«Шебердің жасаған дүниелері көпшілікке ортақ» деген сөз ғой бұл. Қолы ортақ болса, жұрттың бәрі шебер болып кетпей ме? Қазақ қашаннан бір сөзбен мың мағына беріп, жұрттың «миын айналдырған» ойлы халық. Ол бөлек әңгіме. Енді негізгі тақырыпқа келсек, біздің музейде «қолы ортақ» шеберлердің біршама дүниелері бар. Алдымен аз-маз ұсталардың өзімен таныс болғанымыз абзал болар.
Абай Рысбаев! Түркістан тұрмақ, бүкіл қазақ елі біледі деп білеміз бұл есімді. Өйткені ол кісі – «құмыраның құдайы». Абай ағаның азан шақырып қойған аты – Абайхан. Өзі осы өңірдің тумасы. Тумысынан шеберге тән тіршілікпен тірлік кешкен. Кішкентай кезінде балшықтан жобалап мүсіндер жасауы, онысын ата-анасының бағалауы – қызық бір хикая. Ағамыз мүсін жасағанда, басқаны ұмытса да, бір нәрсені ешқашан ұмытпайды екен. «Әй, қалқам-ау, мынауың не?» десе, бала Абай ағамыз: «Не, олар далаға шықпайтын «бадабоздың» бөшкесі ма не?» – дейтін көрінеді…
Осы қасиет Абайхан шебердің бойында сол күйі сақталған. Не жасаса да, бір түйір таңбасын қалдырмай, тарихи деректен таймай,тап-тұйнақтай қылып дүниелерін жасайды. Бүгінде бірнеше халықаралық қолөнерші құмырашылардың жеңімпазы, Абайхан ұстаның әрбір құмырасы – бір тарих.
Асан Атаханов ағамыз да, кішкене күнінде, ұйықтап жатып, қаламсаппен айналасын шимайлап тастайды екен. Ата-анасы анықтап қараса, жай шимай емес, «бай шимай» көрінеді. Киіз үй, тайқазан, әртүрлі әлеметтердің силуэт-сызбалары болып шығады. «Болар бала – боғынан» деген тіркес бұл жерге келе ме, келмей ме, білмедік. Бірақ болатын бала – бала күнінен-ақ, бірдеңелерді «бүлдіріп» жүрмей ме өзі?
Ал енді марқұм Тасболат Сүйінбаев ағамыздың жөні бөлек. Бұл кісі – ерші, шежіреші, жас шеберлердің дем беруші данасы. Ер шабу – қазақтың атам заманнан келе жатқан кәсібі. Осыны сол күйінде меңгерген, алтынмен тең көрген атақты ұсталардың бірі және бірегейі осы Тасболат ағамыз. Ер ағаштан шабылса, оның сырты терімен қапталып, қайыңның қабығымен тоздалады. Осы үдерістерді бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, бүгінге жеткізген Тасболат ағаға қалайша тәнті болмассың!
Міне, осы кісілердің көз майын тауысып, өз қолдарымен жасаған және сыйға тартқан жауһар дүниелері біздің музейде тұр. Нағыз мырзалар ғой, иә?!
Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ
С.Ерубаев атындағы музейдің қызметкері.
