Мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі күші – бәсекеге қабілетті жас буын. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, халықаралық аренада еркін құлаш сермеуі тікелей жастарға байланысты болмақ. Сондықтан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Мемлекетіміз қоғамдық ортада жастардың қысылмай өмір сүруіне айрықша назар аударып келеді.
Кез келген жұмыс беруші қоластында тәжірибелі маманның болғанын қалайтыны анық. Бұл тұрғыда еліміз жас мамандарды жұмыспен қамтуға бағыттайтын «Жастар тәжірибесі» атты мемлекеттік бағдарлама қолға алынған. Биыл Түркістан қаласында 2374 адам аталмыш жобаға қызығушылық танытқан. Оның ішінде 379-ы жұмыспен қамтылып үлгерген. Алты адам осы жоба арқылы жолдама алып, келісілген мерзім біткеннен кейін тұрақты түрде жұмысқа орналасқан. Қаншама жылдан бері аталмыш бағдарлама нәтижесі түрлі саладағы жастардың бағын ашып келеді. Мәселен, Гүлдерай Тінейбекова жоғары оқу орнын бітіре салысымен «жастар тәжірибесі» бағдарламасына ойланбастан жүгінген. Бүгінде білікті жас маман Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент баспасөз бөлімінде жұмыс жасауда. Жұмысқа деген алғашқы қадамын «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында бастаған жас маманмен ой бөлісіп, сұқбаттасып көрдік.
– Гүлдерай, «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыс жасау барысында таңдауың неге Түркістанға түсті?
– Мен биыл ғана оқуды бітірдім. Өзім Түркістан облысына қарасты Шәуілдірдің тумасымын. Оқуды бітіре салысымен дипломды қолыма алып, «жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасуды көздедім. Ондағы мақсатым, тарихи шаһар Түркістан қаласында қалып, қызмет ету. Осы жерде бақандай 5 жыл оқыдым. Түркістанның әрбір қиылысы мен үшін таныс. Оның үстіне соңғы жылдары Түркістанның мерейi артып, гүлдене түсті. Облыс орталығы мәртебесін иемденіп, көзтартар түрлі ғимараттар бой көтерді. Осы қозғалыстың бәрі мені баурап алды. Күллі Түркі жұртшылығы үшін киелі саналатын рухани орда болашағына міндетті түрде қолтаңбам қалуы керек деп шештім. Түркістан дәл қазіргі уақытта, біз секілді жастардың аянбай жұмыс жасайтын ордасы. Сол себепті таңдауым осы қалаға түсті.
– «Жастар тәжірибесіне» жүгінбес алдын өз бетіңше жұмыс қарап көрдің бе? Тікелей жұмысқа орналасу жастар үшін қиындық тудырады ма?
– Жоғары оқу орнын бітіріп, қолыма дипломды алған соң өз мамандығым бойынша жұмыс іздеп, біраз мекеменің табалдырығын тоздырдым. Барлық жер еңбек өтілін сұрады. Оқуды жаңа бітірген жас маманда еңбек өтілі қайдан болсын. Тіпті жарты айлыққа тәжірибе жинау үшін де ешқандай мекеме жұмысқа алмайтынын білдім. Мен есігін қаққан мекеме басшылығының көбісі «жастар тәжірибесімен» келуімді сұрады. Нәтижесінде, өзім армандаған жұмыс орнына жолдама алып, жұмыс жасаудамын. Жұмыс тәжірибесі мүлде жоқ, мен секілді жас маманға өз бетінше жұмыс табу өте қиын.
– Жоба арқылы жұмысқа орналасу барысында құжаттарды әзірлеу, дайындау, өткізуде кедергілер болды ма?
– Ешқандай қиындық болмады. Тіпті құжат тапсыру, әзірлеудің өзі оңай. Көп уақытты да алмайды. Жұмыссыздыққа тіркелген бойда жолдамамды алып, жұмысқа кірісіп кеттім. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына бар жоғы үш құжат қажет. Жеке басыңызды анықтайтын төлқұжат, диплом, бар болған жағдайда еңбек кітапшасы.
– Сенің ойыңша, «Жастар тәжірибесі» жобасының тиімді тұсы не?
– Жаңа айтып өткенімдей, тәжірибе жинақтау. Бұл жоба 6 ай уақытты қамтиды. Осы аралықта біріншіден, кәсібіңді терең меңгересің, екіншіден, еңбек өтіліңе жазылады. Біздің тілмен айтқанда, бұл жоба алты ай біліміңді шыңдайтын үлкен практика. Осы аралықта өзіңді көрсетіп, ары қарай тұрақты түрде жұмысқа қалуға мүмкіндік зор.
– «Жастар тәжірибесі» жобасында қандай кемшілік бар? Қолыңнан келіп жатса, нені өзгертер едің?
– Қағазбастылықты жоятын едім. Бітпейтін қағаздар. Әр айдың соңында есеп беру мақсатында толтырылатын кесте. Осының бәрі қолды байлайды. Қазіргі таңда бәрі электронды нұсқаға өтіп жатса да, қағазбен сандалу әлі жойылмаған. Бірінші осыны өзгертетін едім.
– Шыныңды айтшы, жобада белгіленген қаржы күн-көрісіңе жетеді ме?
– Жасыратыны жоқ, «Жастар тәжірибесіне» бекітілген айлық мөлшері аз. Әрине, қазіргі таңда ондай айлықпен өмір сүре алмайсың. Алайда, жұмыссыз бос жүріп, табыссыз отырғаннан әлде қайда тиімді. Меніңше, жастар бұл жобаны ақшасы үшін емес, тәжірибе жинақтау үшін қолданғаны абзал. Себебі кез келген мекеме еңбек өтілі жоқ маманды жұмысқа қабылдағысы келмейді. Білімің артып, тәжірибең ұлғайған сайын қаржы мәселесі өзі-ақ шешімін табады. Ең бастысы, дипломды қолға алғаннан кейін тоқтап қалмай, аянбай еңбек ету.
-Өзің секілді жастарға не айтасың?
– Оқу бітіргеннен кейін жұмыссыз қалып қоймаса екен. Алған білімін одан әрі шыңдап, мемлекет үшін қызмет етуге тырыссын. Әсіресе, Түркістан жастары нағыз күш салатын уақыты келді. Түркістандық білімді жастарды қаламыздың өркендеуі үшін жұмыс жасауға шақырамын.
– Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңа көп рақмет. Алдағы өміріңе сәттілік тілеймін!
Ғ.ДҮЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ
