіктер өте көп. Тек ынта керек. Бұған тек әліпби ауысады деп қарамауымыз керек. Қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, төл әліпбиіміз болады деген сөз. Қазақ тілін құтты тұғырына қондыру бүгіннен ертеңге қалдырмайтын актуалды маңызды мәселе. Көрнекті мемлекет қайраткері ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлтқа 4 нәрсе керек Тіл, діл, менталитет және жазу». Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс.
Айжан БАЙМАХАНОВА
«Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ «Тілдерді оқыту дамыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі оқытушысы.
